ҚР сенат аппаратының экс-жетекшісі Ержан Өтембаев мезгілінен бұрын шартты түрде еркіндікке шығатын болды

Күні: 18:36, 07-11-2014.

Астана. 7 қараша. ҚазТАГ - Бауыржан Мұқанов. Астана соты саясаткер Алтынбек Сәрсенбаевтың өлтірілуіне себепкерлігі үшін 13 жылға сотталған ҚР сенат аппаратының экс-жетекшісі Ержан Өтембаевты мезгілінен бұрын шартты түрде еркіндікке шығару туралы шешім шығарды, деп хабарлады агенттік тілшісі.
«Сот қаулы етті: мезгілінен бұрын бостандыққа шығару туралы Өтембаевтың өтініші қанағаттандырылсын. Жазасын өтеп жатқан Өтембаевты, (...) өтелмей қалған 4 жыл 2 ай 29 күн мезігілінен бұрын шартты түрде босатылсын», - деді Астананың қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сот судьясы Ербол Рахымбеков жұма күні сот отырысында.
«Сот шартты түрде мезгілінен бұрын босатуға ҚР ҚК 70 бабында көрсетілген барлық талаптарды Өтембаев орындады деп есептейді.  Шартты түрде мезгілінен бұрын босануға құқық беретін жазаның бекітілген бөлігін өткергенін, оның құқықтық дұрыс тәртібін, еңбекке деген тыңғылықтығын, келтірген зиянды толтыру шараларын қабылдау, көркемөнер ұйымдарына, мекеменің тәрбие шараларына белсенді қатысуын ескерер отырып, сот Өтембаев жазасын толығымен өтеуді қажет етпейді деп есептейді», - деді ол.  
Еске салсақ, 2006 жылы 13 ақпанда 11 сағат 40 минутта Алматы облысының Талғар ауданындағы «Көктөбе» ауылы мен «12 бригада» ауылы арасындағы жол жиегінде оқ тиіп өлген Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның жүргізушісі Василий Журавлевтің және оққағары Бауыржан Байбосынның денелері табылған болатын.
25 ақпанда Қазақстанның сенат аппаратының басшысы Ержан Өтембавтың қамауға алынғандығы туралы хабар пайда болды.
2 наурызда Ержан Өтембаев Алтынбек Сәрсенбавтың өліміне қатысы барын мойындады.
Ержан Өтембаев үш өлімнің бас тапсырыс берушісі ретінде 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның орындаушысы Рустам Ибрагимовқа жазаның ең жоғары шарасы тағайындалды, алайда ол Қазақстандағы өлім жазасына мораторий жариялануына байланысты жүзеге асырылған жоқ. «Арыстан» ҰҚК арнайы бөлімшесінің жауынгерлері мен осы іске қатысы бар басқа да адамдар ұзақ мерзімге бас бостандықтарынан айырылды.
2012 жылы 16 сәуірде Р. Ибраимов ҚР Жоғарғы сотына жүгініп, Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырыс беруші Ержан Өтембаев емес, Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаев деп мәлім етті.
Е. Өтембаевтың ісі қайта қаралып, 2014 жылы 3 ақпанда ол адам өлтіруге тапсырыс беруші емес, қолқабыс етуші деп танылып, оның жазасы 13 жыл бас бостандығынан айрыу мерзіміне дейін қысқартылды.


Жаңалықтармен бөлісу: