ҚР Қытаймен автобус, жолаушылар пойызы мен әуе хабарламасы тасымалын уақытша тоқтатты

Астана. 29 қаңтар. ҚазТАГ – ҚР Қытаймен автобус, жолаушылар пойызы мен әуе хабарламасы тасымалын уақытша тоқтатты, деп хабарлады ҚР премьер-министрінің баспасөз қызметінен.
«ҚР Үкіметі жанындағы ведомствоаралық комиссия Қазақстан аумағында коронавирустың таралуына жол бермеу бойынша бірқатар қосымша қорғану шараларын қабылдады: 2020 жылғы 29 қаңтардан бастап ҚР мен ҚХР арасында жолаушылар автобусының тасымалы уақытша тоқтатылды; 2020 жылғы 1 ақпаннан бастап ҚР мен ҚХР арасында жүретін жолаушылар пойыздарының бағдары уақытша тоқтатылады; 2020 жылғы 3 ақпаннан бастап ҚР мен ҚХР арасындағы жүйелі әуе қатынасы уақытша тоқтатылады; ҚХР азаматтарына визалар беру тоқтатылды», - делінген сәрсенбідегі хабарда.
Хабарда атап өтілгендей, ведомствоаралық комиссия жағдайды тәуліктік режимде қадағалауда.
«Биылғы 29 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасында коронавирус инфекциясымен сырқаттану оқиғасы тіркелмеген. Аталған мәселе ел басшылығының ерекше бақылауына алынған», - делінген хабарда.
Еске салсақ, 2019 жылдың желтоқсан айының аяғында Қытайда этиологиясы белгісіз пневмонияның өршуі орын алды. Соңғы ақпарға сәйкес, қазір 2.7 мың науқас тіркеліп, олардың 80-і көз жұмған. Көптеген елдер, соның ішінде Қазақстанда да пневмонияның өршуіне орай әуежайлар мен шекаралық бақылау-өткізу пункттерінде бақылауды күшейтті. Сыртқы істер министрлігі қазақстандықтарға коронавирустың таралуына орай Ухань қаласына барудан бас тарта тұруға кеңес білдірді. Соңғы ақпар бойынша, Қазақстан 61 қазақстандық студентті алып кету үшін ұшақпен баруға Қытайдың келісімін күтіп отыр.
26 қаңтарда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдан Қазақстан аумағына коронавирустың таралуын болдырмаудың алдын алу үшін ұйымдастырушылық шараларын қабылдауды тапсырды. Сол күні Қазақстан көрші елден ел аумағына вирустың кіріп кетуінің алдын алу мақсатында «Қорғас» халықаралық шекарамаңы ынтымақтастық орталығы (ХШЫО) және Қытаймен мемлекеттік шекара маңындағы барлық бақылау-өткізу пункттерін уақытша жапты. Кейін белгілі болғандай, «Қорғас» ШЫХО коронавирус профилактикасы мақсатында 15 ақпанға дейін жабылды.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің жанынан cаll-орталық (1406, +7 717 2 76 80 43) іске қосылды. Азаматтар осы нөмірлерге тәулік бойына хабарласып, әлемдегі коронавирусқа қатысты ахуал жайлы және аурудың негізгі белгілері мен алдын алу шараларына байланысты ақпарат ала алады. Бұған қоса, ел билігі қазақстандықтарға әзірге Қытайға барудан бас тарта тұруға кеңес беруде.
ҚР Сыртқы істер министрлігінде де ҚХР-дағы коронавирус мәселелері бойынша қауырт желілер ашылды. Жұмыс уақытында Қазақстан азаматтары келесі нөмірлер бойынша хабарласа алады: +7 (7172) 72-05-49, +7 (7172) 72-01-98, +7 (7172) 72-04-93. Жұмыстан тыс уақытта және демалыс күндері +7 (7172) 72-01-11 нөмірі бойынша хабарласуға болады.
Сондай-ақ, ҚазТАГ ХАА хабарлағандай, Қазақстан коронавирусты әлеуметтік мәні бар қауіпті аурулар тізіміне енгізді.

adimage