Алматы. 28 ақпан. ҚазТАГ – ЕДБ жиынтық активтері 2019 жылдың басынан бері 0,1% төмендеп, 25,213 трлн теңге болды, деп хабарлады ҚР Ұлттық банк баспасөз қызметінен.
«Банк секторының жиынтық активтері 2019 жылғы 1 ақпанда 25 213,6 млрд теңгені (2019 жылдың басынан бері азаю 0,1%) құрады. Активтердің құрылымында ең көп үлес кредиттерге – 48,2%, бағалы қағаздар портфеліне – 20,8%, қолма-қол ақша, аффинирленген бағалы металдар мен корреспонденттік шоттарға – 13,6% тиесілі», - делінген хабарда.
Бұл ретте 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар кредиттер (NPL) 1 068,2 млрд теңгені немесе несие портфелінің 8,1%-ын құрады..
«Несие портфелі бойынша провизиялар 1 887,6 млрд теңге немесе несие портфелінің 14,4%-ы (2019 жылдың басында – 1 776,6 млрд теңге немесе 12,9%) мөлшерінде қалыптасты», - делінген хабарда.
Банк секторының жиынтық міндеттемелерінің мөлшері 2019 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша 22 093,7 млрд теңгені (2019 жылдың басынан бастап 0,6%-ға азаю) құрады.
«Банктер міндеттемелерінің құрылымында ең жоғары үлесті клиенттердің салымдары – 77,1%-ды, айналысқа шығарылған бағалы қағаздар – 7,6%-ды, басқа банктерден және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардан алынған қарыздар – 4,0%-ды иеленеді. Жиынтық міндеттемелерде банктердің Қазақстан Республикасының бейрезиденттері алдындағы міндеттемелері 2019 жылдың басымен салыстырғанда 6,24%-дан 3,22%-ға дейін немесе 1 328,0 млрд теңгеге төмендеді», - делінген хабарда.
2019 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша банк секторының жиынтық меншікті капиталы 2019 жылғы қаңтарда 3,2%-ға ұлғайып, 3 119,9 млрд теңге болды.
«Таза пайда (табыс салығын төлегеннен кейін ағымдағы кірістердің ағымдағы шығыстардан асуы) 104,7 млрд теңгені құрады. Екінші деңгейдегі банктердің таза пайыздық маржасы және пайыздық спрэді 2019 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша тиісінше 5,0% және 3,9% болды», - делінген ақпарда.
2019 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының банк секторында 28 банк жұмыс істейді.
ҚР жиынтық активтері 2019 жылдың басында 0,1% төмендеді
