Рейнхард Хесс: Еуропалықтар құмырсқа сияқты қатармен жүріп, униформа кигісі келмейді

Алматы. 20 қазан. ҚазТАГ - Мәдина Әлімханова. Өзара экономикалық мүдделер мен мәдени және діни айырмашылықтарды келіссөздер арқылы еңсеріп отыру мүмкіндігі алда үшінші дүниежүзілік соғыс орын алу ықтималдығын азайтады, деп есептейді Фрайбурск университетінің профессоры Рейнхард Хесс. Бірақ, оның ойынша, адамзат баласында қарулы қақтығыстар толығымен жойылады деп сенуіне де жөн жоқ. Осы және басқалар туралы ҚазТАГ тілшісіне немістердің көне оқу орнының ғалымы айтып берді.

 - Жекелеген өңірлерде үнемі қақтығыстар болып, соғыс оты тұтанып отырады. Ал баз бір жерлерде әр түрлі мәдениет пен әр түрлі дін өкілдері тамаша тату-тәтті өмір сүреді және өздерінің арасындағы айырмашылық туралы ойланбайды да. Себебі неде?

 - Украинада да шамамен сондай оқиғалар болып жатыр. Егер онда кімнен де оның ұлты туралы сұрасаңыз, онда адамдар көбіне қиналмастан бұл сұраққа жауап береді. Олар: «Мен орыс ураиндықпын» немесе «Мен украиндық орыспын» деп жауап береді. Адамдардың көбіне ол маңызды емес. Кеңестер одағында да ұлты маңызды болмайтын. Ұлттар болатын. Әркімнің төлқұжатында оның ұлты - қазақ, неміс, орыс және т.б. деп көрсетілетін. КСРО-да 1 млн немістер тұратын. Оларда КСРО төлқұжаты болатын және онда олар Қазақ ССР-де мекен ететін ұлттары неміс деп көрсетілетін. Бірақ ол туралы ешкім ойланбайтын және оған қатысты қандай да заң қабылдайын демейтін. Ұлтқа назар салу - демократияның қайғылы салдары, ол сонау Француз революциясынан бастау алады. «Демократия» сөзі гректердің «халық билігі» деген ұғымынан алынған: демос - халық және кратос - билік. Француз халқы елдегі билікті басып алып, ел басқарамыз деп шешті. Демократияны орнатуға әрекеттенгенде сол билікті жүзеге асыратын халық болуы керек. Аталған жағдайда олар французша сөйлейтін адамдар болды, олар біртұтас халық деп есептелді. Әрине, қандай да ұлтқа телінбеген демократия да болады. Мысалы, мен Швейцарияда тұрамын, және онда көптеген немістер, француздар, итальяндықтар тұрады, дегенмен Швейцария - демократиялық мемлекет. Бірақ, бұл ерекше жағдай деп ойлаймын, ал көбінде бүртұтас ұлт маңызды. Демократия дегеніміз - халық билігі. Оны халық қалай іске асыра алады? Парламент арқылы. Парламент дегеніміз «сөйлеу», олар бір-бірімен сөйлеседі, сондықтан ортақ тіл қажет элемент болып табылады. Мен де Қазақстан парламентінің мүшесі бола алмаймын, себебі мен ол елдің азаматы емеспін, және мұнда орыс және қазақ тілдерінде сөйлейді, ал мен ол тілдерді білмеймін. Тіл білмесеңіз оның еш мағанасы жоқ, мен не туралы сөйлесіп жатқанын ұғынғым келсе, тіл үйренуім керек. Сондықтан, демократия бір жағынан тілді пайдалану арқылы ұлттық өзіндік сананы оятады, бірақ, ол екінші жағынан кейде ұлтшылдық көріністерге де әкеледі. Бұл медальдың екінші жағы деп ойлаймын. Жақсы жағы - демократияны дамыту оңай, себебі адамдар бір-бірімен бір тілде сөйлей алады, ал нашар жағы - бір тілде сөйлейтін адамдар бір топқа жатады, бірақ бұл тілде сөйлемейтіндерді олар бөтендер деп есептеуі мүмкін. Кеңестер одағында ондай оқиғалар болмайтын, бірақ КСРО демократиялық мемлекет емес еді. Есесіне адамдар бір біріне қарсы қоятын топтарға бөлінбейтін, жаманды-жақсылы бейбіт өмір сүретін. КСРО-да да ұлтаралық шиеленістер болатын, бірақ ондай оқиғалар аз болатын, және жағдай Еуропадағы ұлт аралық қақтығыстарға қарағанда жеңілдеу болатын. Ұлтшылдық феномені - демократияның екінші жағы, оның жаман, қараңғы жағы, оның қасыреті. 

 - Бірақ көптеген елдердің Конституциясы кез келген дискриминацияға тыйым салады ғой - тіл бөтендігі, ұлтына, діни жаттығына қарамай. Онда неге демократияның осы қараңғы жағы әлі өмір сүріп келеді? 

 - Бұл жерде бірнеше қыры бар деп ойлаймын. Олардың бірі - еуропа аумағында дәстүрлі түрде мекен ететін ұлттық азшылық. Мысалы солтүстік Италияда неміс азшылығы - триолдықтар мекен етеді, ал Германияда даниялықтардың азшылығы, Берлин мен Австрияда славян азшылығы, венгрлер мен немістер - Румынияда, Испания мен Францияда баскілер азшылығы т.б. мекен етеді. Бұл дәстүрлі азшылықтарға қатысты еуропалық елдер олардың құқықтарын қорғайтындай қанағаттанарлық келісімге келді. Және ол қорғау тек қағаз жүзінде ғана емес, шын мәнісінде жұмыс атқарады. Мысалы, Италияның солтүстігінде тұратын немістер, тирольдықтар, өздерінің мәдени, саяси және басқа да құқықтары туралы Риммен тыңғылықты келісімге отырған. Басқа да азшылықтарға қатысты жағдай осындай, мысалы, Белгиядағы неміс азшылығына қатысты. Әрине, демократиялық елдердегі азшылықтың негізгі проблемасы - бәрін көпшілік шешеді. Мысалы, қазір каталондықтардың көпшілігі Испаниядан бөлініп кеткісі келеді. Ал үкімет олар, егер бүкіл ел халқының басым көпшілігі оны қалайтын болса, бөлініп кетуіне болады дейді. Және ол каталондықтар үшін проблема. Олар бұл мәселені бүкіл ел халқының пікірінсіз, өздері ғана шешкісі келеді. Бұл демократиялық елдердің проблемасы және ол ұлттық азшылық құқықтары саласында жасалатын өзара келісім арқылы шешіледі. Сол үшін кейде шиеленістер туындап, зорлық орын алады. Түптеп келгенде, ұлттық азшылықтарға қатысты қандай да ережелер дайындалуы керек, және олар заң жүзінде бекітілуі керек. Бұл Еуропадағы дәстүрлі азшылықтарға қатысты айтқанда. 

 - Ал дәстүрлі емес азшылық туралы айтсақ ше?

 - Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін, 60-шы жылдары, Германия өнеркәсіпшілдері үкіметтен Германияға шетелдік жұмыс күштерін көптеп тартуға рұқсат сұрады. Оларға қарапайым қол жұмысымен айналысатын жұмысшылар керек еді. Үкімет оған қолдау білдірді. Бірнеше елге, оның ішінде Түркияға рекрутерлер барып, шетелдік жұмыс күштерін тартты. Ондаған мың адамдар келді. Қазір Германияда 2,5 млн-дай түріктер мен 600 мыңдай күрдтер тұрады. Бұл ретте ең басынан бастап үлкен қателік жіберілді - ешқандай жоспар болмады, ешкім де алда не боларын білмеді. Бұрынғы министрден бір кездері сұрапты: «Сізде тұжырымдама болған, келешекте осы адамдардың тағдыры не болады? Олар Германияда қанша бола алады? Мәңге ма? Бір жыл? 10 жыл? Оларға өздерінің отбасыларын әкелуге рұқсат етейік пе? Немесе отбасылары сәл кейін келуіне бола ма? Сіздің жоспарыңыз қандай еді? Олар тірі адамдар, олар алда не күтіп тұрғанын білулері керек», - деп. Ешқандай жоспар болмай шықты. Бар болғаны жұмысшылар келді. Мен бір кездері 5 жыл Бразилияда жұмыс жасадым. Мені Бразилияның бір университеті шақыртты. Бірақ олар өздерінің министрліктеріне қажет мамандықты таба алмай жатқандығын, сондықтан мені шақырып отырғанын дәлелдеулері керек еді. Министрлік бұл ақпаратты тексереді (бәлкім, тексермеген де болар, бірақ формальды түрде процедура сақталды), тек содан соң ғана мені 5 жылға шақырды. Мен келістім және бес жыл істеп қайттым. Егер германиялық үкімет түркия жұмысшыларын белгілі бір мерзімге шақырған болса, жағдай болжауға көнер еді. Онда ол Түркия жұмысшылары үшін де Германиялықтар үшін де жарасымды болар еді. Бірақ олай болмады. Енді Германияда 3 млн-ға жақын Түркия жұмысшылары бар және онымен белгілі проблемалар байланысты. 

 - Қандай проблемалар? 

 - Проблемалар елеулі емес, құдайға шүкір. Бұл азшылық өкілдері онша діндар емес, олар фанатиктер емес, олардың көбі жұмыс істейді, олар қылмыс жасамайды, қарақшылық топтарға жиналмайды, аздап болса да қоғамға сіңіскен. Зорлық-зомбылық, азаматтық соғыстар, адам өлтіру т.б. жоқ. Бірақ білім беруге қатысты проблемалар бар. Келген жұмысшылар қарапайым жұмыстарын атқарды. Олар көбіне шалғай ауылдардан, қоғамның төменгі сатысынан келген, қараңғы адамдар болатын. Олар өздерінің балаларына білім беруге мүдделі болды. Кейін олардың отбасылары, балалары келді, енді Германияда оқушылардың басым көпшілігі түрік балаларынан тұратын мектептер көп. Мен барған бір мектепте 20 оқушының 15-сі түрік балалары екен. Ондағы балалардың ата-аналары кейде балаларының білімдері қандай екендігімен жұмысы жоқ. Ондай оқушылардың оқу үлгерімі жоқ, кейбіреулері немісше сөйлей де алмайды. Оған қоса түріктер мен күржтердің арасындағы қақтығыс деген бар. Сіз Түркияда жағдай қандай екенін көріп отырсыз - зорлық, адам өлтіру және т.б. Және сол проблема, аздап болса да, Германияға да әкелінді. Одан басқа, Германияда ирандық азшылық та бар, шамамен 200 мыңдай. Германияға шах режимінде тұрғысы келмеген ирандықтар көшіп келді. Олардың көбінің жоғарғы білімі болды - дәрігерлер, инженерлер. Олар немісше тамаша сөйлейді, және олар балаларын оқытқысы келеді. Және оларға қатысты ешқандай проблема туындаған емес. Сондықтан адамдардың бір тобы екіншілерінен өзгеше. Олардан басқа Босния мен Герцеговиния және Албания мұсылмандары бар, бірақ олардың саны азшылықта. Араб елдерінің мұсылмандары, Пәкістан мен Сирия мұсылмандары бар. Көп жылдан бері Германия үкіметі мұсылман жұртшылығымен диалог орнатпақшы. Бірақ ол қауымдастық құрамы жағынан әр келкі. Олар біртұтас ұйым құруы, өздерінің атынан сөз сөйлей алатын және үкіметпен келіссөздер жасай алатын бір өкілді таңдап алуы қиын. Бірақ ол проблемалар қоғамды тұрақсыздандырмайды. Бәлкім, Франциядағы жағдай басқаша шығар, себебі олардағы мұсылмандардың басым көпшілігі араб елдерінен және олардың көпшілігі бұрындары француздардың колониясында мекен еткен, сондықтан олардың қарым-қатынасы басқаша. Тағы бір маңызды тұсы, түркиялық азшылық елдерінде билік басында Кемаль Ататүрік болған кезде Германияға келді. Ол 20-30 жылдары түрік қоғамын түбегейлі өзгеріске ұшыратты. Ол адамдарды зайырлы қоғам заңдарымен өмір сүруге, еуропалықтарша киінуге міндеттеді, паранжы киюге тыйым салды. Мұндай құбылыс Францияға келген араб мемлекеттерінде болған емес. Сондықтан Франция мұсылмандарының Германия мұсылмандарынан айырмашылығы бар. Сондықтан әр елдегі жағдай әр түрлі. 

 - Егер Еуропада азшылықтың құқықтары сақтаып отырған болса, неге Шотландия Англиядан ал Каталония Испаниядан т.б. бөлінгісі келді? 

 - Ол сауалға әмбебап, бірыңғай жауап жоқ деп ойлаймын. Шотландиядағы жағдай басқа мемлекеттердегіден айырмашылығы бар, айталық, баскілердегіден немесе солтүстік Италиядағыдан өзгеше. Шотландықтар мен ағылшындардың ара қатынасының тарихы терең, онда соғыс та болды, діни айырмашылық та болды (шотландықтардың басым көпшілігі католиктер де, ал ағылшындар - англичандықтар - ҚазТАГ). Одан басқа, индустриалдау кезеңінде ағылшындардың аристократиясы шотландықтарды төмен әлеуметтік деңгейге ысырып тастады. Ағылшындар Шотландиядағы ормандарды шауып тастады. Егер сіз бүгіндері Шотландияға барсаңыз, онда негізінен жайылымдар мен оларда жайылып жүрген қойларды көресіз. Бірақ ол әр кез осындай болмаған, бір кездері онда орман қалың болатын. Бірақ олар ағылшындардың өнеркәсіп кәсіпорындарына отын ретінде жағылып кетті. Ал босаған жерлерге ағылшындар қой өсіріп, оның жүнін өңдеді. Осы күнге дейін Шотландия ірі жүн өндіруші, ал индустриалдану кезеңінде ол ағылшындардың тоқыма өнеркәсібіне шикізат жеткізіп отырды. Сондықтан шотландықтар ұзақ уақыт езгіде болды, бірақ ағылшындарда емес, ағылшындардың билік басындағы топқа - аристократтарға, өнеркәсіпшілерге езгіде болды. Енді Шотландияда мұнай бар, және бұл шотландықтардың өз-өздерімен өмір сүруге деген ұмтылыстарына қатты әсер етіп отыр. Олар өз-өздерін қамтамасыз ете алады, олардың өз өнеркәсібі бар, және егер Англия Еуропалық одақтан шығар болса, Шотландия онда қалуы мүмкін. Көптеген себептер Ұлыбританиядан бөліну әрекеттерінің іске аспай қалуына алып келді. Шотландия бар, солтүстік Италия бар, Каталония бар, баскілер бар, чехтар мен словактардың да елдері бар. Менің ойымша бұл Еуропалық одақтың көтерілуіне берілген жауап. Еуропалық одақ бәрін теңестіруге тырысуда, ол адамдарды Брюссельде қабылданған заң бойынша өмір сүргіздірмекші. Мұның басында Еуропаның ірі кәсіпорындары тұр, олар барлық еуропалық қауымдастыққа ереже орнатып отыр. Осы ретте халықтың өз ерекшелігін сақтап қалуға тырысатыны түсінікті, олар құмырсқа болғысы келмейді, форма киіп, сап түзеуге ниеттері жоқ. Олар өз беттерінше өз мәдени және ұлттық құндылықтарын сақтай отырып еркін өмір сүргісі келеді. Бұл еуропалық қоғамдағы орталықтандыру үрдісіне жауап. 

 - Бүгінгі әлемде бір-біріне қарама-қарсы екі үрдіс байқалып отыр. Бірі өздері құрамына кіретін мемлекеттерден бөлінгісі келсе, енді бір мемлекеттер мемлекетаралық одақтарға бірігуде. Нәтижесінде, қандай үрдіс алдағы 10 жылдықта басым болады?

 - Менің ойымша жағдай осылай қала береді. Орталықтандыру да жалғасады, осы ретте өзінің ерекшелігін сақтап қалу үшін бөліну де жалғаса береді. Бірінші үрдіс жалғасады, себебі оның артында экономикалық мүдде бар. Компанияның жұмысқа адам алуы үшін, тауарды сатуы үшін жұмыс істей алатын неғұрлым үлкен кеңістік болғаны жөн, бұл экономика үшін де жақсы. Ал, бұл кеңістік тарылған сайын бұл компаниялар үшін қолайсыз. Бұл ірі компаниялардың мүддесі үшін. Аталмыш үрдістің өз кемшіліктері де бар, себебі ол демократияға көлеңке түсіреді - онда демократия жәй сәндік үшін, ал шын мәнінде билік ірі компаниялардың қолында. Менің ойымша бұл негізгі қауіп. Және бұл үрдіс қарама-қайшы даралану үрдісін тудырады Мұндай даралану тек символикалық тұрғыда немесе тек мәдениет, зияткерлік деңгейде ғана жүреді. Кішігірім қауымдастықтардың экономикалық конгломератқа қарсы тұра алатындай қауқары жоқ. Мүмкін дүмпулер болатын да шығар, алайда айту қиын. Алайда бұл екі үрдіс қатар дамитын болады, олардың арасындағы қарсылық та сақталады, жалпы алдағы 20 жылдықта бір нәрсе өзгеруі екіталай.

 - Неге Оңтүстік - Шығыс Азия елдері ең болмаса нарықты кеңейту үшін Еуропалық одақ, Кедендік одақ сынды мемлекетаралық одақтарға бірікпейді?

 - Әзірге оларда мұндай бірігулерге себеп болатын өндірістік әлеует жоқ. Қытайдың өндірістік әлеуеті артып келеді және ол да өткізу нарығын кеңейтуде. Алайда, ұзақ жылдар бойы өзара қақтығысып келе жатқан Үндістан мен Пәкістан бір-бірін түсінбейді. Әрине бастысы - дамыған өндірістің жоқтығы. Егер қытайлық ірі компаниялар Үндістанды басып алғысы келсе олардың мүмкіндігі аз. Себебі олардың арасында үлкен мәдени айырмашылық бар, оның үстіне Үндістан ішінен әр текті болып келеді. Еуропадағы жағдай біршама басқаша. Еуропалықтардың ділі, мәдениеті, салт-дәстүрі ұқсас болып келеді, олардың барлығы өздерін еуропалықтар ретінде сезінеді, бұл өз кезегінде ірі экономикалық конгломераттарды құруды жеңілдетеді.

 - Салмақты экономикалық мүдде мәдени айырмашылықтарды басып өтуге үлкен стимул емес пе? 

 - Әлемнің сан алуандылығын ескеретін болсақ, дүние жүзінде сан алуан мәдениет, діни дәстүрлер, экономикалық және саяси мүдделер бар және олар өзара келіспеушіліктерін, соғыстары мен бұзақылықтарын бейбіт түрде шешкісі келетін бір-біріне ұқсамайтын адамзатты біріктіре алады. Мәселе мынада, біз барлығымыз қандай дінге, қандай мәдени дәстүрлерге жататынымызға қарамастан бәрімізде ортақ бір нәрсе барына мойынсұнуымыз керек. Бұл жәй мән-мағаналы - мен оның қайдан екеніне қарамастан кез келген адаммен сөйлесіп, ойыммен бөлісе беремін. Егер адамзат жанжалдарды бейбіт жолмен шешуге деген мүмкіндіктерін арттырғысы келсе, онда олар біздің ортақ неміз бар деп ойланулары керек, және бұл саяси этикаға қарапайым да кәдімгі негіз болады. Дегенмен, өкінішке орай біз күн сайын басылым беттерінен ана жерде соғыс жүріп жатыр, мына жерде соғыс жүріп жатыр, ана жерде зорлық-зомбылық орын алған, мына жерде шабуыл жасалған дегенді көріп отырмыз. Екінші Дүниежүзілік соғыста 55 млн адам қаза тапты, оның ішінде әскерилер де, қарапайым азаматтар да бар. Бағымызға орай Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін БҰҰ құрылып, ол алғаш рет жанжалды шешу құралы ретіндегі соғыстарға тыйым салды. Соғыстар енді заң шеңберінің сыртында орын алуда. 

 - Дегенмен олар болып жатыр, және бүкіл әлем бойынша ... 

 - Иә, олар болып жатыр. БҰҰ конституциясында бұл жөнінде агрессордан өз-өзін қорғану құралы ретіндегі соғыс жүргізу деген бар. Бұл өздері шабуылдағысы келетіндер үшін қолданатын сылтау. Олар өздеріне шабуыл жасалды-мыс деп, енді өз-өздерін қорғауға мәжбүрліктерін айтып, оларға қарсы дайындалған шабуылдардың алдын алуға тырысып жатқандарын мәлімдейді. Бұл соғыс жүргізуге салынған тыйымды айналып өту тәсілі. Және әлбетте, соғыс ашқысы келіп отырған елдер мұны пайдаланады. Халықаралық заңдар ашық түрде бірнеше мәрте бұзылды. Мәселен, Германия қауіпсіздік кеңесінің келісімін алмастан, Сербияға қарсы соғыс ашты. Айтпақшы, соғысқа тыйым салудағы екінші бір жағдай - елдер БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің рұқсатымен зорлық-зомбылық көрсете алады. Дегенмен Германия сол соғыста НАТО елдерімен бірге қауіпсіздік кеңесінің рұқсатынсыз Сербияға шабуылдады. Осыған ұқсас басқа да жағдайалар болды - мәселен АҚШ-тың Иракқа қарсы соғысы. Екніші дүниежүзілік соғыстан кейін көптеген соғыстар мен соғыс жанжалдары орын алды. Оларда қаза тапқандар санын санау да мүмкін емес, десек те кейбір есептеулер бойынша ол 25 млн адамды құрап отыр. Десек те БҰҰ барлық елді жинап, Конституция қабылдады, және онда сондай бап бар, және алғаш рет тарихта елдер бір-біріне қарсы соғыс ашпау керек деген шешімге келді. Бұған дейін олар өз елдерінің заңын басшылыққа алып келген еді және біреуге қарсы соғыс ашқылары келсе, аша беретін.

 - Кейбір сарапшылар әлем үшінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында тұр деп есептейді? Жақын арада үшінші дүниежүзілік соғыс болуы мүмкін деген қауіп бар ма?

 - Менің ойымша ол болған күннің өзінде жақын арада бола қоймас. Болашақта ірі қақтығыстар болуы мүмкін қауіп бар, алайда оны дөп басып айту мүмкін емес. Ол ертең де басталып кетуі мүмкін, себебі қару бар, барлық қару түрлерінің қоры да жеткілікті, тіпті жаппай қыру қаруы да және оны кез-келген уақытта қоса алады. Техникалық тұрғыда ол мүмкін. Ол үшін бар жоғы бір топ ақымақтар болса болғаны, соғыс басталады. Шындығында, жағдайдың осы бағытта даму мүмкіндігі төмен. Алайда бүгінде бар немесе жаңадан туындап жатқан қақтығыстар, мысалы Ресей мен Батыс арасындағы қақтығыс соғысқа әкеледі деп ойламаймын. Оған нақты белгілер көрсетіп отыр: Обама Украинаға қару беруден бас тартты, Ресей өз әскерін шекарадан алып өтті - бұл олардың өзара келісе-алатынынының нақты белгісі. Германия АҚШ-тың Ресейге қарсы санкцияларына қызығушылық танытпады. АҚШ экономикасы Германияға қарағанда Ресейге байланысты емес. Көгілдір отынның 30% Германия Ресейден алады, бұл ретте мұнай да бар. Ал, Болгария 100%, Румыния 100% көлемінде алады және Чехия, Словакия, Польша да ресейлік мұнайға тәуелді. Яғни өзара тәуелділік өте жоғары, сондықтан да соғыс болуы екіталай. Не үшін соғысу керек? Нені жаулап алғысы келеді бір тарап? Екіншісінің қалауы не? Әзірге себеп жоқ. Жақын болашақ менде ешқандай күдік тудырмайды, неше түрлі нәрсе кез-келген уақытта орын алуы мүмкін. Көптеген мемлекеттерде жаппай қыру қаруы бар. Германия мен Қазастанда жоқ, алайда өзгелерде бар. Және бүгінгі жағдай мәңгілік қайталана бермейді. Бір уақытта, бір есуас немесе қылмыскер, я болмаса бір техникалық қателік үлкен қақтығысқа әкелуі мүмкін. Ол бүкіл адамзатты қырып жоймауы мүмкін, алайда жаппай қырып жою қаруы қолданылып, үлкен апат орын алады. Бұл ретте ол ядролық қаруға байланысты, себебі ол жыл өткен сайын ықшамдалып барады. Ядролық қару АҚШ, Англия, Франция, Израиль, Пәкістанда бар. Үндістанда халық тамақ таппай отыр, алайда оларда да ядролық қару бар. Ол Иранда да пайда болуы мүмкін. Әзірге олай болуына еш себеп жоқ, әйтсе де жағдай өзгеруі мүмкін. Мұның барлығы соғысты тудыратын қауіпті арттыра түсуде. АҚШ қорғаныс министрлігінің ресми бюджеті 650-700 млрд долларды құрайды. Бұл қомақты қаржы. Бұдан басқа, қауіпсіздік қызметтері бар - ішкі қауіпсіздік министрлігі, құпия қызмет (ЦРУ, АНБ, және т.б. - ҚазТАГ ). Болжам бойынша олардың бюджеті екі есе арттырылуы мүмкін - 1200 млрд. долларға дейін. Елестете аласыз ба? Қаржының барлығы қауіпсіздікке жұмсалады делінген. Демек, бұл ведомсвтолардың барлығы күніне 1,5-2 млрд доллардан алады. Бұл өзге мемлекеттер өздерінің қауіпсіздігі үшін жұмсайтын қаражаттан анағұрлым көп. Бұл бизнесте көптеген адамдар жұмыс жасап жатыр, олар көп ақша да алып отыр. Және олар ақшаны босқа алып отырмағандарын көрсетулері керек. Құдайға шүкір жер бетінде жанжалдар жеткілікті. Ал егер жанжал болмаса, онда олар қандай да бір жанжал туғызып, соған араласар еді. Құпия қызметтерде де солай. Мәселен, Германияда құпия қызмет бар, олар тым оңшыл партияларды бақылайды және сол үшін ақша алады. Тым оңшыл партиялар елге қауіп туғызуы мүмкін деп есептеледі. Және бұл қызмет әлбете, өзіне бөлініп отырған ақшаны ақтайтынын көрсеткісі келеді, сондықтан да сол ұйымдарға өз агенттерін кіргізеді, міне солар проблема туындатып, демонстрациялар ұйымдастырып, түріктерге тиесілі дүкен сөрелеріне тас лақтырады және т.с.с. Сосын келеді де құпия қызмет оңшыл партиялар өте қауіпті, белсенді әрекетке көшті, оларға қарсы күресу керек, ал ол үшін ақша керек деп мәлімдейді. Британдық әлеуметтанушы Паркинсон көрсеткендей, егер ағза жасар болсақ, ол ағзада өз-өзін сақтау инстинкті туындайды. Және егер сізде үлкен әскери-өнеркәсіптік кешен болса, оның да өзін-өзі сақтау инстинкті пайда болады. Айталық, егер бүкіл әлемге жер бетінде бейбіт өмір орнағаны мәлім болса, және барлығы бір-бірімен достық қарым-қатынаста десе, онда әскери-өнеркәспіктік кешенге деген қажеттілік жойылады, және ақшаны да оған бөлмейді. Әскери-өнеркәсіптік кешен үшін бұл өте жаман құбылыс. Сондықтан да оған жанжал туындатып, соғысқа азғырады. АҚШ-тың әскери-өнеркәсіптік кешенін басқа елдердегі ұқсас жағдай ретінде жай мысалға келтірдік. Себебі АҚШ-тың бұл кешені - әлемдегі ең ірісі, барынша дамығаны және жаппай құртудың үздік қаруын иеленуші. Америкамен, оның демократиясымен мақтанатын АҚШ президенттерінің бірі Дуайт Эйзенхауэр, отставкаға шыққаннан кейін қызғылықты мақала жазды. Ол мақалада АҚШ-тың әскери-өнеркәсіптік кешенінің америка қоғамы үшін қандай қауіп туғызуы мүмкін екендігі баяндалған. Оның айтуынша, әскери өнеркәсіп кешені мектептерге, университеттерге кіріп кеткен, ол үкіметке өз талаптарын қойып жатса керек. Эйзенхауэр сол кездегі жағдай туралы нақты білді, және оны сынға алып отырды. Ол егер мұны тоқтатпасақ, барлығы бұдан да нашар болатынын айтты. Бұл өте әсерлі мақала, және әлбетте, осындай үлкен әскери-өнеркәсіптік кешен соғыстың пайда болу қаупін туындатады. Адамдар ол қауіптерді және олардың туындау себептерін білулері керек. 

 - Сұхбатыңызға рахмет.

adimage