Роман Ященко: Қазақстанда АЭС құрылыс жобасы мамандандырылған және қоғамдық сараптамадан өтуі тиіс

Алматы. 25 желтоқсан. ҚазТАГ – Владимир Радионов. Қазақстанда атом электр стансасының құрылысы төңірегіндегі талас-тартыстар әлі күнге дейін басылмай отыр. Жақында үкіметке жобадан бас тарту үндеуін «Қазақстан Экофорумы» таратты. «Қазақстан Экологиялық Форумы АЭС құрылысы халық үшін қауіпті, экономика үшін тиімсіз және қоршаған орта үшін ойранды деп санайды және Қазақстан үкіметін бұл қауіпті жоспарларды тоқтатуға шақырады», - делінген құжатта. Осы ретте биология ғылымдарының докторы, ЮНЕСКО «Адам және биосфера» қазақстандық ұлттық комитеттің төрағасы, БҒМ ғылым комитеті зоология институтының бас ғылыми қызметкері Роман Ященко қоғамды АЭС құрылыс жобасын эмоциялық емес, ғылыми көзқарас тұрғысынан бағалауға шақырады.  

- Роман Василийұлы, сіз атом электр стансасы құрылысын жақтап сөйлейсіз. Бірінші сұрақ – неліктен? 

- Өйткені әлемдегі қазіргі ахуал кезінде Қазақстанға қысқа мерзім ішінде экономикалық серпіліс жасау қажет-ақ, және де жеке атом энергетикасын дамыту сондай серпінді өсімді қамтамасыз етеді. «Жасыл» экономика мен атом энергетикасын дамыту арасында ешқандай қарама-қайшылықты мен көріп отырған жоқпын. Жуырда ғана мен Камбоджада өткен халықаралық симпозиумда осы мәселені көтердім, оған Азия-Тынық мұхиты өңірі елдерінің қоршаған ортаны қорғау министрліктерінің өкілдері қатысты, және де мен барлық қорғау тетіктерін дұрыс пайдаланған жағдайда қарама-қайшылық болмайды деген жауап алдым. 

 - Қазақстан әлем елдерінің көпшілігінен табиғи байлықтардың, соның ішінде, көмірсутектердің де орасан санымен ерекшеленеді. Біздер үшін әзірге электроэнергияны жылу электр стансаларында көмірсутектерді жағу жолымен алудың дәстүрлі әдістерін пайдалану мүмкіндігі барда, қазір АЭС тұрғызудың мән-маңызы бар ма? 

- Бұл сауалды біздің үкіметке жолдаған дұрысырақ болады, экономика үшін не тиімді: АЭС-ға қомақты ақша салу ма, әлде ЖЭС, СЭС санын кеңейту ме деген сұраққа ол жауап беруі тиіс. Бірақ егер экологиялық тұрғыдан қарайтын болсақ, ЖЭС қоршаған ортаны мейлінше салмақты ластап жатыр. Және осы тұрғыда АЭС энергия алудың тазалау пішіні ретінде көрінеді. 40 жыл бойы Семей ядролық полигонында қаруларды сынақтан өткізіп жүрген біздің елімізде атом энергетикасына қатысты жанға бататын фобиялардың пайда болғанын мен тамаша түсінемін. Алайда егер бейбіт атом алдында өз қорқыныштарымызға ерік беретін болсақ, онда «сумен бірге сәбиді де ағызып жіберуге» болмайды. 

- Айтпақшы, фобиялар туралы. Солар осы Қазақстан қоғамында құр тақырдан пайда бола қалған жоқ қой. Сіз оларды негізсіз деп санайсыз ба? 

- Әрине, атом бостандыққа сытылып шығатын болса, ол барлық тірі жанның көзін құртады. Және бар фобиялар атомдық апаттардың жақындағы тарихының нақты мысалдарымен қуатталады. Халықтың санасында «Чернобыль синдромы», «Фукусима синдромы» бар. Осыған байланысты сондай қауіп-қатер дабылын жеңу үшін атом энергетикасында қолданылатын заманауи қорғаныс тетіктері қаншалықты сенімді, оқыс оқиғалар жағдайында қазіргі атом қауіпсіздігі жүйелері жергілікті халықты толығымен қорғай ала ма деген мәселе бойынша кең қоғамдық пікірталастар ұйымдастыру қажет. «Фукусимада» апат орын алған кезде, мен Жапонияның Киото қаласында жұмыс істеп жүрдім және апат кезінде қирау ауданында болған кейбір әріптестеріммен сөйлестім, сондықтан да ақпарды апат куәгерлерінен алып отырдым. Олардың көпшілігі барлық атом реакторларын тоқтатып қоюды талап етіп, наразылық шараларына белсенді қатысты, бірақ кейіннен көбісі экономикада пайда болған проблемалардың қысымы астында өз пікірлерін өзгертті. Менің ойымша, бізде Қазақстанда қоғам санасында қазір қорқыныш эмоцияларына негізделген антиядролық көңіл-күй жағына әлдебір жантаю байқалады. Атом энергетикасы туралы әңгіме жүре қалса болды, онда бірден-ақ АЭС құрылысына «қызыл шам жағылады». Бұл өте өнімсіз позиция. Атом проблемасын талқылау бойынша қоғамдық пікірталастар ұйымдастырып, жаңа ядролық технологиялар жөніндегі өз зерттеу нәтижелері турасында айтып берулері үшін, сондай қоғамдық тыңдалымдарға міндетті түрде мамандарды, бәрінен бұрын, энергетика саласындағы сарапшыларды шақыру керек. Мәселен, торийді отын ретінде пайдалану тиімсіз болса да, уран изотоптарын қолданғанға қарағанда қауіпсіздеу. Бұл жерде маған дәл сол торий энергетикасының дамуын жақтап сөз сөйлеп жүрген танымал ресейлік ғалым Игорь Острецовтың пікірі ұнайды. Бұл тақырыптардың барлығын кеңінен талқылау қажет. 

- Ал бар үрей-қорқыныштарды қалай жеңуге болады, негіздемесі болғанымен, атом энергетикасын дамытудан бас тарту мәселесінде олардың негізгі фактор болып табылмауы тиіс екенін халыққа қалай жеткізбек керек? 

- Оған насихаттық іс-шаралардың тұтас жүйесі болуы тиіс. Қоғам өз үрейін өзі жеңуі тиіс. Үкімет пен сараптамалық қауымдастықтың міндеті атом қауіпсіздігінің барлық проблемалы мәселелерін адал талқылауды ұйымдастыру болып табылады. Қоғамға атом энергетикасының «иә» және «қарсы» пікірлерін жеткізу қажет. Осындай, бәлкім, риясыз талқылау кезінде атом стансаларының қауісіздігіне объективті баға берілетін болар. 

- Сіздің әріптесіңіз – профессор Виктор Инюшин тіпті барлық қажетті деген қорғау амал-шараларын сақтаған кезде де атом реакторы не болса да тірі табиғатқа кері әсерін тигізетін болады деп пікірін білдірген еді... 

- Профессор Инюшинді де қоғамдық пікірталасқа қатысуға шақыру керек. Виктор Михаилұлы – салмақты ғалым, мен оның өз салмақты ғылыми зерттеулерінің нәтижесі негізінде түйін шығарып жүргеніне сенімдімін. 

- АЭС экологиялық қауіп төндіреді деп қарсы шығушылар сапынан бастамашылар жағына бізде аталған салада мамандар жоқ дегендей жазғырулар жиі айтылады. Бұл проблема, сіздің көзқарасыңызша, шешіледі ме? 

- Әрине, шешіледі. Қазақстанда осы салада жетерлік деңгейде көп жоғары білікті мамандардың жұмыс жасағаны жасырын емес. Кейінірек белгілі себептерге байланысты ондай сарапшылардың елден біршама ағыны орын алды, және де қазір кадрлық аштық байқалып отыр. Бұл жалғыз ядролық энергетика емес, экономиканың басқа да салаларына қатысты. Бірақ сонымен қатар бізде жеке жоғары білікті кадрларды өз бетімізше даярлайтын мүмкіндіктер бар. Сондай-ақ жастарды шетелге оқуға жіберу керек және мұнымен бірге ел ішінде жас ғалымдар Қазақстанға қайта оралып, жұмыс істейтіндей жағдайлар жасау керек. 

- Егер АЭС құрылысын бөлінген қаражаттың тең жартысын ұрлап бітіретін біздің шенеуніктер қолға алса, сосын олардың орнына қауіпсіздік туралы сөйлесуге мүлде келмейтін қолы шолақ мамандар келетіні туралы пікір де «талассыздар» қатарынан. Ал сіз қалай есептейсіз? Себебі АЭС-дағы апаттардың, атап айтқанда, Чернобыльдегі, көпшілігі расымен де адами фактордың – персоналдың біліксіздігі салдарынан болған жоқ па. 

- Үркектік бар, әлбетте, қоғамда да, өкінішке қарай, барлық шенеуніктер өңкей сатқындар деген пікір басым. Менің ойымша, бұл олай емес. Мемлекеттік шенеуніктердің арасында көптеген көргенді, білікті және өте жауапты адамдар жетерлік. Жоқ дегенде, мен сондайлармен жұмыс істеймін. Әртүрлі деңгейдегі басқару органдарында жұмыс істеушілермен тығыз байланысуды бастамай тұрғанда, бір кездері мен де сондай иллюзиялардың құрсауында жүргенмін. Алуан кісілер кездеседі, иә, олардың ішінде жемқорлар да, сөзсіз, бар. Енді не – өмір сүрмеу, сары уайымға салыну керек пе? Қайталап өтейін, шешім қабылдайтындардың көпшілігі маған – өз саласындағы мейлінше білікті мамандар болып көрінеді. Чернобыльге келетін болсақ, онда тап не болғаны ақырына дейін анықталған жоқ. Соңғы уақытта мен бұл Кеңес одағын құлатуға бағытталған жоспарлы диверсия деген ой-пікірлерді жиі естимін. 

- Бірақ Қазақстанға қарағанда, экономикалық тұрғыдан да, шенеунік аппараттың парақорлық деңгейі тұрғысынан да, жағымдырақ елдерде Фукусимадағы апаттан кейін атомға қарсы көңіл-күйлер ендеше неге күшейіп кетті? Және тек көңіл-күйлер ғана емес – іс басындағы АЭС тоқтатып қою туралы, жаңа стансалар құрылысының жоспарларынан бас тарту туралы шешімдер қабылдана бастады? 

- Егер дамыған батыс елдері туралы айтатын болсақ, онда ол жақта қабылданатын шешімдер қоғамдық пікірге өте қатты тәуелді. Бізде көбінесе шенеуніктер «өзімен-өзі» болады, ал онда егер олар электорат еркін көрсете алмаса, оларды қымсынбай алып тастауы мүмкін. Сонымен қатар Жапонияда Фукусима апатынан кейін тек бірінші реакция ғана өте эмоциялы болды – «тыйым салынсын», «жабылсын». Әрі қарай елдің экономикалық дамуы бұрынырақ құрылған атом энергетикасын пайдаланбай болмайды дегенді түсіну қайта оралды. Және экологиялық тұрғыдан жел немесе күн энергетикасы қанша әдемі көрінгенімен, ол атомдыққа қарағанда, қымбат екені даусыз. Нарықтың, экономикалық тиімділіктің заңдары өз ережесімен жүргізеді. 

- Қоғамдық пікірге қатысты, дамыған демократиясы бар елдерде мәселелердің көпшілігі – соның ішінде АЭС құрылысы бойынша да – референдумдарда шешіледі. Біздің жағдайда референдум қажетті ме? 

- Халықты міндетті түрде тыңдау керек, және де мен референдум өткізуден қауіп көріп тұрған жоқпын, ол қоғамның қандай да бір проблемаға қатынасын көрсетеді. Бірақ, референдум өткізбес бұрын, қоғамдық пікірталас барысында азаматтардың өздеріне проблеманың басын ашып алуға, ядролық энергетикада «не жақсы және не жаман» екенін өз басы үшін анықтап алуға, қауіп-қатер дабылы мен күмәндарды сейілту үшін азаматтарға мүмкіндік беру қажет. Егер де референдумды тура қазір өткізер болсақ, нәтижесі бәлкім кері болатын шығар. Сол себепті, қайталап айтамын, проблеманы бүркемелеудің қажеті жоқ, атом энергетикасын дамыту мәселесінде жасыратын ештеңе жоқ. Қайта – «бейбіт атомды» пайдалану экономикалық жағынан тиімді бола ма, қоршаған орта мен адам үшін ол қауіпсіз бола ма, экономикалық есептерді көрсету керек. 

- Қауіпсіздікке қатысты маңызды мәселе ол – АЭС құрылыс орны. Бұл мәселе Қазақстанда әлі күнге дейін шешілген жоқ. Сізге елдің қай өңірі ондай нысанның орналасуына оңтайлы келеді? 

- Бірінші айқындаушы фактор ол – өңірдің сейсмикалылығы, себебі, егер қатты сілкісе, онда салдары болжалсыз болуы мүмкін. Екіншіден, егер қоршаған орта мен халық денсаулығын сақтау тұрғысынан қарасақ АЭС-ны ірі елді мекендерден шалғай жерге салған жөн болады. Стансаны Балқаштың солтүстік жағалауына салу жоспары болған, және табиғатты қорғау саласындағы маман ретінде маған бұл жоба ұнамады, өйткені Балқаш – бірегей көл, және ықтимал жұқтырудан максимум сақтандыру болуы тиіс. Әрине, оңтайлы вариант – стансаны шөлге салу, бірақ онда реакторды суыту үшін суды қайдан аламыз, қызмет етуші персоналды қайда орналастырамыз деген мәселе шығады, себебі АЭС ол – ауқымды кешен ғой. Сондықтан бұл жерде өзінің ақырғы сөздерін энергетиктер де, экономистер де айтуы тиіс. Ал, менің позициям мынадай: ондай жоба тек мамандандырылған емес, сонымен бірге қоғамдық сараптамадан өтуі тиіс, онда табиғатқа, адамға, ақыр соңында, экономикаға деген қауіпсіздік деңгейі бағалануы тиісті. Ал ары қарай қоғам өзіне ұсынып отырған қауіпсіздікке қанағаттана ма, әлде жоқ па, соны шешуі тиіс.

adimage