Роза Рымбаева мен Тұрсынбек Мақышевке «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді

Астана. 12 желтоқсан. ҚазТАГ - Роза Рымбаева мен Тұрсынбек Мақышевке «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді, деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз қызметінен.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен наградтау туралы қаулы етемін: Ұлттық мәдениетті дамытуға қосқан айрықша үлесі, ән өнерін насихаттаудағы ерекше еңбегі үшін: жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені тапсырылсын: Рымбаева Роза Қуанышқызы - «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы» РМҚК әртісі, Алматы қаласы. Өндірістік қызметтегі ерекше еңбегі үшін: жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені тапсырылсын: Макишев Тұрсынбек Шамбулұлы «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС филиалы – «Жезқазғантүстімет» ӨБ кен өндірістік кешенінің ұңғылаушысы, Қарағанды облысының Жезқазған қаласы», - делінген бейсенбідегі Ақорда сайтында жарияланған ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығында.
Хабарда атап өтілгендей, осы жарлық қол қойылған күн – 29 қарашадан бастап күшіне енгізіледі.

adimage