Рысқалиевтің ҰҚТ мүшелері 2,5-нан 15 жылға дейін бас бостандығынан айрылды

Күні: 15:25, 14-11-2014.

Атырау. 14 қараша. ҚазТАГ – Рысқалиевтің ҰҚТ мүшелері 2,5-нан 15 жылға дейін бас бостандығынан айрылды, деп хабарлады Атырау облыстық сот баспасөз қызметінің хатшысы Боранбай Ғалиев.
«Сот төрағасы Гүлмира Дәулетованың оқыған үкіміне сай, 15 адам сотталып, олардың 8-і сот залында қамауға алынды», - деп хабарлады  Б. Ғалиев жұма күні.
Бұл ретте ол кәсіпкер Александр Корецкий 11 жылға бас бостандығынан айрылғаны, құрылыс басқармасының бастығы Нұрлан Кенжебеков, «Мемэкспертиза» РМК директор орынбасары Тұрланбек Жиенбаев пен «Батыс Транспорт Сим» ЖШС директоры Рахметолла Алшенов - 8 жылға сотталғаны, энергетика басқармасының бастығы Бауыржан Жайсаңов,
«Мемсараптама» МКД директоры Ұлан Құралбаев, «Жолаушылар лизингтік вагон компаниясы» АҚ белді инженері Азамат Құрмантаев пен «Арқайым – 2005» ЖШС Александр Кузева – 7 жылға сотталғанын айтты. Тағы 5 адам 2,5-нан 5 жылға дейін сотталды.  
Б. Ғалиевтің айтуынша, сот олардың барлығының мүлкін тәркілеп, кәсіпкерлікпен айналысу құқығынан айырып, мемлекеттік қызметте істеуге әр мерзімге тыйым салды.
Бұл ретте ол екі адамның шартты мерзімге сотталғанын, біреуі ақталғанын, біреуі қылмыс мерзімінің өтіп кетуіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатлығанын, үш адам балаларының жасы 14-ке толмайынша жазасын өтеуді кейінге қалдырғанын айтты.
Бұдан бұрын хабарланғандай, облыс әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Болат Дәукенов 15 жылға сотталды, облыс әкімінің экс-орынбасары Асқар Әбдіров – 12 жылға бас бостандығынан айрылды, Атырау қаласының бұрынғы әкімі Асқар Керімов 3 жылға сотталды.
Еске салсақ, Атырауда Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев басқарған ұйымдасқан қылмыстық топ (ҰҚТ) туралы іс бойынша сот процессі басталды. Қылмыстық іс ашық өтуде. Сот орыс тілінде өтуде. Сот процессін Атырау облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сот төрағасы Гүлмира Дәулетова жүргізуде. Оған көмекші судья ретінде Жұмағали Тәшімов тағайындалған.
Бұрын хабарланғандай, сот залында 22 адам сотқа тартылып отыр. Олардың арасында Атырау облысы әкімінің орынбасары Болат Дәукенов пен Асқар Әбдіров, Атыраудың экс-әкімі Асқар Керімов пен басқалар бар.
Сотталушыларға ҚР ҚК 235 б. (бір немесе бірнеше қылмысты жасау мақсатында ұйымдасқан топты құру және басқару, оған қатысу), ҚР ҚК 176 б. (сеніп тапсырылған өзгенің мүлкін иемдену және жұмсау), ҚР ҚК 192 б. (жалған кәсіпкерлік), ҚР ҚК 193 б. ( ақшалай қаражатты немесе қылмыстық жолмен алынған өзгенің мүлкін заңдастыру), ҚР ҚК 307 б. (қызметтік құзыретін асыра пайдаланушылық), ҚР ҚК 314 б. (қызметтік жалғандық) бойынша айыптаулар тағылып отыр.
Қылмыстық іске тартылып отырғандарға мемлекеттік айыптаушы 8-ден 18 жылға дейінгі жаза сұрап отыр.


Жаңалықтармен бөлісу: