СҚО-да құны Т1,6 млн болатын 10 тонна бидайды ұрламақ болған

Петропавл. 9 желтоқсан. ҚазТАГ – Солтүстік Қазақстан облысында құны Т1,6 млн болатын 10 тонна бидайды ұрламақ болған, деп хабарлады ішкі істер министрлігінің ресми интернет ресурсынан.
«Аудандық полиция қызметкерлері арнайы жедел іс-шара барысында қазан айында Есіл ауданындағы кәсіпорындардың бірінде жасалған ұрлық фактісін анықтады. Белгісіз қылмыскерлер қойманың есігін бұзып, КамАЗ көлігін ішке кіргізіп, 10 тонна бидайды қолды қылған. Келтірілген шығын 1,6 млн теңгені құрады», – делінген хабарда.
Полицияда нақтылағандай, иесі жасалған ұрлық жайлы білмеген. Жедел уәкілдер оған хабарлап, аз уақытта күдіктіні ұстаған. Ол 29 жастағы Қызылжар ауданының тұрғыны болып шықты. Сондай-ақ ұрлыққа қатысы бар жақтастары да анықталды. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігі (Ұрлық) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. КамАЗ тәркіленді.
«Ауданның ПБ бастығының міндетін атқарушы Бейбіт Жұмағазиннің айтуынша, ұрлықтың жасалуына кәсіпорын аумағының нашар техникалық нығайтылуы себеп болған. Полицейлер анықтағандай, астықты тигеннен кейін КамАЗ көлігінің оталмағаны белгілі болды. Жүк көлігі қойма ішінде қалған. Келесі түні қаскөйлер қосалқы бөлшекпен қоймаға қайта барып, көлікті жөндеп, аумақтан кетіп қалған. Кәсіпорын басшылығына қылмыс жасауға ықпал еткен кемшіліктерді жою туралы ұйғарым жолданатын болады», – делінген хабарда.

adimage