СҚО-да құс тұмауының таралу аумағы кеңейді, Қазақстан ДЖД сақтау ұйымын хабардар етті

Петропавл. 17 қыркүйек. ҚазТАГ – Солтүстік Қазақстан облысы аудандарында құс тұмауынан зардап шеккен құстардың саны жетіге жетті, Қазақстан ол туралы Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын сақтау ұйымын хабардар етті, деп хабарлады Қазақстан ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметінен.
«Солтүстік Қазақстан облысының жеті ауданында (Тимирязев, Тайынша, Жамбыл, Қызылжар, Шал ақын, Ғ.Мүсірепов, М.Жұмабаев) ағымдағы жылдың 9-16 қыркүйек аралығында әртүрлі үй құстарының өлімі тіркелді. Ұлттық анықтамалық орталық қанаттылардың қырылуының себебі жоғары патогенді құс тұмауы екенін анықтады», - делінген бейсенбіде таратылған хабарда.
Қазақстан Республикасы Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын сақтау ұйымына аурудың өршуі туралы хабарлады.
«Елдегі эпидемиялық жағдайды шұғыл қалпына келтіру және құс тұмауының таралып кетпеуіне жол бермеу мақсатында ҚР АШМ ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті 2020 жылғы 17 қыркүйектен бастап Солтүстік Қазақстан облысының Тимирязев, Тайынша, Жамбыл, Қызылжар, Шал ақын, Ғ.Мүсірепов, М.Жұмабаев ауданынан тірі құс және инкубациялық жұмыртқа, мамық пен қауырсын, құс еті мен құс шаруашылығы өнімдерінің барлық түрлерін, құстарға арналған жемшөп пен жемшөп қоспаларын, сондай-ақ бұрын пайдалануда болған құстарды күтіп-бағуға, союға және мүшелеуге арналған жабдықтарды шығаруға уақытша шектеулер енгізді», - деді АШМ.
Ведомствода атап өтілгендей, аса қауіпті ауруды жою үшін ҚР АШМ ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Республикалық эпизоотияға қарсы отряды және Солтүстік Қазақстан аумақтық инспекциясы қазіргі уақытта міндетті іс-шаралар кешенін, оның ішінде құстардың өлекселерін жою, үй-жайлар мен аула аумақтарды дезинфекциялау жұмыстарын жүргізуде.
«Ресей Федерациясымен шекаралас аумақтарда жануарларды вакцинациялау үшін жоғары патогенді құс тұмауына қарсы 873 мың отандық препарат бөлінді.
Арнайы комиссияның шешімімен ҚР АШМ ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Республикалық эпизоотияға қарсы отряды өлген құстардың иелеріне жануарлардың орташа айлық нарықтық құны мөлшерінде өтемақы төлейді», - деп мәлімдеді ауыл шаруашылықминінен.
Еске салсақ, 13 қыркүйекте ҚазТАГ ХАА СҚО ауылдарында үй құстарының өлу дерегі тіркелгенін хабарлады.

adimage