СҚО-да шекарашы суға батып бара жатқан екіқабат әйел мен оның бес жасар ұлын құтқарды

Күні: 17:43, 31-05-2019.

Астана. 31 мамыр. ҚазТАГ – Солтүстік Қазақстан облысында шекарашы суға батып бара жатқан екіқабат әйел мен оның бес жасар ұлын құтқарды, деп хабарлады Қазақстанның ҰҚК шекара қызметінің (ШҚ) баспасөз қызметінен.
«Бидайық авто» шекаралық бақылау бөлімшесінің әскери қызметкері Сергей Николаевич Гайдай түнгі ауысымнан кейін демалып, СҚО Уәлихан ауданы Бидайық ауылындағы «Городской пруд» деп аталатын судың тыныш жағалауына қарай бет алған. Шамамен сағат 18.30-да көпір жақтан көмекке шақырған баланың ащы даусын естіген. Көпірдің үстімен екі оқушы қыз бала жанұшыра жүгіріп, судағы әйелге қарап тұрған. Сергей ойланбастан суға секіріп, суға батып бара жатқан әйелге жүзіп барған, ол жылап, суды көрсеткен. Сергей суда оның баласы барын түсініп, судың астына сүңгіп, қолымен іздей бастаған, қолы баланың көйлегіне тигенде, оны жоғары қарай тартып шығарған», - делінген жұмадағы хабарда.
Шекара қызметінде нақтылағандай, баланың анасы судың бетінде арқасымен жатқан.
«Сергей баланы анасының ішіне қойып, екеуін де жағалауға алып шыққан. Бес жасар Нұрәділ қимылсыз жатқан. Сергей оған алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жасанды демалғызып, жүрегіне тікелей массаж жасаған. Көзін ашқан бала демала бастаған. Кейін белгілі болғандай, ол екі емес, үш өмірді құтқарған – әйел 1982 жылы туылған Жетпісова Махаббаттың аяғы ауыр екен. Құтқарылған әйелдің тумаларының айтуынша, бұл көпір бұрыннан жаман атқа ие. 2002 жылы осы көпірден дәл осы жерге оның күйеуінің 27 жасар туған ағасы құлап, батып кеткен екен», - делінген хабарда.


Жаңалықтармен бөлісу: