СӨП вице-президенті Бекзат ҚАЛИЕВ: ҮДЕМЕЛІ ИНДУСТРИАЛДЫҚ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ БАҒДАРЛАМАСЫНА ЖҮРГІЗІЛГЕН МОНИТОРИНГТІҢ БІРІНШІ ЖЫЛЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ БІРҚАТАР ПРОБЛЕМАЛАРДЫ АНЫҚТАДЫ

 

Алматы. 5 сәуір. ҚазТАГ – Ақжол Садешов. ҚР сауда-өнеркәсіптік палатасы (СӨП) 9 айдан бері үдемелі индустриалдық-инновациялық даму (ҮИИД) бағдарламасы аясындағы индустриаландыру картасы бойынша іске асырылып жатқан инвестициялық жобаларға мониторинг жүргізіп отыр. Зерттеулер барысында бағдарламалардың іске асырылуын тежейтін негізгі проблемалар анықталды. Сол проблемалар және мониторинг нәтижелері туралы егжей-тегжейлі ҚР СӨП мемлекеттік бағдарламалар мен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жөніндегі вице-президенті Бекзат Қалиев айтып берді.

 

- Мониторинг қорытындысында ҮИИДБ индустриалдау картасының инвестициялық жобаларын іске асыруда қандай негізгі проблемаларды атап өтуге болады?
 

- ҚР СӨП жүргізіп отырған мониторинг қорытындысы бойынша жобаларды іске асыруда «тежеуіш» болып отырған бірқатар негізгі тұстары анықталды. Негізгі проблема ретінде жобаларға қаражат жеткіліксіз екенін айтуға болады. Оған бірнеше себеп бар. Оның ішінде жобалардың қымбаттауын айтуға болады, яғни салынып жатқан көптеген нысандардың бизнес-жоспарларын компания басшылары дағдарысқа дейінгі бағалармен әзірлеген. Бірақ экономикалық дағдарыс кезінде жобалар қымбаттап кетті. Жобаларға қаражат жетпей қалуына көп жағдайда теңгенің девальвациясы да әсер етті.

Қаражат жетпеуіне тағы бір себеп - банктердің индустриалдандыру картасы бойынша іске асырылып жатқан жобаларға қатысты несиелік саясатын өте солғырт жүргізуі де болды.

Мысалы, Қазақстанның даму банкі (ҚДБ) осындай 24 жобаны несиелендіреді. Олардың барлығында қаржы жетіспеушілігі байқалды. Бұған жауап ретінде банк индустриалдау картасындағы жобаларға қатысты өзінің несиелік саясатын икемдеп, кәсіпкерлермен ымыраға барып, өткен жылдың соңында қаржы тапшылығы мәселесін ҚДБ күн тәртібінен алып тастады.
            Екінші жағынан коммерциялық банктер де индустриалдау жобаларына қатысты өздерінің белсенділігін арттырды. Егер олар бұрындары ҮИИДБ нысандарының бизнес-жоспарларына орындалу мерзімі өте ұзақ, қарапайым жобаларға қарағандай қараса, кейін банктер бұл жобалардың индустриалдандыру картасы аясында іске асрылып жатқандығына қарап, компанияларға ол қосымша жеңілдіктер мен преференциялар т.б. беретіндігін де ескере бастады.

 

- Экономикалық дағдарысқа байланысты отандық өнімдерді сататын нарық тарылып қалды. Ол ҮИИДБ инвестициялық жобаларын іске асыруына қалай әсер етті?

 

– Шынымен де, қазақстандық өндірушілердің тауарларын сататын нарықтың шектелу мәселесі индустриалдандыру картасын іске асырудағы екінші өзекті проблема болып табылады. Бір облыста бірдей өнімдерді өндіретін бірнеше кәсіпорындар бар болған жағдай орын алған. Бір облыста қиыршық тасты өндіретін үш зауыт, немесе кірпіш өндіретін үш зауыт орналасатын. Ауданы онша үлкен де емес облыста осыншама кәсіпорындарды көбейтудің қажеті қаншама? Иә, бәсекелестік қажет. Бірақ дағдарыстан соң құрылыс дүмпуі басылып қалғанын ескеру керек. Ертесіне біз сол кәсіпорындардың өнімдерін өткізу проблемасына тағы соқтығамыз.

Жалпы алғанда, біз нарықтың шектелуі проблемасын шешу үшін мемлекеттік сатып алулар тетігін енгізуді ұсындық. Мысалы, Алматыда дәрі-дәрмек шығаратын «Бируни Фарм» компаниясы бар. Ол да көптеген кәсіпорындар сияқты өз өнімдерін сату проблемасына ұшырады. Осыған байланысты біз мемлекеттік органдарға шетелдік дәрілерді емес, сол сияқты отандық фармпрепараттарды сатып алуларын ұсындық. Әр түрлі ведомстволардың қатысуымен өткен кеңестерде біз «СК-Фармация» ЖШС дәрі-дәрмектерді «Бируни Фарм» компаниясынан сатып алуын ұсындық. Компания «СК-Фармация» ЖШС-пен ұзақ мерзімдік келісімшартқа отырып, қазір фармацевтикалық препараттарды мемлекеттік медициналық мекемелерге жеткізуде.

 

- Жобалардың жеткілікті деңгейде қаржыландырылмауы мен өнімді сату нарықтарының шектеулігінен басқа, индустрияландыру картасын жүзеге асыруға тағы не кедергі болып отыр?

 

- Индустрияландыру картасын жүзеге асырудың бастапқы кезеңінде дамыған инфрақұрылымның – автожолдардың, сумен қамту мен газдандырудың және т.б. жоқтығына байланысты проблемалар туындады. Кадрларды оқыту, шетелдік жұмыскерлерді тарту бойынша мәселелер болды. Сондай-ақ, компаниялардың өз жобаларын жүзеге асыру барысы туралы ақпарат беруге ниет танытпайтындарын да атап өту керек. Мұндай проблемалар әр облыста дерлік туындап жатты. Егер біз кәсіпорын туралы ақпарат ала алмасақ, мониторингті қалай жүргіземіз? Индустрияландыру картасына мониторинг жүргізудегі СӨП-тің ролін кәсіпорындар ғана емес, әкімдіктер де түсінбей, біздің мақсаттарымыз бен міндеттерімізді білмеді. Мен мұны әдейі атап көрсеткім келеді. Жергілікті атқарушы органдардың өкілдері біздің кім екенімізді, мұның бізге қажеті қанша деп сұрап жатты.

Нәтижесінде біз тапсырыс беруші – ҚР индустрия және жаңа технологиялар министрлігі (ИЖТМ) арқылы әрекет етуге мәжбүр болдық, ведомство жергілікті жерлерде СӨП үшін жобалардың жүзеге асырылу барысы туралы ақпаратқа жол ашып берді. Атап айтқанда, біз ИЖТМ-ге хат жазатынбыз, осыдан кейін олар әкімдіктердің өкілдерін шақырып, сауда-өнеркәсіп палатасының ролін түсіндірді. Өз кезегінде жергілікті жерлердегі жергілікті атқарушы органдар кәсіпкерлерге мониторингтегі СӨП-тің ролі туралы түсіндірді. Биылғы жылы министрлік сауда-өнеркәсіп палатасына кәсіпорындарға жол ашатын мандатқа қол қою міндетін алып отыр.

 

- Индустрияландыру картасындағы жобалардың санын арттыру жоспарда бар ма?

 

- Индустрияландыру картасы аясында 2010 жылы 144 жоба жүзеге асырылды, оның 30-ы жобалық қуатына шықты. Бағдарлама жұмыс істеп жатыр және қарқын ала бастады. Егер индустрияландыру картасы қолға алынған кезде 237 жоба болса, биылғы жылы индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне жаңа өтініштер түсіп жатыр. Қазір олардың саны – 294. Жобалардың саны жыл сайын артып отырады. Картаның актуализациясы кем дегенде жылына екі рет жүргізілетін болады.

 

- Мониторингке қанша қаржы бөлінді? Бюджетті арттыру жоспарда бар ма?

 

- Өткен жылы ҚР сауда-өнеркәсіп палатасына индустрияландыру картасының мониторингіне 77 млн теңге бюджет қаржысы бөлінді. Биыл шамамен 80 млн теңге жоспарланған.

 

- ҚР сауда-өнеркәсіп палатасы биыл мониторингтің тиімділігін арттыру үшін қандай шараларды қолға алмақ?

 

- ҮИИД бойынша ҚР СӨП-інің мониторинг жүргізу қорытындысы бірінші жылы біздің сарапшыларымызға кедергі жасаған проблемаларды көрсетіп берді. Біз оларды мұқият саралап, пысықтауды немесе өзгертулерді қажет ететін барлық бағыттар бойынша нақты ұстанымдарымызды шығарамыз. Бізге кәсіпкерлер мен билік арасындағы ықпалдастықты дамытып, қолдау қажет. ҚР СӨП-інің ҮИИД жобасындағы басты міндеттерінің бірі – осы.


adimage