Астана. 22 ақпан. ҚазТАГ – Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев президент Нұрсұлтан Назарбаевқа «жоғары сенім білдіргені үшін» алғыс айтты, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметінен.
«Өткен екі жарым жыл бойы Үкімет тізгінін тапсырып, жоғары сенім білдіргені үшін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа шынайы алғысымды білдіремін», - деді Б.Сағынтаев жұмадағы видеомәлімдемесінде.
Мәлімдеме министрлер кабинеті отставкаға кеткеннен кейін жасалды.
«Бүгін Үкімет отставкаға кетті. Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің негізін қалап, бүгінгі биіктерге жеткізген Елбасы халқының өсіп-өркендеуін әрқашан ең басты қағида ретінде ұстанып, әрбір шешімін мемлекет пен халықтың мүддесі тұрғысынан қабылдап келеді. Мемлекет құру оңай жұмыс емес. Жас мемлекетті түрлі қайшылықтар мен қақтығыстардан аман алып өтіп, тарихи өлшеммен алғанда тым қысқа мерзімде осындай абыройлы Ел ету шын мәнінде шексіз құрметке лайық. Елбасы - еліміздің сан мың жылдық тарихындағы ең жауапты кезеңде халқымыздың бағына берген ұлы да жасампаз тұлғасы. Сол себепті, халқымыз баянды бүгіні мен жарқын болашағын тек қана Елбасының есімімен байланыстырады», - деп мәлім етті экс-премьер.
Еске салсақ, 21 ақпанда Н. Назарбаев министрлер кабинетін отставкаға жіберетінін мәлімдеді.
«Жүйелі жұмыс жүргізілмеді. Тұрғындардың нақты табысы өспеді. Отбасылардың бюджетінде азық-түлікке деген шығын көлемі арта түсті. Атқарушы органдардың салғырттығынан әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тұрғындардың бір бөлігі атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылмаған. Оның үстіне Үкімет мүшелері, министрлер, әкімдер халықпен жұмыс істей алмады, сондай-ақ жұртшылықтың проблемаларына құлақ асып, атқарылып жатқан істер мен саясатты түсіндіру жұмыстарын жүргізуге шамасы келмеді», - деп түсіндірді министрлер кабинетін отставкаға жіберу туралы шешімін Н.Назарбаев.
Премьер-министрдің муа болып Асқар Мамин тағайындалды.
Бұған дейін ҚазТАГ ХАА президент Н.Назарбаев үкіметті отставкаға жіберу туралы шешімін қоғамдағы әлеуметтік шиеленіс негізінде қабылдағанын атап өткен болатын.
Министрлер кабинетін отставкаға жіберу туралы шешім жасалғаннан кейін үкіметтің кезектен тыс отырысы өтті. Отырыс барысында Б.Сағынтаев министрлер кабинетінің бұрынғы мүшелеріне алғыс білдіріп, мемлекет басшысы алға қойған міндеттердің орындалуы бойынша тыңғылықты жұмыс атқарылғанын атап өтті.
Сағынтаев Назарбаевқа «жоғары сенім білдіргені үшін» алғыс айтты
