Саха билігі Қазақстанға әуе қатынасы мен зергерлік өндірісті ашуды ұсынды

Астана. 26 қаңтар. ҚазТАГ – Саха билігі Қазақстанға әуе қатынасы мен зергерлік өндірісті ашуды ұсынды, деп хабарлады индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметінен.
«ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Саха (Якутия) Республикасының басшысы Айсен Николаевпен кездесіп, тараптар ұзақмерзімді тиімді ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады. ИИДМ басшысы бауырлас республикамен жемісті әріптестік орнайтынына сенім білдіріп, Саха инвесторларын елімізге бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға шақырды. Бұл ретте А.Николаев өз республикасының экономикалық әлеуетін таныстырып, оның ішінде азаматтық авиация, жер қойнауын игеру және өнеркәсіп салаларында, сондай-ақ зергерлік-қырлау кластер бөлігінде тиімді әріптестікті нығайтуға ниетті екенін айтып, ұсыныстарын жеткізді», – делінген хабарда.
Бұдан басқа тараптар Якутск – Новосібір – Астана және Якутск – Новосібір – Алматы әуе қатынасын ашу мен «Якутия» озық даму аймағында өндірілетін ұзақ уақыт жанатын пештерді Қазақстанға импорттау мүмкіндігін қарастыруға келісті.

adimage