Саха елінің журналистері Түркістан туризмі халықаралық деңгейде дамитынына сенімді

Күні: 12:52, 22-05-2019.

Алматы. 22 мамыр. ҚазТАГ - Түркістанда туризмді халықаралық деңгейде дамытуға мүмкіндік мол екен, деп санайды РФ Саха Республикасының журналистер одағының төрайымы Галина Бочкарева.
Жақында Түркі тілдес туысқан ел – Якутиядан 26 журналист Түркістан қаласына саяхаттап келген болатын. Саха Республикасынан келген журналистер алдымен өңірдегі қызғалдақты алқапқа қызығып, фотосессия жасады. Отырар археологиялық мұражайында болып, Арыстанбаб кесенесіне зиярат етті. «Әзірет Сұлтан» кесенесін аралап ондағы тарихи маңызы зор тайқазанның қыр-сырына қанықты. Кесене аумағындағы ежелгі Шығыс моншасын көрді. Одан соң Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің журналистика кафедрасының студенттерімен, БАҚ өкілдерімен, мәдени және рухани байланысты нығайтатын жергілікті басшылармен кездесу өткізді. Бұл жиында түркі әлеміне ортақ тарихи, рухани құндылықтар жайлы сөз қозғалды. Медиа қауымдастықтардың еларарлық байланысын нығайту мәселелері жөнінде пікірлер айтылды.
 Өз әсерімен бөліскен РФ Саха Республикасының журналистер одағының төрайымы Галина Бочкарева қазақ елін бауыр санайтындарын, сондықтан Қазақстанды көру, танысу, оның ішінде Түркістанға бару үлкен арман болғанын атап өтті.
«Барлығымыздың да табанымыз қазақ топырағына алғаш рет тиіп отыр. Міне Қожа Ахмет Ясауи кесенесін көрдік. Алған әсеріміз шексіз. Түркістанда туризмді халықаралық деңгейде дамытуға мүмкіндік мол екен. Сондай-ақ түркі әлеміне ортақ тарихи, рухани құндылықтар өте көп. Еларалық байланысты нығайтып, түркі халықтарының басын біріктіруде Түркістан алатын орны зор деп білемін», - деді РФ Саха Республикасы Журналистер Одағының төрайымы Галина Бачкарева.
Саяхат барысында Түркістанның туристік әлеуетіне қаныққан кәсіби және ардагер журналистер шырайлы өлкеде өздерін жылы қабылдап құрмет көрсеткен барлық әріптестеріне алғыс айта отырып, түркістандық журналистерді Саха еліне саяхаттауға шақырды.


Жаңалықтармен бөлісу: