«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ басқарушы директоры ПИТЕР ХАУЗ: АКЦИЯЛАРДЫ САТЫП АЛУ ТУРАЛЫ ШЕШІМДІ АЗАМАТТАР, МҮМКІН БОЛАРЛЫҚ ТӘУЕКЕЛДІ ЕСКЕРЕ ОТЫРЫП, ЖАУАПКЕРШІЛІКПЕН ҚАБЫЛДАУЛАРЫ ТИІС

 

Алматы. 14 маусым. ҚазТАГ – Былтырғы жылдың соңына қарай мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарабев, республика «халықтық ІРО» атты акция аясында азаматтарды ірі ұлттық компаниялардың меншік иесі ететінін жариялады. Көктемде «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ның жаңадан сайланған басшысы Тимур Құлыбаев осы тек қазақстандық бастамаға шетелдік және қазақстандық консультанттар іріктеліп алынғанын, олар жаздың ортасына таман халық арасында акцияларды орналастыруға қатысты ақтық жоспарды жариялайды деп мәлім етті.  

Барлық дерлік БАҚ-тар әр түрлі тұрғыдан жоспарланып отырған акцияның пайдасы мен зияны туралы жазды, ақпараттық-сараптамалық орталықтар олардың бірқатар талқылауын ұйымдастырды. Осыған байланысты аталған тақырыпқа деген үлкен қоғамдық қызығушылықпен ҚазТАГ «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ басқарушы директоры Питер Хаузға жүгінген еді.

 

- Citi, PWC, Visor Capital, Merlin, Kazkommerts Securities сынды консультанттардың қызметінің құны қанша тұрады?

 

 

-Белді аудиторлық, қаржылық, заңгерлік компаниялардан халықтық ІРО эмитент-компанияларын кәсіби бағалайтын тәуелсізконсультанттарды тарту - әлеуетті инвесторлардың, ең алдымен акцияларды сатып алғысы келген Қазақстан азаматтарының мүдделерін қорғаудың маңызды кепілі.

Ал олардың көрсететін қызмет құнына келетін болсақ, ол коммерциялық конфиденциалдық ақпараттар қатарына жатады. Оны жариялау келісімшартпен шектелген. Коммерциялық құпияны сақтау Қазақстан заңнамасымен де кепілденген.

 

- Ұлттық компаниялардың ашықтығын қамтамасыз ету үшін «Самұрық-Қазына» не істемекші?

 

- Ағымдағы корпоративтік басқару деңгейін бағалау үшін біз (KPMG-мен бірлесіп) 2010-шы жылы қордың 10 ірі компаниясында корпоративтік басқару жүйесіне диагностика жасағанбыз. Ол 2009-шы былы басталған жобаның жалғасы болды. Ол кезде еншілес жеті компанияға диагноз қойылған еді.

2010-шы жылы қор негізгі назарды 2009-шы жылы төмен рейтинг алған компаниялармен (ҚТЖ, «Қазпшта», «Қазатомөнеркәсіп») жұмысқа аударды. Қордың жүргізген жұмыстарының арқасында бұл компанияларда корпоративтік басқаруды жетілдірудің жоспары іске асырылып, олар жоғары баға алып, рейтингіден көш басында болды.

Мысалы, былтыр «ҚТЖ» рейтингінің өсуі 45,3%-дан 59%-ға дейін көтерілді. Соның арқасында ҚТЖ 2010-шы жылы еуробондтар шығарып, оған деген сұраныс ұсыныстан 8 есе артық болды.

Қазіргі кезде қор еншілес компаниялардағы қаржылық менеджменттің сапасын жақсартуға бағытталған ауқымды бірнеше кезеңдік бағдарламаны жүзеге асырып жатыр.

2011-ші жылы қор корпоративтік басқару деңгейін көтеру жұмыстарын жалғастыра бермекші. Корпоративтік басқару рейтингі компанияның негізгі көрсеткіші ретінде танылып отыр. Еншілес компаниялардың даму стратегиясында 2020-шы жылға қарай барлық еншілес компаниялармен корпоративтік басқару тәжірибесінің ең озық тәжірибесіне кем дегенде 75% сәйкестік деңгейіне қол жеткізу көздеруде. Ол жақында ғана Standard & Poor’s –та қолданыста болған 7+ баллына сай келеді.

Корпоративтік басқаруды көтеру жұмысының ақтық мақсаты қор компаниясының нарықтық және тиімді компнаия түріндегі ақтық трансформациясына қол жеткізу.  

 

- Мемлекет ұлттық компаниялардың акциялары халықтық ІРО-ға орналастырған соң арзандап кетсе, бұл әлеуметтік толқуларға алып келеді деп қауіптенбей ме?

 

- Азаматтар акцияларды сатып алу туралы шешімді жауапты түрде, өзі қандай инвестициялық тәуекелдерге баратыны түсініп, қабылдауы тиіс. Халықтық IPO шеңберінде арнайы түсіндіру науқаны жүргізіледі, оның барысында акцияларға иелік ету банк депозиттері сияқты кіріс көруге кепілдік бермейтіні айтылуға тиіс. Адам акцияларды сатып алып, компания иелерінің бірі болып, оның экономикалық көрсеткіштері өссе ғана, пайда табады. Және керісінше, экономикадағы жағдай қолайсызданып, кәсіпорын қиын жағдайға тап болса, акцияларының арзандауынан шығын көруі мүмкін. Нарықтық конъюктураның қолайсыз өзгеруі салдарынан, белгілі бір теріс факторлардың әсерінен акциялардың құны арзандауы мүмкін.

Егер азаматтар акцияларына иелік ететін компанияның жағдайы туралы ақпараттандырылса, азаматтар уақытша құбылудың, яғни, бағамның құбылуының акциялардың фундаментальді құлдырауынан айырмашылығы бар екенін түсінсе, толқуларға негіз болмайды. Біз халық арасында акцияларға иелік етуге байланысты тәуекелдер мен сыйақылар туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу керектігінің маңыздылығын түсінеміз.

Бұған қоса, ІРО өткізуге үміткер-компанияларды таңдаған кезде біз ұзақ мерзімді келешекке қараймыз. ІРО-ға корпоративті басқару деңгейі жоғары, ең тұрақты және тиімді компаниялардың акциялары ұсынылады. Корпоративті басқарудың ең маңызды белгісі ақпараттық ашықтық екені белгілі.

 

 - Егер компаниялардың басым бөлігі халықтық ІРО-ға дайын болмаса, IPO-ны 2012 жылға шегеру туралы шешім қабылдануы мүмкін бе?

 

- Компаниялардың ақырғы тізімі әлі анықталған жоқ. Демек, олардың дайындығына қатысты бірдеңе айту қиын. Біз ең ұтымды үметкер-компанияларды анықтау үшін мұқият сараптама жасаймыз. Іріктеу критерийлері листингтің алдында қолданылатын озық тәжірибеге негізделген. Бұған қоса, олардың қаржылық көрсеткіштеріне, басшылығына, корпоративтік басқаруына, ашықтығына, бизнес-стратегиясына ерекше назар аударылады.

 

-  ENRC мен «Қазақмыс» мемлекеттік пакеттерін ұсына ма?

 

- Бұл компаниялардың акцияларын бұқаралық орналастыру өткен жылдары жүзеге асырылды. IPO-ны екі рет өткізуге болмайды. Аталған компаниялардың акцияларын Қазақстандық қор биржасынан оңай сатып алуға болады.

 

- Оффшорлық еншілестері бар компаниялар халықтық ІРО-ға жіберіле ме? Ондай компаниялардың ІРО шеңберінде акцияларын қайта сатып алу және саудаласу құқықтары бола ма?

 

-Біз ІРО-ға дайындық және оны өткізуге қатысты осы және басқа сұрақтарға жауаптарды консультанттармен анықтап жатырмыз. Халықтық ІРО-ны өткізуге қатысты оңтайлы және негізделген шешімдердің нұсқалары, өткізу мерзімдері мен тәртіптері шілде айында қордың директорлар кеңесіне ұсынылатын есепте баяндалады.

Әрине, қор ІРО-ны ұлттық компаниялардың акцияларын сатып алып, олардың иелері атанғысы келетін барлық қазақстандықтардың мүдделері үшін өткізуді көздеп отыр. Ел азаматтары осы компаниялардың орнықты дамуына және Қазақстанның экономикалық өсуіне мүдделі болады, өйткені акциялар құнының өскенінен дивиденд түрінде табыс табатын болады.

Халықтық IPO шеңберіндегі жұмысымыз Қазақстан халқының қор нарығының қатысушылары атануға қызығушылығын тудыруға бағытталады. Біз Қазақстандағы инвестициялық мәдениеттің дамуына халықтық ІРО аса маңызды екенін түсінеміз. Азаматтардың үміттерін ақтап, қаржы секторына деген сенімді жоғалтып алмау маңызды. Осыған байланысты қор мен консультанттар халықтық ІРО аясында пайда болатын жаңа миноритарийлердің құқықтарын қорғау бойынша жаңа тетіктер әзірлеуге баса назар аударып отыр.

«Самұрық-Қазына» барлық негізгі компаниялардың басымдықты акционері болып қалатынын айта кету керек. Қазақстанның ұлттық байлықтарына бақылаудан айырылу туралы айтудың да қажеті жоқ.

Жалпы алғанда, Қазақстан әлемдік қаржы дағдарысын сәтті еңсерді. Қазақстан экономикасының және «Самұрық-Қазына» қорының құрылымына кіретін компаниялардың келешегі оң болып көрінеді. Шетелдік иневсторлар Қазақстанның күші мен табысына сенетіндіктен, осында жұмыс істеуге ниетті. Неге қазақстандықтарға өз елінің экономикасының дамуына қатысу мүмкіндігін бермеске?

 

Сонымен бірге, П. Хауз консультанттардың жұмысы аяқталмағандықтан, бірқатар төмендегідей сұрақтарға жауап бере алмады: миноритарийлердің мүдделері қаншалықты деңгейде қорғалады, халықтық ІРО барысында қандай көлемде қаржы тарту көзделіп отыр, (аты аталғандардан басқа) жаңа мемлекеттік компаниялардың акциялары ІРО-ға шығарыла ма?


adimage