Астана. 16 маусым. КазТАГ – Санкциялар «Росатом» компаниясының Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясының (АЭС) құрылысын салуына әсер етпейді, деп хабарлады ҚР Атом энергиясы агенттігі.
«(Ресейге қатысты санкциялар жобаның уақтылы жүзеге асуына – КазТАГ) әсер етпейді. Соңғы мәліметтерге сәйкес, «Росатом» санкциялық тізімдерде жоқ. Болашақта кейбір елдерде санкциялардың күшеюіне байланысты тәуекелдер туындаған жағдайда, бізде тиісті шарттық механизмдер қарастырылған, оларды қазақстандық компаниялар басқа жобаларда қолданған. Мысалы, санкциялық ескертпелер мен басқа да құқықтық құралдарды қолдану мүмкіндігі бар», – деп сендірді агенттік.
Сондай-ақ, ведомство атом энергетикасы әлеуметтік-гуманитарлық қажеттіліктер мен климаттық мәселелерге байланысты болғандықтан, санкциялық тізімдерге енгізілмегенін атап өтті. Шешім қабылдау кезінде агенттік санкциялық сәйкестік мәселелері бойынша халықаралық заңгерлермен кеңескен.
Еске сала кетейік, 14 маусымда Қазақстандағы алғашқы АЭС-ті ресейлік «Росатом» мемлекеттік корпорациясы салатыны белгілі болды. Екінші станцияны салу үшін қытайлық компанияның ұсынысы қарастырылуда.
Санкциялар «Росатом» компаниясының Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясының (АЭС) құрылысын салуына әсер етпейді
