Сатыбалдыдан Т733 млрд жуық активтер тартып алды, Дәулет Тұрлыхановтың Олимпиада туралы пікірі және тағы басқа тақырыптар дайджесті

Астана. 12 тамыз. ҚазТАГ – Сатыбалдыдан Т733 млрд жуық активтер тартып алды, Дәулет Тұрлыхановтың Олимпиада туралы пікірі және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.

Сатыбалды ісі: мемлекетке Т732,8 млрд активтері қайтарылды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалдыұлына қатысты «Қазақтелеком» АҚ, «Көлік сервис орталығы» АҚ қаражатын аса ірі мөлшерде жымқыру, қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастыру, сондай-ақ кедендік баждарды төлеуден жалтару фактілері бойынша қылмыстық істерді тергеді. Антикор оның нәтижелерін жариялады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Тергеу барысында Қ. Сатыбалдыұлы өз кінәсін толық мойындады. Залалды толық өтеді және тергеуге көмек берді.

Жалпы, 2022 жылдан бастап қазірге дейін Қ. Сатыбалдыұлы және онымен байланысты тұлғалардан мемлекетке заңсыз сатып алынған Т732,8 млрд немесе $1,6 млрд астам сомаға мүліктік активтер мен ақшалай қаражат қайтарылды. Оның ішінде $661,5 млн шетелден табылды, қысқа мерзімде Қазақстанға қайтарылды. Қ. Сатыбалдыұлымен белсенді ынтымақтастық нәтижесінде Австрия, Лихтенштейн, БАӘ, Түркия және тағы басқа елдерден қайтарылды.

«Қайтарылған активтерге әкімшілік ғимараттар, эксклюзивті зергерлік бұйымдар, люкс үйлер, пәтерлер мен автомобильдер, акциялар мен компаниялардың үлестері, теміржол жолдары мен ақша қаражаттары кіреді, соның ішінде шетелдіктер де бар», - деді антикор.

Айта кетсек, қайтарылған активтердің жалпы сомасы T732,8 млрд құрайды, олар:

«Қазақтелеком» АҚ акцияларының 28,8% - T93,8 млрд;
«КСО» АҚ – T30,2 млрд;

4 компаниядағы қатысу үлесі – T10,3 млрд;

Қазақстандағы мүліктік активтер – T158,5 млрд;

Эксклюзивті зергерлік бұйымдар – T105,39 млрд ($230 млн);

Қазақстандық шоттардағы ақша – T36,8 млрд;

Австриядан келген ақша – T36,8 млрд ($82,1 млн);

Лихтенштейннен түскен ақша – T116,7 млрд ($260,5 млн);

БАӘ-нен келген ақша – T6,3 млрд. ($14 млн);

Түркиядан келген ақша – T2,2 млрд ($4,92 млн);

Бағалы қағаздарды сату – T135,8 млрд ($300 млн).

«Париж Олимпиадасында Қазақстан намысын қорғай алмаған Рыбакина АҚШ-тағы турнирге қатыспақ»

Таяуда ғана Париждегі Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсете алмаған Елене Рыбакина енді АҚШ-тағы турнирге қатыспақ, деп хабарлайды Skifnews.kz.

«Рыбакина АҚШ-тағы турнирге қатысады… Қазақстандық Елена Рыбакина Цинцинатти WTA 1000 турниріне дайындығын бастап кетті. Қазір оның кордттағы видеолары кеңінен тарап жатыр. Жарыстың өзі 13-ші тамызда өтеді. Яғни, олимпиада біткеннен кейін бірден аталмыш бәсеке басталады», - деп жазды спорт журналисті Аслан Қаженов әлеуметтік желідегі парақшасында.

«Балуандарда жеңіске деген құлшыныс оты жанбады»: Дәулет Тұрлыхановтың олимпиадада сынға түскен балуандар туралы пікірі
Күрес Федерациясының президенті, Олимпиада ойындарының екі дүркін жүлдегері Дәулет Тұрлыханов Париж Олимпиадасында өнер көрсеткен балуандардан көңілі қалғанын айтты, деп хабарлайды Stan.kz.

Оның айтуынша, ел намысын қорғаған спортшылардың жеңіске деген құлшынысы болмады.

«Шынын айту керек, өз басым қазақ балуандары кемі екі-үш медаль алады деп ойладым. Бірақ, күрестің аты – күрес, олимпиада ойындарына ең мықты деген балуандар ғана келеді. Сондықтан, тек мықтылар ғана жеңіп шығады. Біздің балуандарда жеңіске деген құлшыныс оты жанбады. Демеу бауырымызда ғана көзінде от ойнап тұрды. Жеңіске деген құлшынысы да басқа балуандармен салыстырғанда өзгеше болды. Өзге балуандарымыздың күресіне көңілім толған жоқ», – дейді ол.

«БҚО-да мыс кабельдерін ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды»

Ақсай қаласында мыс кабельдерін ұрлаумен айналысып келген қылмыстық топ құрықталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».

Облыстың полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Бөрлі аудандық полиция бөлімінің криминалдық полиция қызметкерлері кәсіпорындардың бірінің қауіпсіздік қызметімен бірлесе отырып, үш жас жігітті қолға түсірді.

«Аталмыш топ Бөрлі ауданындағы мұнай-газ кәсіпорындарының біріне тиесілі мыс кабельдерді жымқырған. Сондай-ақ акционерлік қоғамдардың бірінің аккумулятор батареяларын ұрлаған. Ұсталғандар Ақсай қаласының тұрғындары екені анықталды. Олардың тұрғылықты жері бойынша санкцияланған тінту шараларын жүргізу кезінде күдіктілерден ұрланған заттар жартылай тәркіленді. Сонымен қатар полиция қызметкерлері жымқырылған заттарды сатып алушыны анықтады. Ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Келтірілген шығын көлемі анықталуда. Ұрлық деректері бойынша 6 эпизод негізінде қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Олардың осыған ұқсас басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр», - делінген хабарламада.

Фото көзі: Ашық дереккөз


adimage