Сауда және инвестиция жөніндегі Ұлыбритания министрі 5-6 қарашада Қазақстанға сапармен келеді

Күні: 15:09, 04-11-2014.

Астана. 4 қараша. ҚазТАГ – Ұлыбританияның сауда және инвестиция жөніндегі мемлекеттік министрі лорд Ливингстон 5-6 қарашада Қазақстанға сапармен келеді, деп хабарлады Ұлыбритания сыртқы істер және достастық істері жөніндегі министрлігінің баспасөз қызметінен.
«Ол Астанада британия-қазақстандық бірінші үкіметаралық комиссия отырысына қатысады», - делінген сейсенбі күні таратылған хабарда.
Хабарда айтылғандай британия-қазақстандық үкіметаралық комиссия отырысынан басқа бірнеше дөңгелек үстел ұйымдастырылып, ол қазақстандық және британиялық бизнестің тікелей қарым-қатынасын дамытуға септігін тигізеді. Бірінші отырыс аясында бірнеше екіжақты меморандумға қол қою жоспарлануда.
Одан басқа, Л.Ливингстон бірнеше кездесу өткізеді.
Британия-қазақстандық үкіметаралық комиссия (ҮАК) құру идеясы ҚР президенті Н. Назарбаев пен Ұлыбританияның премьер-министрі Дэвид Камеронның кездесуінде 2013 жылы ұсынылған болатын. Комиссияның жұмысы ресми түрде 2013 жылы қарашада Лондонда басталған. ҮАК мақсаты – Ұлыбритания мен Қазақстан арасында білім; ғылым, инновация мен мәдениет; энергетика салаларында жоғарғы деңгейдегі үкіметаралық диалогты қамтамасыз ету.  


Жаңалықтармен бөлісу: