Сергей Смирнов: Қазақстанда ЖЖМ бағасының көтерілуіне көтерме саудагерлер мен ірі трейдерлер мүдделі

Алматы. 17 қыркүйек. ҚазТАГ – Куба Туратбеков. Қазақстанның жанар-жағар май құю стансаларында көп жылдан бері ЖЖМ жетіспеушілігінің себебі мұнай өңдеу саласындағы проблемаларға байланысты. Бұл ретте Қазақстандағы 3 мұнай өңдеу зауыттарын жетілдіру мәселесі үнемі кейінге қалдырылып келеді. Сонымен қатар ҚазТАГ агенттігіне берген сұхбатында мұнайгаз секторының сарапшысы Сергей Смирнов Қазақстанда ЖЖМ бағасының көтерілуіне көтерме саудагерлер мен ірі трейдерлер мүдделі екенін айтты. 

 - Сергей Леонидович, ЖЖМ тапшылығы дәстүрге айналды. Қазақстанда неге осындай жағдай қалыптасады? Мәселе МӨЗ-дерді жөндеуде ғана ма?

 - Сөзсіз! Бар проблема дәл сол мұнай өңдеуде, себебі талай рет айтылды, біздегі МӨЗ-дер ішкі тұтыныстың тек 60%-ын қамтамасыз етеді, ал қалған 40%-ын сырттан әкеледі. Ал бар үш мұнай өңдеу зауытын жетілдіру үнемі кейінге қалдырып келеді. 2010 жылы президент Н. Назарбаев МӨЗ-дерді жетілдіру 2014 жылы аяқталады деп мәлімдеген. Ал қазір, өзіміз көріп отырғандай, 2014 жыл аяқталып келеді, ал МӨЗ-дерді жетілдіру сол қалпында, керісінше, ЖЖМ тапшылығы арта түсті. Ал, биылғы мамыр айында кезекті кешенді жоспар жарияланған, онда мұнай өңдеуші зауыттарды жетілдіру тек 2018 жылы ғана аяқталатыны, және сол кезде жылына 18,5 млн мұнай өңделетіндігі айтылған. Ал қазір жылына 14 млн тонна мұнай өңделуде. Және сонда ғана, шенеуніктердің пікірінше, елдегі ЖЖМ тапшылығы проблемасы шешілмек. 

 - Сіз, осы соңғы жылдары біз жаңа МӨЗ сала алатын едік және сол арқылы жылда МӨЗ-дерді жөндеу проблемасы мен ЖЖМ тапшылығы проблемасынан құтылар едік деген көзқараспен келісесіз бе? 

 - Сөзсіз келісемін! Қазір салып қояр едік. Зауыттарды жетілдіру туралы сөз қозғағанда, жаңа зауыт салуға қарағанда жетілдіру арзан болады деп айтылды. Сондықтан біз зауыттарды жетілдіріп отырмыз, жаңасын салмай. МӨЗ-дерді жетілдіру мәселесі көтеріле бастағанда барлығын жетілдіруге $3-4 млрд қаражат кетеді деп айтылғаны менің есімде. Кейін ол цифр $4 млрд-тан аса бастады. Ал қазір зауыттарды жетілдіру $6 млрд болады деп жүр... Ал осы $6 млрд-қа жаңа зауыт салған болар едік, және артылып ақша да қалар еді. Жаңа МӨЗ-бен проблема шешілмейді. Биыл президент халыққа жолдауында наурыздың аяғына дейін жаңа зауыт салу жобасын, оның салынатын жерін анықтауды тапсырды. Ал жыл болса аяқталып келеді, ал біз ол зауыт қайда, қашан салынып бітетінін, қуаты қандай болатынын білмейміз... Бұл жерде проблема біздің жолдарымыздағыдай деп ойлаймын. Шындап келгенде, жолдарды бір рет тамаша қылып жөндесе болды ғой, проблема болмайды. Жолдарды үнемі жөндеп отыру көптеген бизнесмендерге қаражат көзі, сол сияқты МӨЗ-дерді жетілдіру де табыс көзіне айналғандай.

 - Сіз қалай есептейсіз, Қазақстанда бензин лоббиі бар ма? Мысалы, үнемі ЖЖМ бағасын көтеріп отыру және оның үнемі тапшылығы кімдерге тиімді? 

 - Баға көтерілуіне бірінші кезекте көтерме саудагерлер мен ірі трейдерлер мүдделі деп ойлаймын. Атырау облысында да жағдай осындай – онда өздерінің МӨЗ-і бар ғой. Оның үстіне ондағы басшылардың айтуынша, олар биыл мұнай өңдеуді былтырғыдан арттырып отыр. Соның өзінде Атырау облысында бензин тапшылығы бар. Бұл жерде МӨЗ-дерді, олар мұнайды басқа жаққа жіберуде деп айыптаудың реті жоқ. Сондықтан біздің зауыттардың барлығы «берушілік сұлбасымен» жұмыс жасауда: ресурс иелері шикі мұнай өндіреді, оны зауытқа әкеліп береді, зауыт процессингі үшін (мұнай өңдегені - ҚазТАГ) ақша алады, ал одан ары ресурс иесі мұнай өнімдерін кері алады. Сондықтан ресурс иелері бензин тапшылығын тудыруға мүдделі ма деген ой туындайды, себебі баға көтеріліп келеді ғой.

 - Сонда монополшылар көтерме нарықта үнемі баға жағынан ымыраға келіп (оны жоққа шығаруға болмайды), нарықты шайқалту үшін бөлшек саудаға шығаратын өнім көлемін әдейі азайтып отырады деуге бола ма?

 - Былтырғы наурыз айында көтерме сауда бағасын да реттеу керек деген шешім қабылданды. Ол кезде тапсырма сол кездегі мұнай және газ министрлігіне жүктелді. Министрлік ол мәселені құрдымға жіберді. Ал былтырғы қыркүйек айында сол кездегі мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин көтерме саудадағы бағаны реттеу тиімсіз, себебі қолданыстағы МӨЗ-дер жетілдірілмей жатыр, деп мәлімдеді. Ал МӨЗ-дерді жетілдіру мен көтерме сауда бағасын реттеу арасында қандай байланыс барлығын мен білмеймін. Көтерме баға реттелмейтін болса, олар оны бөлшек сауда ретінде қыспаққа ала алады және ол қазір орын алуда. АИ-92 бағасы литріне Т128-ге дейін көтерілген сияқты, ал бөлшек саудагерлер онда кіріс тым аз деп шағымдануда. Егер көтерме сауда бағасын реттеп, ал бөлшек саудаға нақты тиімділік пайызын белгілесе, онда, кем дегенде, баға мәселесін шешуге болар еді. Қазір АИ-92-ге баға көтерілді, және ол бағаны қалайша анықтағаны түсініксіз. Мәселен, биыл мұнай бағасы мен доллар бағамы өзгеріп кетті. Девальвация доллар бағамын өзгертті, ал қазір мұнай бағасы $115-тен $98-ге дейін түсті. Әлемдік нарықта мұнай бағасы құлады, ал бізде дизелдік отын бағасы көтерілуде. Қазақстан өндіруші ел сияқты, ал бензин бағасы артуда, сапасы жақсармайды, тағы да – тапшылық. Баға өсетіні – ол нарық заңы. Тапшылық кез келген тапшы тауар бағасының өсуіне әкеледі. Сондықтан, импортқа тәуелді болмау үшін, өзіміздің өндірісімізді дамыту керек. 

 - Бүгіндері қарапайым қазақстандықтардың қымбаттап бара жатқан бензинді сатып алу қабілеттігі қандай, айталық, сол еуропалықтармен салыстырғанда, шенеуніктер солай салыстырғанды ұнатады ғой? 

 - Ең қымбат бензин – Норвегияда. Ал біздің шенеуніктер ең арзан бензин Қазақстанда деп отыр. Сол Норвегияда, олар орташа жалақыларына 1200 литр АИ-92 бензинін сатып ала алады. Ал біздегі орташа жалақыға шамамен 600 литр бензин сатып ала аласыз. 
 
- Бұл уақытта ресейлік бензинге деген тәуелділік артып келеді.

 - Иә, ресейлік бензинге тәуелділік артуда. Импорт динамикасына қарасақ, 2011 жылы АИ-92 сұраныстың 30% мөлшерінде импортталса, 2012 жылы - 35%, ал 2013 жылы АИ-92 импорты сұраныстың 37% болды, яғни жыл сайын импорт артып келеді.

 - Сұхбатыңызға рахмет.

adimage