Үш кәсіби өңіраралық орталықты 2016 жылы іске қосу жоспарлануда - ҚР БҒМ

Күні: 19:19, 20-10-2014.

Атырау. 20 қазан. ҚазТАГ -  Үш кәсіби өңіраралық орталықты 2016 жылы іске қосу жоспарлануда, деп хабарлады ҚР БҒМ министрі Аслан Сәрінжіпов.

«2016 жылға қарай  үш кәсіби өңіраралық орталықты іске қосу жоспарлануда. Бұл нысандардың құрылысы бірнеше жыл бұрын басталған. Алайда жауапсыз мердігерлердің кесірінен құрылыс тоқтатылған болатын. Қазіргі таңда сот процесі жүруде. Іс Өскемен мен Павлодар бойынша сотта қаралуда. Білім министрлігі техникалық аудит өткізуде. Бізде жыл соңына дейін барлық жұмысты аяқтауы тиіс мердігер бар. Қателіктер жіберілгендіктен  техникалық аудитке сүйене отырып біз жаңа ЖСҚ әзірлейміз», - деді дүйсенбіде А. Сәрінжіпов.

Оның айтуынша, келер жылдың жазында жұмыстар қайтадан жандана түседі.

«Атыраудағыдай  жүйе бойынша 2016 жылы іске қосу үшін және қалған 10-15% жұмысты аяқтау үшін. Біз өзге де облыстардағыдай орталықтар пайда болады деп үміттенеміз. Салалары әр түрлі болады. Әр аймақтың өз бағдарламасы бар, өңірдің экономикалық бағдарламасына байланыстырылған. Мәселен, шығыста ол машинақұрылысы, оңтүстікте - құрылыс», - деп атап өтті А. Сәрінжіпов.

Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың басында мамандарды даярлау және қайта даярлау бойынша өңіраралық оқу орталықтарының құрылысы барысында бірқатар заңбұзушылықтарды прокуратура қызметкерлері анықтады. 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік білім беруді дамыту бағдарламасы аясында жастардың кәсіби білім алуы үшін 2014 жылға қарай Атырау, Екібастұз, Шымкент және Өскемен қалаларын өңіраралық кәсіби орталықпен қамтамасыз ету қарастырылған. Орталықтардың құрылысы үшін республикалық бюджеттен Т11,4 млрд. бөлінді. Бүгінде жоспарланған нысандардың тек біреуі ғана Атырауда іске қосылған.


Жаңалықтармен бөлісу: