ШҚО-да Берел қорғанының аумағында ашық аспан астындағы музей ашылды

Күні: 13:59, 05-09-2018.

Астана. 5 қыркүйек. ҚазТАГ – Шығыс Қазақстан облысындағы әлемге әйгілі Берелдегі №11 қорғанның аумағында ашық аспан астында музей ашылды, деп хабарлады ҚР мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметінен.
«Шығыс Қазақстан облысындағы әлемге әйгілі Берелдегі №11 қорғанның аумағында ашық аспан астында музей ашылды. Бұл жобаны Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени музей – қорығы жүзеге асырды», - деп хабарлады сәрсенбіде баспасөз қызметінен.
ҚР МСМ еске салғандай, Берел қорғандары – Қазақстандағы сақ дәуірі кезеңінің органикалық заттары сақталған жалғыз тарихи ескерткіш.
«Қорым б.з.б. V-IV ғасырларда салынған. Берел қорымы Бұқтырма өзенінің оң жағалауында Берел ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 7 шақырым жерде, таулы аңғарда орналасқан. Қорымның құрамында 100-ден астам оба бар», - делінген хабарда.
Өткен ғасырдың аяғындағы археологтар ашқан әлемдік деңгейдегі үлкен жаңалықтардың бірі – осы Алтайдағы Берел қорғандары. Берел қорғандарынан табылған археологиялық ескерткіштер, шын мәніндегі, әлемдік үлкен жаңалық, айтулы ғылыми табыс ретінде бағаланды.
Хабарда айтылғандай, Берел қорғандарының аумағында «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы  аясында 2008 жылы 4 шілдеде Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 674 Қаулысымен «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени музей – қорығы құрылған болатын.
.


Жаңалықтармен бөлісу: