ШҚО-да екі үй мен 13 ауланы су басты

Алматы. 29 наурыз. ҚазТАГ- Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай ауданында екі үй мен 13 ауланы су басты, деп хабарлады ШҚО ТЖД баспасөз қызметінен.
«Бесқарағай ауданында құтқарушылар Куликов өзеніне жақын орналасқан үйлердің аулаларынан суды сору жұмыстарын жүргізуде. (…) Екі үйді су басқан. Үйлердің бірінің үш тұрғынына уақытша үй берілді. Екінші үйдегі адамдарды эвакуациялау жұмыстары қажет етілмеді, себебі ол үйде ешкім тұрмайды екен. Сонымен қатар 13 аулаға су кірген», - делінген жұмада таратылған хабарда.
Департаментте атап өткендей, су деңгейі жер астынан шыққан су салдарынан көтерілуде.
«Осы жылдың ақпаны мен наурызында жергілікті атқарушы орган су басу қаупін жою үшін ұзындығы 2 шақырым етіліп өзен жанына топырақ төселді. Алайда өзен деңгейінің күрт көтерілуіне орай су арнасынан асып, жақын маңдағы үйлердің аулаларына жайылуда», - деп түсіндірді облыстық ЖД-ден.
Хабарда аталғандай, оқиға орнында Бесқарағай ауданы ӨҚ-54, Семейдің СӨҚ-2 құтқарушылары және жергілікті атқарушы орган жұмыс жасап жатыр.
«Қазіргі таңда мотопомпалардың көмегімен 25 мың текше метр су сорылды. Жұмыстар жалғасуда. Ауылдың солтүстік бөлігінде суды Куликов өзенінен шеткері алып кету үшін ұзындығы 150 м арық қазу жұмыстары жүріп жатыр. Жергілікті атқарушы орган күштері инертті материалдар төсеуде. Сонымен қатар ертең Кривинка, Семияр ауылдары маңындағы Ертіс өзенінде сақтық үшін өзеннің аталмыш ауылдарына жақын бөлігінде мұз жару жұмыстарын жүргізбек», - делінген хабарда.
Хабарда атап өтілгендей, облыста ауа температурасының жоғарылуына байланысты ШҚО ТЖД күштері мен құралдары күшейтілген жұмыс тәртібіне көшірілген. Дағдарыс орталығында жедел штаб жұмыс жасап жатыр.

adimage