ШҚО-да пеш жағу кезінде сегіз жасар ер бала қолы мен бетін күйдіріп алды

Астана. 19 қараша. ҚазТАГ – Шығыс Қазақстан облысында пеш жағу кезінде сегіз жасар ер бала қолы мен бетін күйдіріп алды, деп хабарлады ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметінен.
«18 қарашада ШҚО Жарма ауданы Қалбатау ауылында ауруханаға қолы мен бетінің 18%-ын күйдірген 2011 жылы туған ер бала түсті. Зардап шегуші баланың пеш жаққаны, ол үшін бензин қолданғаны белгілі болды. Сол кезде от жалындап, ол беті мен қолын күйдіріп алған», - деп хабарлады сейсенбіде ТЖК ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметов.
Сондай-ақ, ол хабарлағандай, 18 қарашада Жамбыл облысы Меркі ауданы Ақермен ауылында жеке тұрғын үйде 1983 жылы туған үй иесі табиғи газдан уланып, ауруханаға түскен.
«Оған себеп табиғи газбен жылытылатын пешті пайдалану ережелерінің сақталмауы болып отыр (мұржасы тазартылмаған)», - деді ТЖК ресми өкілі.
Сонымен қатар, ол хабарлағандай, 18 қарашада Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы Ақтоғай ауылының шетінде мешіт аумағында бөлек тұрған қазандықта 1966 жылы туған от жағушы ыстан уланып, ауруханаға түскен.
«Улануға қатты отынмен жылытылатын пешті пайдалану ережесінің сақталмауы себеп болып отыр», - деді Нұрахметов.

adimage