ШҚО мектеп бухгалтері шамамен Т1,5 млн жымқырған деп күдіктелуде

Алматы. 21 мамыр. ҚазТАГ- Шығыс Қазақстан облысы мектеп бухгалтері шамамен Т1,5 млн жымқырған деп күдіктелуде, деп хабарлады Yk-news.kz.
«№14 орта мектепте бас бухгалтер қызметінде жұмыс жасай жүріп, Риддер тұрғыны 2016 жылдың қаңтарынан 2018 жылдың желтоқсанына дейін ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысқа жол берген. Ай сайын мектеп қызметкерлеріне тиісті жалақыны аударғаннан кейін үнемделген қаржы түріндегі қалған ақшаны өзінің картасына аударып отырған», - деді сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің тергеу басқармасының басшысы Дәурен Қаратай.
Хабарда айтылғандай, 3 жылда бухгалтердің атына «үнемделген қаржы түріндегі» Т1,4 млн ақша аударылған.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің тергеу басқармасында аталмыш қылмысқа бухгалтердің қызметіне бақылаудың жоқтығынан, мектеп директоры мен білім бөлімі қызметкерлерінің тарапынан ұйымдастырушылық жұмыстың әлсіздігінен жол берілген деп отыр. Себебі 3 жыл ішінде №14 мектептің бухгалтерлік есебі бірде-бір рет тексерілмеген», - делінген хабарда.
Хабарда атап өтілгендей, тексеру қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі білім бөліміне жыл сайын кесте бойынша ведомствоға бағынышты мекемелерін тексеруді, ал олардың басшыларын арнайы курстарда электронды санды қолтаңбаны қолдануға үйренуге ұсыныс жасады. Сол кезде ЭСҚ бухгалтерде емес басшының өзінде болатын болады.
Сонымен қатар, білім бөлімінің лауазымды тұлғалары мен №14 мектеп директорын тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесі қаралатын болады.

adimage