«ШАҢЫРАҚТЫҢ» ШЫНДЫҒЫ кейіпкерлер көзімен...

 Алматы. 6 желтоқсан. ҚазТАГ - Жұлдыз Әбділда. Тәуелсіздігінің 20 жылдығын тойлайын деп отырған Қазақстан тарихының әлі де болса, қазіргі заманғы ақтаңдақ беттері бар. Олардың біріншісі -Желтоқсан оқиғасы болса, екіншісі - шаңырақтағы оқиғалар...

2006 жылы 14 шілде күні Алматының іргесіндегі «Шаңырақ» ықшамауданында полиция мен қарапайым халықтың арасында қақтығыс болды. Осы оқиғада Бостандық аудандық ішкі істер департаментінің қызметкері, тергеуші Әсет Бейсеновтің үстіне белгісіз біреулер жанармай құйып, от қойып жіберді. Үшінші, төртінші дәрежелі күйік алған Әсет Бейсенов екі аптадай ауруханада жатып, көз жұмды.  

Оқиға болған күннен бастап бас-аяғы бір айға жуық уақыттың ішінде жүзден астам адам қамалып, сұраққа алынды. Солардың ішінде 25-інің үстінен қылмыстық іс қозғалып, 24-і әртүрлі дәрежедегі қылмыстық жазаға тартылды. Соның ішінде төртеуі әлі де түрмеде жазаларын өтеп жатыр.

Ал біз сол оқиғаға тікелей қатысқан, жауапқа тартылып, шартты жазамен босап шыққан Марғұлан Сүйіндіков пен Аят Темірбаевты әңгімеге тарттық.

Өткен бес жылда «Шаңырақтың» о баста қалай пайда болғаны, оқиғаның неден басталып, немен аяқталғаны туралы аз жазылған жоқ. Ал біз осы екі азаматтың бастарынан өткерген жағдайды ғана көрсетуге тырыстық.

 

Марғұлан Сүйіндіков 1974 жылы дүниеге келген. Отбасылы, екі баланың әкесі. Үш жылдық шартты жазаға сотталған. Ал Аят Темірбаев 1985 жылы туылған. Үш жылдық сынақ мерзіміне кесілген Аят түрмеден шыққаннан кейін шаңырақ көтерген. Бүгінде екі баланың әкесі.

 

Бес жыл өтті. Осы уақыт ішінде «Шаңырақ» тұрғындарына демеу болған оң өзгеріс бар ма? Осы бес жылда, жалпы, не өзгерді?

 

Марғұлан:

– Ең бастысы, құжаттарымызды қолымызға алдық, үйлеріміз, жерлеріміз заңдастырылды. Басқа ешқандай өзгеріс жоқ. Түрмеде жатқан төрт азаматымыздың жағдайы ауыр. Қазір шығаратын түрлері байқалмайды.

 

Аят:

– Тұрғындар өзінің күшімен тырбанып, суын тартып, жарығын түсіріп, тірлігін істеп жатыр. Халық әбден шаршап, титықтады. Басқа барар жері, басар тауы жоқ болғасын, тұрып жатыр. Аздаған мүмкіндігі барлары кетіп қалудың қамын жасауда. «Шаңырақта» тек қана қазақтар тұрады. Алматының басқа аудандарында бар игілікті біз көре алмай отырмыз, сол ғана жанға батады. Әйтеуір, халықтың ауызбіршілігі жақсы, соның арқасында осы күнге жетіп отырмыз.

 

Марғұлан:

– Сайдың ішінде тұратын халыққа биліктің көзқарасы әлі күнге дейін дұрыс емес. Ел ішінде жүріп, ел аман, жұрт тынышта «халық жауы» болып отырмыз. Әлеуметтік қамсыздандыру деген жоқтың қасы. Көктемде, күзде батпаққа батып жүреміз. Өз күшімізбен тас түсіріп, топырақ төгіп, жолды жөндеген боламыз. Жыл сайын ақша жинай берген де ұят. Ол жердегі халық та жетісіп отырған жоқ. Жазда шаңнан көрінбейді. Орталық көшелерге асфальт төсеп, әдемілеп қойған, ал былай шыға берсеңіз, сұрықсыздық, сиықсыздық...

 

– «Шаңырақ» оқиғасының бел ортасында жүрдіңіздер, істі болып, жаза тарттыңыздар. Осы жағдайдың сіздердің өмірлеріңізге, болашақтарыңызға әсер-ықпалы қандай болды? «Шаңырақ» шайқасына қатысу сіздерге не берді?

 

Марғұлан:

– «Шаңырақ» оқиғасына дейін басқа адам болсақ, одан кейін мүлдем басқа адам болып шықтық. Өмірімізге өшпестей із қалдырды.

 

Аят:

–Бүкіл ойлау жүйеміз, психологиямыз, көзқарасымыз өзгерді. Билікке деген жеккөрушілік сезім басылған жоқ. Денсаулығымыз дұрыс емес. Жасымызға жетпей ауру болдық. Адам қатарлы жұмыс та істей алмаймыз, «сотталған» деген сөз алдымыздан шығады. Күнкөріс үшін жалданып істейміз, басқа амалымыз жоқ.

 

– «Шаңырақ» оқиғасы туралы сот материалдарын, ресми құжаттарды қарап отырсақ, мұның «адамдар тобының ұйымдасуымен, алдын ала сөз байласуымен болған жаппай тәртіпсіздік» екенін көреміз. Үкімде де, басқа құжаттарда да солай деп көрсетілген. «Шаңырақтағы» жағдайдың алғышарттары туралы, одан кейінгі оқиғалар туралы айтпағанда, дәл сол оқиға болған күнгі, яғни 14 шілдедегі шындықты білудің өзі қиынға соғып тұр. Сіздердің осы оқиға кезіндегі рөлдеріңіз қандай болды? Оқиға қалай басталып, қалай аяқталды? Ауыр да болса, тағы бір рет еске түсірейікші.

 

Аят:

– «Шаңырақтағы» жағдайдан бір апта бұрын «Бақайда» жантүршігерлік оқиға болды. Ол жерде жүкті әйелдерді іштен теуіп, нәресте ұйықтап жатқан үйлерді күреп тастау секілді жауыздыққа, қатігездікке жол берілді. Сол себепті біз алдын ала қамдандық. Қамданғанда біреуді қырып-жояйық деген ойымыз болған жоқ, алдыңғы жаққа үлкен кісілерді, балаларды тұрғыздық. Ақ жаулықты аналарымыздан аттап өтпейтініне сенімді едік. Бірақ, полиция мен арнайы жасақ фашистерді қыруға келгендей, бас-көзге қараған жоқ.

 

Марғұлан:

– Артық айтсам айып етпеңіз, хайуан сияқты келді ғой. Сосын өздеріне сай жауап беруге тура келді. Соғыстық. Алдын ала дайындық жасап, тас әкеп түсіргенімізді де жасырмаймыз. Өйткені, «Бақайдағы» жағдайдан кейін бәріне дайын болуымыз керек еді. Оқиғаның белортасында, ішінде жүрдік. Кейін бәріміз ұсталдық. Шетінен шыққаны шықты, 25 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалды.

Ең бір өкінішті жағдай – полиция қызметкері Әсет Бейсеновтің өлімі. Оған отты кімнің қойып жібергенін бағамдап та үлгермедік. Әдейі, қасақана біреу қойып жіберді ме деп ойлаймын. Қазір сол кезде сіріңке лақтырған адамды көрдім дегендер де шығып жүр, барлығы бір Аллаға аян. Бірақ, Әсеттің өліміне ең бірінші кезекте оның басшылары және сол жерде болған полиция қызметкерлері кінәлі. Әсет кеңседе отырып жұмыс істейтін тергеуші, оны от пен оқтың ортасына жіберуге болмайтын еді. Бұл – бір. Екіншіден, қолда кепілде адам отырғаннан кейін полиция не оны босатуға әрекет жасауы керек, не ешқандай әрекетке бармай, әліптің артын бағуы тиіс емес пе? Келіссөз жүргізіп, кепілдегі адамды шығаруға әрекет етулері керек еді, өйткен жоқ. Халықтың ашу-ызасын тудырып, отқа май құйғандай, алдыға қарай лап берді. Бері қарай жүгірген топ форма кимеген, жай киіммен жүрген адамдар болатын. Сол сәтте лап ете қалды. Кім өртеді, қалай өртеді, байқап та үлгермедік. Әсет он күннен аса аурухана жатты, тірі жатты. Түсірілімдерді қарасаңыз, боқтап бара жатқанын көресіз. Өз аяғымен, сөйлеп-ақ кеткен жігіт. Бірақ, амал қайсы... Бір айта кетерлігі, ашуға булығып тұрса да, халық дереу қимылдап, отты өшіріп алды. Ал полицейлер халықты адам құрлы көрген жоқ. Күліп, мазақтап, кекетіп, онсыз да жаны ауырып тұрған жұртты одан бетер ызаландырды. Әбден ашуға булыққан халық та аянып қалған жоқ. Тіпті, бетперделеріне дейін сыпырып тастап, ашық кірісті.

Ал Аронның қайдан келгенін, кім екенін, не үшін жүргенін біз білген де жоқпыз. Әйтеуір, таяғын ұстап алып жүрді. Керісінше, біз үлкен адамның аяққа оратылып жүргенін онша жақтырмадық. Ақырында сол Арон бәрін ұйымдастырушы болып кетіп отыр. Ал ұйымдастырған – халық. Ақпаратты берген полицейлердің өздері. Олардың арасында да сол арада жері бар жігіттер бар болатын. «Жігіттер, жиналыңдар, осылай да осылай болғалы жатыр» деп бізді құлақтандырып отырды. Түнгі он екіде телефон соғып, «сбор болып жатыр» деді. Түнімен ұйықтаған жоқпыз, күзетте болдық.

 

– Оқиға болғаннан кейін орган қызметкерлері жүзден астам адамды қолға түсірді. Оны ішінде 25-інің үстінен іс қозғалды, біреуі ақталып шығып, қалған 24-і сотталды. Осылардың ішінде мүлдем кездейсоқ кіріп кеткен адамдар бар ма?

 

Марғұлан:

– Роман Жаппасов пен Қуаныш Отарбаев сырттан келіп арандап кеткен жігіттер. Олар бәрі бітіп, болары болып, бояуы сіңген кезде келген. Жай ғана көруге келіп, арандап кетіп отыр. Камераға түсіріп алған, таксистке көрсеткен. Ал ол таксист полиция қызметкері болып шыққан.

 

– «Шаңырақтағы» қақтығысқа тікелей қатысы бар Нұрлан Самалихов пен Болат Қыдырғожаев кейіннен өздері істі болып, сот залына қолдары кісендеулі күйі келгені мәлім. Сол Самалиховпен бетпе-бет кездескенде «дүние – кезек» деген шығарсыздар...

 

Марғұлан:

– Самалиховтар «Нұрбанкке» байланысты өздері істі болып, оларды сот отырысына Ұлттық қауіпсіздік комитетінің изоляторынан алып келді. Қолдарында – кісен. Сот отырысының алдында қалалық соттың жертөлесінде кездестік. «Кемедегінің жаны бір», бәріміздің жағдайымыз мәз емес еді. Сәлем берістік. Самалихов бірден айтты: «Жігіттер, өткен өтті, кеткен кетті. Біз сендердің ешқайсыларыңның үстіңнен қарсы сөз айтқалы жатқан жоқпыз. Бізге бұйрық берілді, біз оны орындадық. Қазір өзіміздің басымыздағы жағдайымыз мәз емес. Бізге реніш болмасын», – деді. Бәріміз бір қазақтың баласымыз, олар да, біз де темір тордың ар жағында отырмыз, оларға несіне ренжиміз?!

 

– Дәл 14 шілде күні, оқиға болып жатқанда Самалихов пен Қыдырғожаевты көрдіңіздер ғой. Сонда несімен естеріңізде қалды?

 

Аят:

– Самалихов басқарып жүрді. Жексембеков, Бугаев дегендер болды. Мені тергеуге алып жатқанда Бугаевтың өзі келді. Жаман сөз айтқаннан кейін намысым жібермей, мен де жауабын қайтардым. Сонда кабинеттен шығып бара жатып: «Басына пакет кигізіп қойыңдаршы, аузын жапсын», – дегені әлі көз алдымда. Басымызға пакетті кигізеді, жұлып алады. Кигізеді, жұлып алады. Одан гөрі біржола өлтіріп тастағандары жақсы еді дейсің. Үш күннен кейін көрге де үйренесің деген рас екен, ұра-ұра етіміз пісіп кетті. Таяққа мыңқ етпейтін болдық. Бір күні біреуі аяғымды шешіп, түйрегішті тырнақтың астына тығып алғанда, жаным көзіме көрінді. Ұрып-соғу оның жанында айналайын болып қалды. Сондағы айтатындары «Аронға қарсы сөйле, Тараншиевке, Өтегеновке, Тұяқовқа қарсы көрсетпе бер...».

 

Марғұлан:

– Тергеу кезінде балалардың көрген азабын бір сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ойларына келгенін істеді. Бұл кезде барлық билік Ішкі істер министрлігінен келген тергеу тобының жетекшісі Тельман Елубаевтың қолында болды. Сол бәрін бақылап отырды. Кейін қайтыс болып кетті де, сотқа да келмеді.

 

– Ұрып-соққан оперларды да білесіздер ғой?

 

Марғұлан:

– Әрине, өмірі ұмытылмастай азап көрсеткен адамды қалай ұмытасың? Алмас, Алмат, Нұржан деген жігіттер болды. Бостандыққа шыққаннан кейін бір күні дүкеннен шығып едім, жол полициясы тоқтатты. Қарасам, ақ түсті «Мерседес» тұр екен. Ішінен баяғы өзімізді ұрып-соққан Қадыр деген жігіт шығып келе жатыр. Сәлем берді. «Не, аңдып жүрсіңдер ме?» – дедім бірден. «Жоқ, басқа біреуді аңдып жүргенбіз. Сені әншейін мында кіріп бара жатқаныңды байқап қалдық. Сосын тоқтатып едік. Реніш жоқ шығар, біздің жұмыс сол ғой», – деп ақталған болды. Оларға не деп ренжисің?! «Әй, бірақ, қараңғы бұрышта кездессек, қарап қалмассың», – дейді тағы. «Оны қараңғы бұрышта кездескенде көрерміз», – деп мен де қалжыңдаған болдым.

 

– Оқиға барысында Махмаханов несімен естеріңізде қалды?

 

Марғұлан:

– Махмаханов тюбетейкасымен есте қалды. Шешен халқының ұлттық бас киімін киіп алып, «Приказ, приказ!.. Закон обратной силы не имеет!..» деп ісіп-кеуіп жүрді. Тағдырдың жазуын көрмейсіз бе, кейін осы Махмахановты өлтірген жігіттермен түрмеде кездестік. Қазақтың қарапайым жігіттері. Әбден теперіш көрсеткеннің ақыры қантөгіске алып келген. Ұлтының намысын аяққа таптатпағаны үшін де ол азаматтарды сыйлауға болады деп ойлаймын.

 

– Сот өзінше, ал адамгершілік тұрғыдан алғанда судьялар, айыптаушылар туралы не айтасыздар?

 

Марғұлан:

– Менің өз ойым, Бейімбетовке салса (Адайбек Бейімбетов, іс бойынша төрағалық етуші судья), мұнша қатал үкім шығармас та еді. Біздің қылмыс жасағанымыз жөнінде ешқандай дәлел болған жоқ. Көпе-көрінеу қиянат болды. Оны сот төрағасы жақсы білді. Бір күні бізге жертөлеге өзі келді. «Жігіттер, өздерің менен жақсы біліп отырсыңдар ғой. Кім шығады, кім қалады, бәрі белгілі. Менің қолымда тұрған ештеңе жоқ», – деді. Бізді Айбатыр, Бауыржан Ибрагимовтердің көрсетпесі бойынша соттады ғой. Ол екеуі де «іштен шыққан «жау». Артынан көрсетпелерінен бас тартты, бірақ одан еш қайыр болмады.

Менің жеке басыма қатысты ешқандай көрсетпе де болған жоқ. Бірақ, тергеу кезінде мен өзімнің тік мінезімнен таптым. Тергеушінің айла-шарғысына көнгем жоқ, бағынбадым. Сол үшін маған да 96-бапты (адам өлтіру) «ілді». Оны кейін Тельман: «Баяғыда бостандықта жүретін жігітсің, өз тіліңнен таптың ғой», – деп жасырмай айтты.

Бейнематериалдарды қарап отырсаңыз, «қырам-жоям» дегенді екінің бірі айтып жатты. Аффекті дей ме, жұрттың бәрі сондай бір күйде болатын. Ашу, ыза, кек кернеген. Соны көріп тұрып, полиция басшылары қақтығысты тоқтатудың орнына, керісінше, отқа май құйып, өршелендіріп жіберді. Қайта-қайта шабуылдап, елдің ашуын тудырды. Егер тактикалық тұрғыдан дұрыс әрекет еткенде, мұндай жағдайдың бірі де болмас еді. Ұстайтын адамды кейін де келіп, бір-бірден үйінен ұстап әкетуге болар еді. Онсыз да сөйтті емес пе?!  

Халық көтерілмесін, қазақ көтерілмесін. Оған сол оқиға барысында көзіміз жетті. Оқ атылып жатса да, халық ештеңеден қорыққан жоқ. Ең қорқыныштысы, халықтың наразылығы әлі тарқаған жоқ. Ашу, ыза әлі де бар. Тек халыққа ықпал ететін, жол бастайтын, жөн көрсететін тұлға жоқ.

Бір жер үшін, ұлтарақтай жерімізді бала-шағамыз үшін сақтап қаламыз деп, көрмегеніміз жоқ. Ауызбен айтып жеткізу қиын, айтудың өзі ауыр. Хайуанды да олай қорламайды. Шынын айтқанда, ауған соғысына қатыспасақ та, солардың ар жақ, бер жағында болып шықтық. Аяушылық көрсеткен жоқ. «Трупсыңдар» дейтін. «Денсаулықтарынан дым қалдырмаңдар» деп ашық айтатын.  

 

Аят:

– Өзімнің бұрыннан басым ауыратын. Сонда «Алекс» деген судың бір жарым литрлік бөтелкесіне суды толтырып алып, сонымен бастан ұрады. Көгермейді екен, тек ми шайқала беретін көрінеді. Денсаулығым күрт нашарлап кетті. Азабын күні бүгінге дейін тартып келемін.

 

Марғұлан:

– Бізде ондай көгертпеу деген болған жоқ. Көгертуді былай қойғанда, аяғымызда газетті орап қойып, өртеуге дейін барды. Рүстемге осындай қорлық көрсетті. Ұра бергеннен кейін адам шаршап қалады. Бүкіл бұлшық етіңді тырыстырып, жинақталып отырасың ғой. Кәдімгідей шаршайсың. Сөйтіп отырғанда прокурор келеді. Ол біздің денемізде ұрған-соққаннан қалған іздің бар-жоғын тексеруі керек. Сөйткен прокурор қосыла ұрады. Онысымен қоймай: «Претензии, жалобы есть?» – дейді ұялмай. Өзі қосыла сабап жатса, қандай претензия болуы мүмкін. «Тәке, бұлардың қанша өмірі қалды дейсің. Өледі үш айдан кейін. Бауырлары, бүйректері, бастары... бәрін құрттық қой», – деп оперлар Тельманға мақтанады. Соны өздерінше мәртебе көреді. Шыны керек, түрмеге кеткенше асықтық. 

45 күн жаттым. Көрмегенім жоқ. Бұғанамды сындырды. Осы оқиғаның салдарынан тек өзіміз ғана емес, әке-шешеміз де ауру болды. Әкем ауруханада жатқан болатын. Теледидардан күні-түні менің суретімді көрсетіп, «аса қауіпті қылмыскер» деп жариялаған. Әкем сол сәттен бастап қант диабетіне шалдықты. Қазір денсаулығы жоқ.

Мен бой тасалап жүргенде Роллан деген бауырымды ұстап, «героин деп кетеді» деп қорқытты. Соны естіп, өз аяғыммен келдім. Сонда екі күннің ішінде адам танымастай етіп ұрып-соғып, бет-аузымнан түк қалдырмай, анамды шақыртыпты. Астына алып түсті. Түрімнен түр жоқ. Алып шықты да: «Міне, балаңыз. Адам өлтіргенін мойындап жатыр. Адам өлтіргендердің жағдайы осындай болады», – деп еді, мен «мама, сенбеңіз» дегенімше болған жоқ, анам сұлап түсті. Мамамды ДВД-дан жедел жәрдеммен алып кетті. Адам бірден жаман ойлайды ғой, ойым онға бөлінді. Мамамның арқасында сол сәттен бастап мені ұрған жоқ, біраз тынығып алдым. Тергеушіге «егер анама бірдеңе болатын болса, ешқайсыларыңды аямаймын» дедім. Екі күннен кейін келіп, «мамаң жақсы екен, БСМП-да жатыр» деді. Сенбедім. Тек үйдегілер келіп, анамның денсаулығы дұрыс екенін айтқанда ғана терең бір демалдым. Қазір анамның да жүрегі ауырады. «Өзің өлесің, әке-шешең қоса өледі» дейді. Соның барлығы бізге оңай тиген жоқ. «Қазір үйіңе звондаймын, әке-шешеңе адам өлтіргеніңді мойындап отыр десек жеткілікті, аттанып кетеді ғой. Анау бауырыңды артыңнан жібереміз зонаға», – дегендері әлі күнге құлағымда тұр. Қатыссам, мен қатыстым. Мені ұрсын, соқсын, ал бірақ отбасымда, ата-анамда, бауырымда нелері бар?.. «Тобыр өкіметті қашан жеңіп еді?» дейді Тельман. Мен өкіметпен соғысқан жоқпын. Біреудің үйін, жайын қиратқан жоқпын. Апаларымыз шығып жатқанда мен неге шықпаймын? Тасада тығылып отыруым керек пе еді? Тельманға осыны түсіндіре алмадым. Шындықты айттым, бірақ оларға басқа «шындық» керек еді. Ызаға булыққанда, «бәлкім, өздерің өртеп жіберген шығарсыңдар» деп те айттым. Үстелді тоқпақтап, ызадан жарыла жаздады.

 

Аят:

–  Маған сегіз бап бойынша айып тақты. Ішінде «терроризм» де бар. 

 

Марғұлан:

– Мені де «террорист» етіп шығарды. Мазақтап: «Толы баллонның жарылмайтынын білмедіңдер ме?» – дейді. Бір-бірімізге айдап салды. «Дәстүрлі емес» әдіс-тәсілдерді пайдаланбаққа да әрекеттенді. Ештеңеден тайынған жоқ. Құдай оперларға күн салмасын. Дұшпаныма да тілемеймін.

«Достойно соғыстыңдар, достойный жігітсіңдер. Енді мұнда да достойно жүрмейсіңдер ме?» – дейді. Екі сөздерінің бірі – «адам өлтірген қандай екен?». Егер расымен сол қылмысты жасасақ та, обалымыз өзімізге еді, қиянат жасағандары жанымызға батады.

Оқиға болып жатқанда қызынып алған жұрт «Райымбек, Райымбек!» деп айқайлаған. Соны білетін Тельман тергеуде: «Райымбек аталарың қайда? Неғып ертіп келмедіңдер? Қарасай аталарыңды шақырмадыңдар ма?» – деп күлкіге, мазаққа айналдыра бастады. «Өзімізге тиіссең тиіс, бірақ бабаларымызда шаруаң болмасын», – деп айтамын деп, басым бәлеге қалды. Тельманның ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс еді. «Мен министрден келіп отырмын, ДВД-ны да, басқаны да білмеймін. Адам салмасын, сырттағыларға айтыңдар. Сендердің өмірлерің менің қолымда», – деп шіреп отыратын. Бірақ, соңғы рет көргенімізде: «Жігіттер, менің жұмысым бітті. Істі прокуратураға өткіздім. Кем-кетік, артық кеткен жерім болса, кешіріңдер. Менікі жұмыс, анау-мынау», – деп ақталғандай болды. «Бұл өмірдегіні қояйық. Жарайды, мойныма ілдің. Жауап берермін, жазамды өтермін. Бірақ Құдайдың алдына барғанда не дейсің? Осы тірлігіңе жауап бере аласың ба?» – дедім. Бәрін шығарып жіберіп, мені жеке алып қалды. Сондағы айтқаны: «Марғұлан, бәріне өзің кінәлісің ғой. Басынан менімен жақсы болсаң, бәрі басқаша болар еді ғой». Содан кейін көпке барған жоқ, жол апатынан қаза болды. Бұл да Құдайдың ісі шығар. Адам асыққанмен, Құдай асықпайды.

Бәрі өтті, кетті. Бірақ, жан жарасы да, тән жарасы да жазылмақ емес. Бүкіл өмірімізге өшпес із қалдырды. Бір жұмысқа орналасып, жап-жақсы істеп жүргем. Бір күні бастығым шақырады. Қолында «распечатка». Бірден түсіне қойдым. Сөйтсем, орынбасарларының бірі бұрын ішкі істер органында қызмет істеген екен. Сол мені сырттай танып, бар мәліметті шығарып алып келіпті. «Ты что, у тебя террорист работает», – депті. «Полиция қызметкерін тірідей өртеп жіберген, террорлық әрекет жасаған» деп төбе шаштарын тік тұрғызып қойыпты. Ешқандай реніш жоқ, қош айтыстық. 

 

– Түрмедегі жігіттермен аралас-құраластық бар ма?

 

Марғұлан:

– Бар, әрине. Анда-санда хабарласып, қолымыздан келгенше көмектесіп тұрамыз. Қазіргі жағдайда біреуге көмектесу түгілі, өзіңнің қара басыңды алып жүрудің өзі де оңай болмай тұр ғой. Дегенмен, шамамыздың келгенінше көмек жасауға тырысамыз.  

 

P.S.«Желтоқсан көтерілісінің бастапқы кезеңінде оған берілген баға қандай еді? Бүгінгі көзқарас қандай? Арасы жер мен көктей. «Шаңырақ» оқиғасы да тура сол сияқты. Бірақ, қазірге дейін көпшілік, соның ішінде осы Алматы қаласының тұрғындары да «Шаңырақ» оқиғасы туралы сөз болғанда, «шаңырақтықтарды» айыптауға бейім. «Шаңырақ» тұрғындарын көктен түсіп немесе жерден шығып, жерді басып алғандай суреттейді. Өйткені, ол туралы жазылмайды немесе өте аз жазылады. Жазушылар, ақындар, журналистер, тарихшылар, ғалымдар, бәрі де «Шаңырақ» оқиғасы туралы жазуы керек. Сонда ерте ме, кеш пе, шындықтың беті міндетті түрде ашылатын болады». «Шаңырақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Асылбек Қожахметовтің бұл пікіріне алып-қосарымыз жоқ.  


adimage