Шардара ГЭС төртінші гидроагрегатты 2020 жылдың ақпан айының аяғында іске қосу жоспарлануда

Астана. 12 желтоқсан. ҚазТАГ – Шардара гидроэлектрстанциясындағы төртінші гидроагрегатты 2020 жылдың ақпан айының аяғында іске қосу жоспарлануда, деп хабарлады «Самұрық-Энерго» АҚ баспасөз қызметінен.
«Шардара СЭС-інде үшінші гидроагрегат іске қосылмақ. Сырдария өзенінде орналасқан су электр станциясын толық жаңғыртумен байланысты ауқымды жоба аяқталып келеді. Төртінші, осы жоба аясындағы соңғы гидроагрегатты іске қосу келесі 2020 жылғы ақпанның соңына жоспарланған», - делінген бейсенбідегі хабарда.
Еске салсақ, Шардара СЭС-і 1967 жылы пайдалануға берілді, белгіленген қуаты 100 МВт және гидроагрегаттарының саны – 4. Норматив бойынша қызмет ету мерзімі 25 жыл болса, станцияның технологиялық жабдығы 50 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келеді, жаңғырту жобасының басталуына қарай жабдықтың тозуы шамамен 100%-ке жеткен. Су станциясында орнатылған электр жабдығының бір бөлігін оны жасаған зауыттар қазір шығармайды және оны өндірістен алып тастаған. Үнемділігі мен пайдалану сенімділігі тұрғысынан жабдықты одан әрі пайдалану мақсатқа сай болмай қалды.
Жобаның жалпы құны 38 млрд. теңгені құрайды. Қаржыландыру 32%-ке өз қаражаты есебінен, 68%-ке несие есебінен іске асырылуда. Жоба мердігері – австриялық-германиялық Andritz Hidro GmbX компаниясы. Түбегейлі қайта құру СЭС-тің қуатын 26 процентке – қазіргі 100 МВттан 126 МВт-қа дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Харьков зауытының ескі гидротурбиналарын австрия-германиялық Andritz Hidro GmbX компаниясының жаңа гидротурбиналарына ауыстыру станцияның электр энергиясын өндіруін жылына 480 млн. кВтсағаттан 537 млн. кВтсағатқа дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жаңа жабдық жылына қосымша 57 млн. кВтсағат электр энергиясын өндіруден тыс, су станциясының жұмыс істеу мерзімін 35-40 жылға ұзартуға мүмкіндік береді, сондай-ақ СЭС-ті пайдалану сенімділігін арттырып, авария деңгейін төмендетеді. «Самұрық-Энерго» АҚ мамандарының сөзінше, бұл жоба энергия тапшылығын сезініп отырған Түркістан облысын электр энергиясымен қамтамасыз етуде және өңірдегі су ресурстарын пайдаланудың тиімділігін арттыруда үлкен маңызға ие.
«Әрқайсысының қуаты 31,5 МВт болатын алғашқы екі гидроагрегаттың 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында іске қосылуы арқасында Шардара СЭС-і электр өндірудің жылдық жоспарын мерзімінен бұрын орындап шықты. Жоспарланған 301 900 мың кВтсағаттың орнына станцияда 403 655 мың кВтсағаттан астам электр энергиясы өндірілді»,- делінген баспасөз қызметінің хабарында.

adimage