Шардара су қоймасының жағасында жаңа туристік нысандар салынбақ

Шымкент. 8 қыркүйек. ҚазТАГ –Оңтүстік Қазақстан облысындағы Шардара су қоймасының жағасында жаңа туристік нысандар салынбақ, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен.  

«2016 жылы Шардараға Шымкенттен 20 минутта жетуге мүмкiндiк тумақ. Бұл туралы Шардараға сапары барысында Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Бейбiт Атамқұлов мәлiм етті. Қазір осы болашағы бар туристік өңірге баруға 4-5 сағат уақыт кетеді», - делінген әкімдіктің сейсенбідегі хабарында.  

Хабарда айтылғандай, қазiр әуе тұрағының жобалық-сметалық құжаты дайын, тек Қазақстан авиация комитетiнiң мақұлдауы қажет. Облыс басшысы бұл мәселенiң де жуық арада шешiмiн табатынын айтты. Сондай-ақ, ескi әуежайды қайта iске қосуға 200 млн. теңге керек. Алайда, облыстық бюджеттен қаржы алу заңда қарастырылмаған.
«Осы орайда 1625 метр жолға асфальт төселiп, 118 гектар жер қоршалады. Ал, ұшып-қонуға Өзбекстан тарапының рұқсаты керек», - деп толықтырды әкмідкте.

Бейбiт Бәкiрұлы Шардара су қоймасындағы құрылыс басында болып, жағалаудағы туризмдi дамыту жобасымен танысты. Жобаға сәйкес бұл арадан қонақүй кешендерi, кемпингтер, гольф клубы, аттракциондар, ашық және жабық бассейндер салынбақ. Әкімдіктің баспасөз қызметінде атап өткендей,  өңір үшін туризмді дамыту – бұл жаңа жұмыс орындары, жергілікті бюджетке салық түсімдері.  

Сонымен қатар, Б.Атамкулов «Шардара су электр стансасы» АҚ мен Үдемелi индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында ашылған шағын балық зауыттарының жұмысымен танысты. Алдағы уақытта ауданнан тағы бiр балық зауыты және балық өңдеу цехы iске қосылмақ.  Құрал-жабдықтар негізінен Түркиядан әкелінеді. Жоба құны – Т15 млн.    

«Биыл 300 тоннаға дейін балық ауланады деп күтілуде. Және ең бастысы – бұл жоба экологиялық және барлық санитарлық нормаларға сәйкес келеді деп саналуда», - деп атап өтті әкімдікте.

Бұдан соң облыс әкiмi «Хамит» селолық тұтыну кооперативiнiң балық шаруашылығында болды. Кооператив жылына 2000 тонна өнiм – 12 түрлi сүрленген, 24 түрлi кептiрiлген балықты Еуропаға жөнелтедi. Екi ауысымда 200-250 адам жұмыс iстейдi.  

Облыс әкiмi Шардарада индустриалды аймақтағы құрылыс барысымен танысып, «Тұрар» шаруа қожалығының диқандарымен субсидия жайын сөз еттi. Аудандық ардагерлер үйiнде болған аймақ басшысы еңбек ардагерлерiмен кездесiп, соғыс майдангерлерiнiң ескерткiшiне гүл шоқтарын қойды.
Бұдан кейiн Б.Атамқұлов аймақтың тарихи-өлкетану мұражайында болып, ондағы экспонаттармен танысты. Сонымен қатар, аудандық орталық емханаға ат басын бұрды. Шардарада қаракөл қойларын өсiру iсi қайта жанданбақ. Бұл туралы облыс басшысының тапсырмасы жақын арада қолға алынады.

Облыс әкiмi жергiлiктi билiктiң жұмысына жыл соңында тиiстi баға берiлетiнiн жеткiздi.

adimage