Шерзат Болаттың ағасының өлім алдындағы хаты жарияланды, Қатонқарағай мен Зайсанда әуежай салынады және тағы басқа тақырыптар дайджесті

Астана. 9 желтоқсан. ҚазТАГ – Шерзат Болаттың ағасының өлім алдындағы хаты жарияланды, Қатонқарағай мен Зайсанда әуежай салынады және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.

«Астанада Болат Мажағұловтың соты өтіп жатыр»

Қыркүйек айында қаржы мониторингі агенттігі мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы мен мердігер ұйым өкілдеріне қатысты Т1 млрд бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастаған, деп хабарлайды Nege.kz.

2016 жылы Астана күні мерекесіне орай салынған «Күн» («Есіл өзеніндегі жарық-иллюминациялық және от шоуы») субұрқағының құрылысы кезінде мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілмей, тікелей келісімшарттар жасалған. Алайда 2017 жылдан бері субұрқақ сапасыз материалдан салынғандықтан жарамсыз болып қалған. Тергеу барысында белгілі болғандай, жоба мемлекеттік тапсырыссыз, жобалық құжаттамасыз және мемлекеттік сараптамадан өтпей салынған.

Мажағұлов қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта қаралып жатыр. Оған Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы, «сеніп тапсырылған бөтеннің мүлігін иемдену немесе талан-таражға салу» бабы бойынша айып тағылды.
Шерзат Болаттың ағасының өлім алдындағы хаты жарияланды

Алматы облысы полиция департаменті Талғар қаласының маңында 30 жастағы ер адамның мәйіті табылуына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды El.kz.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ол асылып қалған. Марқұм биыл 4 қазанда қайғылы жағдайда қаза тапқан кәмелетке толмаған Шерзат Болаттың ағасы екені анықталды.

Алматы облыстық полиция департаментінің басшысы Бағдат Әшімовтың мәлімдеуінше, бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Тергеу барысында марқұм туыстарының біріне өзіне-өзі қол жұмсайтыны туралы мессенджерде жіберген жазбасы анықталды. Хабарламада ол туысқандарымен қоштасып, жиенінің жанына жерлеуді сұраған.

Елімізде ұрлық азайған

Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметтеріне сәйкес ұрлықтардың 28,1%-ға яғни 40 458-ден 29 089-ға дейін (11 айы бойынша) төмендеуінің оң динамикасы байқалады, деп хабарлайды Baq.kz.

Ұрлықтардың ең көбі Алматы және Астана қалаларында (6 675/3 727) ең азы Манғыстау және Ұлытау облыстарында тіркелген (396/298).

Ұялы телефондар ұрлығы -31,2%-ға төмендеді. Ұялы телефондар ұрлығының ең көбі Алматыда – 1 989 және Астанада – 669, ең азы Ұлытау облысында – 54.

Автокөлік ұрлығы бойынша - 46,1%-ға, пәтер ұрлығы - 33,7%-ға төмендеу динамикасы байқалады. Сондай-ақ, мал ұрлығы бойынша - 30,3%-ға төмендеу тенденциясы байқалады.

«Қатонқарағай мен Зайсанда әуежай салынады»

Облыс әкімі Ермек Көшербаевтың орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен көшпелі брифингте мәлімдеуінше, Қатонқарағай мен Зайсанда әуежай салынады, деп хабарлайды Turkistan.

«Марқакөл мен Алтай аудандарында жаңа екі орталық ашылып жатыр. Жол бойындағы сервисті де бір стандартқа сай келтіріп жатырмыз. Өңірдің туристік тартымдылығын арттыру үшін брендтік іс-шаралар өткізіп келеміз. Қатонқарағай мен Зайсанда әуежай салынады. Бұл шалғайдағы аудандарды дамыту үшін маңызды қадам болмақ. Өңір экономикасын дамыту үшін жалпы сомасы 2032 жылға дейін іске асырылатын Т913 млрд-ты құрайтын 40 инвестициялық жоба әзірленді. Оның ішіндегі 10 жоба биыл жүзеге асырылып, 478 жұмыс орны ашылды. 2024 жылы облыс экономикасы 6,5%-ға артқан», – дейді өңір басшысы.

Фото көзі: ©Мадина Алимханова


adimage