Шиелідегі оқушы қызды зорлау дерегі бойынша тергеу басталды, Атырау облысында қарақұрт қаптады және тағы басқа тақырыптар дайджесті

Астана. 29 сәуір. ҚазТАГ – Шиелідегі оқушы қызды зорлау дерегі бойынша тергеу басталды, Атырау облысында қарақұрт қаптады және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.

Ауылға баратын медицина қызметкерлеріне Т8,5 млн беріледі

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың мәлімдеуінше, ауылдық жерлердегі медицина қызметкерлеріне Т8,5 млн көлемінде ынталандыру төлемі беріледі, деп хабарлайды Аikyn.kz.

Қазақстанда ауылдық жерлерге жұмысқа келетін аса тапшы мамандықтардың медицина қызметкерлеріне біржолғы ақшалай төлемді көздейтін норма іске асырылуда. Оның мөлшері – Т8,5 млн.

Сонымен қатар, министрдің ақпараты бойынша, ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген денсаулық сақтау мамандарына «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы аясында әлеуметтік қолдау шаралары көрсетіледі. Медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыру мақсатында әлеуметтік кепілдіктер мен ынталандырушы төлемдер пакеті кеңейтілді.

Мәсімовтің үйі әлеуметтік қажеттіліктер үшін пайдалануға беріледі

Астана қаласының әкімдігі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовке тиесілі болған зәулім үйді «Қайтарылған активтерді басқару компаниясына» беру туралы ресми түрде өтініш білдірді, деп хабарлайды El.kz.

Аталған үй бастапқыда сауда-саттық арқылы сатылымға шығарылған болатын. Оның бастапқы бағасы Т1,6 млрд деп бағаланған. Алайда қазіргі уақытта үй сауда-саттықтан алынып, мемлекеттік қажетілікке пайдалануға берілу туралы шешім қабылданды.

Әкімдік мәліметінше, үй енді қаланың әлеуметтік мақсаттағы жобаларына — білім, денсаулық сақтау немесе қоғамдық қажеттіліктерге қолданылады.

«Шиелідегі оқушы қызды зорлау дерегі бойынша тергеу басталды»
Қызылорда облысының Шиелі ауданында 8-сынып оқушысын мектеп оқушылары зорлағаны туралы ақпаратты құзырлы орындар растады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».

«Бұл жағдайға байланысты тергеудің құпиялылығы мен кәмелет жасына толмаған жас қыздың болашағына алаңдаушылық туындауына байланысты оқиғаның қай мектепте болғаны жариялауға жатпайды. Қазіргі уақытта аудандық полиция бөлімі тарапынан тергеу амалдары жүргізіліп, нәтижесінде кінәлі деп табылған адамдар заң аясында жауапқа тартылатынын хабарлаймыз», – делінген аудандық білім бөлімінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында.

Бұл оқиғаны облыстық ішкі істер департаменті де растады. 

«Полиция тарапынан зорлау дерегі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Іс полиция департаментінің ерекше бақылауында. Қылмыстық процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді», – деді департамент бастығының бірінші орынбасары Оралбек Омаров. 

Атырау облысында қарақұрт қаптады

Улы жәндіктер аула ішінде, қоғамдық орындарда, тіпті саябақтарда да құжынап жүр, деп хабарлады Тurkystan.kz.

Қарақұрттан әсіресе Индер ауданының тұрғындары қауіптеніп отыр. Өйткені соңғы үш жылда бұл жәндік өңірде өте көбейіп кеткен. Тұрғындар малдан бұрын бала-шағаны шағып ала ма деп қорқуда.

Индер ауданы әкімдігінің айтуынша, қарақұртпен күреске бюджеттен қаражат қарастырылмаған. Өйткені бұл улы өрмекшілер зиянкестер қатарына жатпайды екен.

«Индер аудан әкімдігі тарапынан қарақұртты аса қауіпті зиянкес ретінде реестерге тіркеу шарасының қабылдануына ұсыныс жолданды. Қазір қолданыстағы заңға сәйкес, қарақұртпен күрес үшін бюджет есебінен қаражат бөлу мүмкіндігі қарастырылмаған. Алайда жергілікті атқарушы органның ұйымдастыруымен ошақтарын жою, дезинфекциялау жүргізіліп жатыр», — деді аудан әкімдігінің аппарат басшысы.

Фото көзі: gov.kz


adimage