Шонжыда Т1,1 мдрд сомаға салынып жатқан ДСК спортзалының құлау себебін комиссия анықтайтын болды

Талдықорған. 22 қыркүйек. ҚазТАГ – Шонжыда Т1,1 млрд сомаға салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің спортзалының құлау себебін комиссия анықтайтын болды, деп хабарлады Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінен.
«Қазіргі кезде құрылған комиссия мүшелері шатыр блогының құлау себептерін анықтау және осындай жағдайлардың алдын-алу мақсатында аталмыш нысанда жан-жақты тексеру жүргізіп жатыр», - деп хабарлады сейсенбіде обләкімдіктен.
21 қыркүйек, сағат 11:00-де, Ұйғыр ауданы, Шонжы ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің 3-блогының (спортзалының) жұмсақ шатырын салу жұмыстары кезінде металл конструкция құлаған болатын. Зардап шеккендер жоқ.
«Құлаған блоктың ауданы 1058,4 шаршы метрді құрайды. Орын алған келеңсіз жайт ғимараттың 1 және 2 блоктарына зиян тигізбеген. Нысанның құрылысы өткен жылдың қараша айында басталған. Құрылыс жұмыстарын жасаған бас мердігер – «Лидер-НК» ЖШС», - деп хабарлады баспасөз қызметінен.
Нысан құны Т1,1 млрд. құрайды.

adimage