Швейцария президенті Қазақстанға келеді

Астана. 19 қараша. ҚазТАГ - Швейцария президенті Ули Маурер Қазақстанға ресми сапарымен келеді, деп хабарлады агенттік тілшісі.
«21-22 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қазақстан Республикасына Швейцария Конфедерациясының Президенті – Қаржы министрі Ули Маурер ресми сапармен келеді. Швейцариялық делегацияның құрамында бизнес өкілдері де болады», - деп хабарлады сейсенбі күні мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли.
Ол нақтылағандай, 22 қарашада мемлекеттер басшылары «Ақорда» резиденциясында шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізеді деп жоспарланған. Келіссөздер барысында саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық салалар бойынша екіжақты ынтымақтастықтың ахуалы мен перспективалары талқыланады.
«Сапар аясында Ули Маурер Қазақстан Үкіметінің басшылығымен кездеседі және екі елдің іскерлік топтарының қатысуымен өтетін «дөңгелек үстелде» сөз сөйлейді деп жоспарланған», - деді баспасөз хатшысы.
Еске салсақ, 25 қыркүйекте хабарлағандай, ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) бас ассамблеясының (БА) алаңында бірқатар кездесуер өткізді. Атап айтсақ, мемлекет басшысының баспасөз қызметінің ақпарынша, Тоқаев Швейцария президенті Ули Маурермен кездесу өткізіп, швейцариялық әріптесін ағымдағы жылы Қазақстанға ресми сапарымен шақырған болатын.

adimage