Шымкент қаласында «Қазына» этнотарихи кешенінің ашылу салтанаты өтті

Шымкент. 22 қазан. ҚазТАГ – Шымкент қаласында «Қазына» этнотарихи кешенінің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлады облыс әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінен.
Хабарда айтылғандай, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның алғашқы заманауи урбанистік орталықтары ретінде Астана мен Алматы қалаларымен қатар, Шымкент қаласын да атап көрсеткен болатын. Елбасының «Мәңгілік Ел», «Ұлы дала» идеяларымен үндесіп жатқан осы сәулеттік жобаның ашылуына «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары А.Мырзахметов, ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы, Парламент Мәжілісінің депутаты Ш.Мырзахметов қатысады деп жоспарлануда.  
76,4 га. аумақты алып жатқан «Қазына» этно-тарихи кешенінде өңірдегі 27 тарихи-сәулеттік ескерткіштердің макеттері қойылған. Кешеннің құрамында «Бәйдібек» ескерткіші, «Наурыз» алаңы, облыстық тарихи-өлкетану мұражайы, «Салт-дәстүр және әдеп-ғұрып» орталығы, «Жайлаукөл» демалыс орны біріктіріліп, бірыңғай сәулеттік ансамбльді құрайды. Саябақтың ортасына диаметрі 21 метрлік түрлі-түсті субұрқақ салынып, оны айнала ротондалар орналасқан. «Жайлаукөлдің» жағалауына 4 ротонда, қайық стансасы, автокөлік тұрағы салынып, киіз үйлерден тұратын қазақы ауыл орын алған. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай арналған монументалды ескерткіш қойылып, Қазақ хандығының барелъефті композициясы және Тұңғыш Президенттің сөздері бедерленген. Бұл жерде сонымен бірге «Ұлы жібек жолы» сәулеттік-композициясы орналастырылып, Тоныкөк, Яссауи, Фараби ғасырларынан кейінгі 19-20 ғасырлардағы ғұламаларымыздың өсиет сөздері тасқа қашалып жазылған.  Ал кешен құрамындағы «Наурыз» алаңында «Ауылым − алтын бесігім», «Туған жерім тұғырым» атты барельефті сахна, «Көкпаршы», «Қыз қуу», «Теңге алу», «Бүркітші» секілді сәулеттік-декоративтік композицялар орнатылған. Ұлттық спорт ойындарынан жарыс өткізуге арналған Ипподром аумағы да осы жерде орналасқан.

adimage