Шымкент мектептерінің 70% -да жарық әлсіздігі мен электромагниттік толқын шығуының күштілігі анықталды

Күні: 13:00, 27-10-2014.

Шымкент. 27 қазан. ҚазТАГ – Тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің тексеруі барысында Шымкент мектептерінде сынып бөлмелеріндегі жарықтың тым күңгірттігі, отыратын парталардың төмендігі мен электромагниттік толқындардың тым жоғарылығы анықталды, деп хабарлады өңірлік БАҚ-тар.
«Мұндай бұзушылықтар балалардың денсаулығы үшін зиянды. Оқушылар жиі суықтайды, сколиаз (бел омыртқа қисаюы) көп, тез шаршайды және көз жанары нашарлайды», - делінген дүйсенбі күнгі жарияланымда.
Департамент қызметкерлері осындай бұзушылықтарды анықтаған соң, мектеп директорларына нұсқама беріп, олқылықтарды жоюға мерзім тағайындайды. Бұл ретте, олқылықтарды жоюға уақыт көп керек болса, оларға 1 ай мерзім тағайындайды.
Егер мектеп әкімшілігі олқылықтарды көрсетілген мерзімге жоймаса, әкімшілік айыппұл тағайындалады.
Хабарда айтылғандай, соңғы 6 айда тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті 716 жоспарлы тексеру жүргізіпті. 400-дей мекемеге әкімшілік айыппұлдар салынып, 20 мекемеге жабылу туралы нұсқау беріліп, 154 мектеп директорына олқылықтарды жоюға уақыт берілді.


Жаңалықтармен бөлісу: