Шымкентте 13 жасар оқушы фирмаға жасалған қарақшылық шабуылды ашуға көмектесті

Күні: 18:14, 14-11-2014.

Алматы. 14 қараша. ҚазТАГ –  Шымкентте 13 жасар оқушы полицейлерге фирмаға жасалған қарақшылық шабуылды ашуға көмектесті, деп хабарлады Оңтүстік Қазақстан облысының ІІД баспасөз қызметінен.
«Шымкент қаласында жасөспірім полиция қызметкерлеріне бұдан бірнеше күн бұрын жасалған қарақшылық шабуыл қылмысын ашуға көмектесті. 2014 жылдың 14 қарашасында Оңтүстік Қазақстан облысы Ішкі істер департаментінің бастығы полиция генерал-майоры  Асқар Оспанов ауыр қылмысты ашуға көмек көрсеткен 13 жастағы мектеп оқушысын грамота және 150.000 теңге көлемінде қаржылай сыйлықпен марапаттады», - делінген ІІД таратқан хабарда.
ОҚО ІІД баспасөз қызметі таратқан хабарда айтылғандай, Жахангір есімді мектеп оқушысы осыдан бірнеше күн бұрын жасалған қарақшылық қылмысын ашуға полиция қызметкерлеріне көмек көрсеткен.
     Қарашаның 10 күні Шымкент ҚІІБ Әл-Фараби ПБ-нің кезекші бөліміне қаладағы өнеркәсіптердің біріне тиесілі «Опель-Вектра» маркалы автокөлігіне қарақшылық шабуыл жасалғаны туралы хабарлама келіп түсті.
     Оқиға орнына жеткен жедел-тергеу тобы сағат 15.00-дер шамасында, қаладағы көшелердің бірінде тапаншамен қаруланып, беттеріне бетперде киген екі белгісіз азамат «Опель-Вектра» маркалы автокөлігінің алдыңғы сол жақ бетіндегі терезесіне оқ атып, 25 жастағы жүргізушісімен оның қасындағы 1979 жылы туылған сол өнеркәсіптің бухгалтеріне  қаруымен  күш көрсетіп қорқытып, 7 миллион теңгені ашық түрде алып, белгісіз бағытқа қашып іздерін суытқанын анықтаған.
     Тәртіп сақшылары оқиға орнына қосымша тексерулер жүргізіп, куәгерлерден сұрау жүргізген.
       Болжам бойынша, қылмыскерлердің ізіне  түсуге полиция қызметкерлеріне Жахангір есімді бала көмектескен. Оның полиция қызметкерлеріне түсіндіруі бойынша сол күні таңғы сағат 10.00-ден бастап  көшеде  ойнап жүріп,  үйінен алыс емес жерде тұрған сұр түсті  «Мазда 626 » маркалы автокөлігінде  отырған жасы 30-35 тер шамасындағы азиялық нәсілді екі азаматты байқағанын айтқан.  
     Сол күні 14.45 шамасында бала  жоғарыда аталған азаматтардың көшеден автокөлікке қарай жүгіріп келе жатқанын, біреуінің қолында полиэтиленді пакет, ал  қасындағысының қолында тапанша барын байқап қалған. Осыдан соң олар автокөлікке мініп белгісіз бағытқа кетіп іздерін суытқан. Бала  аталған автокөлікті және күдіктілерді сипаттап берген.
    ОҚО ІІД ЖБО-ның бейнебақылау камерасын қарау барысында, жоғарыда аталған  «Мазда 626 » автокөліктің қала көшелерінің қиылысынан, Республика даңғылына жылжып келе жатқанын  айқындаған. Тәртіп сақшылары дерекқордағы мәлімет арқылы 32 жастағы автокөлік иесін анықтап, ал оның суреті бойынша оқушы  күдіктіні таныған.
     Жедел іздестіру іс-шарасы барысында, Шымкент ҚІІБ Әл-Фараби ПБ-нің қызметкерлері 1982 жылы туылған жергілікті тұрғынды күдікті ретінде құрықтап, оның автокөлігін қарау барысында 1 миллион 7 жүз мың теңге  ұрланған ақша табылды.
    Полиция қызметкерлерінің анықтауы бойынша, ұсталған азамат аталған  өнеркәсіп автокөлігінің жүру бағытын білген, өйткені бұрын осы өнеркәсіпте жүргізуші болып жұмыс атқарып, теріс қылығымен жұмыстан босатылғаны белгілі болды.
     Қазіргі таңда полиция қызметкерлері оның сыбайласы, 1982 жылы туылған, облыс орталығының тұрғынын  құрықтады.
       Аталған жайтқа байланысты ҚР ҚК-нің 179-бабы «Қарақшылық» дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ұсталғандар қамауда. Тергеу амалдары жүргізілуде, деп көрсетілген ОҚО ІІД баспасөз қызметінің таратқан хабарында.                        


Жаңалықтармен бөлісу: