Шымкентте Алматы әуежайының мүлкін ұрлаған екі күдікті ұсталды

Күні: 18:39, 21-01-2022.

   Шымкент. 21 қаңтар. ҚазТАГ-Шымкентте Алматы әуежайының мүлкін ұрлаған екі күдікті ұсталды, деп хабарлайды қалалық көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі.
  "Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері және оның аумақтық бөлімшелері еліміздің авиа және теміржол көлігі нысандарында қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша күшейтілген жұмыс жүргізуде", - деп атап өтті бөлім бастығы Оңал Бекиев.
   Бекиевтің айтуынша, жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында 18 қаңтарда Шымкентте көлік полицейлері Алматы әуежайындағы жаппай тәртіпсіздік кезінде әуежайда орналасқан билет кассасынан, дәріханадан, дүкендер мен кафелерден тауар-материалдық құндылықтарды, ақша қаражатын, азық-түлік тауарларын, ұйымдастыру техникасын ұрлап кеткен екі ер адамды анықтап, ұстаған.
   Тексеру кезінде ұсталғандардан заттай дәлелдемелер алынды.
   ҚР ҚК 188-бабы (ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.  Күдіктілер қамауға алынды. 


Жаңалықтармен бөлісу: