Шымкентте спорт индустриясы дамып келеді

Күні: 15:53, 10-08-2020.

Шымкент. 10 тамыз. ҚазТАГ - Спорт саласының дамуы мемлекет үшін аса маңызды. Себебі, біріншіден: спорты дамыған елдің азаматтары салауатты болып, ұзақтау өмір сүрсе, екіншіден, спорттың арқасында мемлекеттік ту өзге елдің төрінде желбірейді. Тәуелсіздік жылдарынан бері талай саңлақтар қазақтың атын әлемге мәшһүр етіп, мықтылығын дәлелдеп келе жатыр. Соның ішінде шырайлы Шымқаланың да спортшылары биік белестерді бағындырып, жоғары тұғырлардан көрініп келеді.
Биыл елдегі ахуалға қарамастан үшінші мегаполисте спорт саласына ерекше көңіл бөлінуде. Мәселен жақында шаһарда спорт саласындағы бірқатар мәселелерді шешу және дамыту мақсатында қаланың дене шынықтыру және спорт басқармасымен 2020-2024 жылдарға арналған спорт индустриясын дамыту тұжырымдамасының пилоттық жобасы әзірленді. Жобаны іске асыру нәтижесінде оңтүстік спортшылары 2024 жылы Парижде өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына қатысуға 20 лицензия алады, сондай-ақ 5 медаль алу мүмкіндігіне ие болады деп жоспарлануда.

Бұл тұжырымдама қаладағы спорт индустриясын дамытудың негізгі бағыттарын көрсетеді. Атап айтқанда, жаңа спорт нысандарын салу және қайта қалпына келтіру, аула спортын дамыту, білім беру жүйесімен тығыз байланыс орнату, жалпы білім беретін мектептерде резерв даярлау, спорттық жабдықтармен қамтамасыз ету, сондай-ақ жаттықтырушы кадрларды тарту және өз кадрларын даярлау.
Жобаның арқасында шымкенттік жаттықтырушылар мен спортшылардың баспаналы болуға да жолы ашылды. Сонымен қатар, тұжырымдамада "Damu" бағдарламасы спорт инфрақұрылымын дамыту және спортшыларды даярлау үшін жеке инвесторларды тарту мәселесі де қаралған. Жоба жүзеге асса 2020-2024 жылдары қалада жоғары дәрежедегі дүбірлі жарыстар өтпек.
Басқарма мамандарының мәліметінше, спорт индустриясын дамыту тұжырымдамасының іске асуы - қаладағы спорт саласының өркендеп, спортшылардың жарыстағы жетістіктерінен көрініс табатын болады дейді.
Ауқымды жоба қолға алынысымен-ақ айқындығын таныта бастады. Мамандар қазір Шымкентте Азия бойынша ең ірі ату спортының кешенін салуға кірісіп кетті. Онда тек ұлттық құраманың спортшылары емес, шетелдік мергендер де жаттыға алады. Және бұл орталықта әлем чемпионатын өткізуге де мүмкіндік бар. «Эльдорадо» спорт кешенінде қазір қарқынды түрде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жуық арада бұл маңнан тағы бір нысан ашылмақ. Онда бірнеше спорт зал, ату залы және демалыс орны болады. «SHOOTING PLAZA» деп аталатын комплекстің аумағы 14 гектар. Кешені бұрынғы Комсомол көлі ауданындағы "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" халықаралық автожолына жақын жерде ату алаңы аумағында орналасқан. Құны 1,5 млн долларды құрайтын кешен қазан айында қолданысқа беріледі.
Әзірге стендтік оқ ату бұрышы ғана дайын. Қаланың спорт басқармасы басшысының айтуынша алаң халықаралық жарыстар өткізуге арналған.

«Бұл жерде бастырма жоқ. Жоғарыдан, жан-жақтан еш қиындықсыз видео түсіру үшін осылай жасадық. Барлығы да халықаралық федерация талаптарына шақталған. Сондай-ақ, алаң толықтай австриялық технологиямен жабдықталған. Онлайн трансляция арқылы спортшылар нәтижесін, жаттықтырушылар келіспейтін тұстарын шешеміз»,- дейді Шымкент қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олег Почивалов.
«SHOOTING PLAZA» - жобасы толыққанды жаттығу кезеңін ұйымдастыру және ату спорты түрлері бойынша Әлем чемпионаттары секілді ірі спорттық іс-шараларды өткізу үшін барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі.
«SHOOTING PLAZA» құрылысы - Халықаралық спорттық ату Федерациясы мен Азия ату конфедерациясының ұзақ мерзімді ынтымақтастығының нәтижесі.
Айта кетейік, ату спортының жүйріктері Токиодағы XXXIІ жазғы Олимпиада ойындарына алғашқы екі лицензияны жеңіп алды. Бүгінгі таңда ату спорт түрінен Қазақстан ұлттық құрама командасының негізгі құрамының 60% -ы Шымкенттің тұрғындары.
Ендеше, шымкенттік споршылар көк туымызды талай елде желбіретеді деген сенімдеміз.


Жаңалықтармен бөлісу: