Шымкентте жаппай төбелестен кейін жасөспірім комаға түсті, туыстары полиция мен дәрігерлерге сенбеуде

Шымкент. 28 мамыр. ҚазТАГ – 17 жасар Абзал Ұтқыров Шымкенттегі жаппай төбелестен кейін комаға түсті, туыстары полиция мен дәрігерлерге сенбеуде, деп хабарлады «Астана» телеарнасы.
«Шымкентте жаппай төбелес болды. Соның салдарынан 17 жасар жас бала комаға түсті. Оның басын қож-блокпен ұрған», - деді жасөспірімнің туыстары.
Хабарда атап өтілгендей, қазір дәрігерлер студенттің өмірі үшін күресуде, алайда оның «жағдайы өте ауыр екен».
«Туыстары болса жергілікті полицияға да, дәрігерлерге де сенбестік білдіруде. Олар денсаулық сақтау министрлігіне зардап шегушіні елордалық ауруханаға апару туралы өтініш те жолдаған», - делінген хабарда.
Оқиға қаланың шетіндегі Маятас ықшамауданында болған. Зардап шегушінің туыстарының айтуынша, 22 мамыр күні түнде Абзал екі досына кеткен.
Көшеде оларға бір топ басқа балалар кездескен, олармен бұған дейін де араларында жанжал болған екен. Сонымен төбелес басталып, екеуі жарақаттанған, ал Ұтқыровты айуандықпен сабап кеткен.
«Құлағы, басы қанап жатты. Саусақтарының тырнақтары жоқ. Қатты айуандықпен сабаған. Інімнің өзі спортсмен болатын. Оны жеті-сегіз адам ұрған. Бірақ төбелеске қатысқандардың саны одан да көп. Қазір 15 шақты адам іс бойынша өтіп жатыр. Олардың төртеуі сот санкциясымен қамауға алынған көрінеді. Мен олардың барлығын жауапқа тарту керек деп санаймын. Тіпті жәй қарап тұрған, араша түспегендерді де», - деді зардап шегушінің ағасы Алмас Ұтқыров.
Хабарда айтылғандай, дәрігерлер науқастың жағдайын өте ауыр деп бағалауда, ал «туыстары жергілікті дәрігерлердің кәсібилігіне шек келтіруде» және «Абзалды елордалық тәжірибелі хирургтер емдесе екен» дейді. Денсаулық сақтаумині жағдайды өз бақылауына алып, зардап шегушіні санавиациямен Нұр-Сұлтанға жеткізуге уәде берді.
«Ал облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері оны қазір елордаға апаруға болмайды деп мәлімдеуде. Науқастан айырылып қалулары мүмкін. Олар ем шараларының барлығын Ұлттық Нейрохирургия орталығының мамандарымен келісіп жасап жатырмыз деп мәлімдеді», - делінген хабарда.
Облыстық балалар ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары Алмас Байсаловтың айтуынша «барлық емдеу шаралары хаттама бойынша жүргізіліп жатыр».
«Күніне екі рет телемедицина бойынша байланысқа шығып, Ғылыми орталық мамандарымен қашықтықтан кеңесіп отырмыз. Емдеу шаралары келісілген. Жағдайы тұрақталған кезде олар «келіп, қараймыз, кеңесеміз, сосын ары қарай шешім қабылдайтын боламыз» деп отыр», - деді Байсалов.
Белгілі болғандай, полиция мен прокуратура жаппай төбелестің егжей-тегжейін айтудан бас тартты.
«Төбелеске қатысушылардың кемелетке толмағандар екенін ескере келе, іс құпия күйінде қалды. Прокурорлар сотқа дейінгі тергеу амалдарына дейін мәліметтерді жария етуге болмайтыны туралы бапқа сілтеме жасауда. Ал туыстары болса, күдіктілердің кейбірінің қашып кеткенін айтып отыр. Тіпті төбелеске Еңбекші ауданының депутатының туысының да қатысқанын айтуда», - делінген хабарда.

adimage