Шымкенттегі инвестициялық форумда Т157 млрд сомалық 17 меморандумға қол қойылды

Күні: 21:07, 07-11-2014.

Шымкент. 7 қараша. ҚазТАГ – Шымкенттегі инвестициялық форумда жалпы сомасы Т157 млрд болатын 17 меморандумға қол қойылды, деп хабарлады жұма күні ОҚО әкімінің баспасөз қызметінен.
«Бүгін Шымкент қаласында өткен «Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы жаңа инвестициялық мүмкіндіктер» атты халықаралық инвестициялық форумында Оңтүстік Қазақстан облысы аумағында бірлескен жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін 157 млрд. теңгені (865 млн. АҚШ доллары) құрайтын  17 меморандумға қол қойылды», - делінген облыс әкімінің ресми сайтында жұма күні жарияланған хабарда.
Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі, Қазақстан-Польша экономикалық ынтымақтастық кеңесі және «Қазақстан-Польша Әріптестік Платформасы» қауымдастығы арасында өңірде агро-индустриалдық кластер құру, оңтүстіккореялық «Daedong» компаниясы мен оңтүстікқазақстандық «ЖилСтройИндустрия» компаниясы арасында «KIOTI» брендімен трактор зауытын салу, «КазМедПрибор Holding» компаниясы мен жапондық «Shimadzu Europa GmbH Corporation» компаниясы арасында рентгенографиялық және электрондық медициналық жабдықтар мен медициналық жиһаз жасайтын және медициналық қызметке арналған автокөліктерді жабдықтайтын зауыт құрылысын бастау, «Ақ Қазына» ЖШС мен израильдік «M.A.D. Developing Agricultural Projects Ltd.» компаниясы арасында құс етін өндіретін жобалар сынды 17 келісімге қол қойылды. Аталған форумға ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Альберт Рау, Польша Республикасының экс-Премьер Министрі Казимеж Марцинкевич пен ОҚО әкімі Асқар Мырзахметов қатысты. Сондай-ақ, халықаралық форум аясында ұйымдастырылған көрме барысында «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасының екінші бесжылдығында жүзеге асырылатын 40 жаңа инвестициялық жоба таныстырылды. Бұл – машина жасау, жеңіл өнеркәсіп, фармацевтика, тамақ өнеркәсібі, құрылыс индустриясы, туризм, жасыл энергетика, тағы басқа салалардағы жобалар.  


Жаңалықтармен бөлісу: