Шымкенттен Астанаға 306 тонна ауыл шаруашылық өнімдері тиелген керуен жол тартты

Шымкент. 9 қыркүйек. ҚазТАГ - Шымкенттен Астанаға 306 тонна ауыл шаруашылық өнімдері тиелген керуен жол тартты, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен.  

«Бүгін Оңтүстік Қазақстаннан Астанаға ауыл шаруашылық өнімдері тиелген керуен жол тартты. Бас қалада қыркүйектің 12 -13 күндері өтетін жәрмеңкеге жалпы құны 90 миллионға жуық теңгенің 306 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері жеткізіледі», - деп хабарлады баспасөз қызметінен.  

Хабарда айтылғандай, елордалықтарға нарықтағы бағадан 15-20 пайыз төмен 52 тонна ет, 5 тонна қымыз, 127 тонна көкөніс, 11 тонна картоп, 35 тонна бақша өнімдері мен 55 мың дана жұмыртқа болса, басқа да 36 тонна өнімдер жәрмеңкеге шығарылады.

«Біз жәрмеңкеғе 30 тонна өнім алып бара жатырмыз, - деді Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары Ғалымжан Төлепов. – Олардың түрі де көп. Біздің «Амангелді» ЖШC шаруашылығы дәнді-дақылдар алып бара жатыр. «Қарқын» ЖШС елорда тұрғындарын шұжықтарымен таң қалдыратын болады».

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы өкілдерінің хабарлауынша, биыл облыс бойынша 164 ауыл шаруашылығы жәрменкесі өткізіліп, оған 500 мың тоннаға жуық ауыл шаруашылығы өнімдері мен 300 мың дана жұмыртқа шығарылған. Аталған жәрмеңкелердің жалпы сомасы 2 милллиардқа жуық теңгені құрады.

Облыста ағымдағы жылы 850 мың тонна көкөніс, 1200 мың тонна бақша өнімдері, 85 мың тонна жеміс-жидек, 58 мың тонна жүзім өндіру жоспарлануда. Мал шаруашылығын дамыту бойынша да біршама жұмыстар жоспарланып отыр дейді сала мамандары. Атап айтсақ, жыл соңына дейін 2735 шағын бордақылау алаңдары, 516 жанұялық сүт ферма, 41 сүт қабылдау бекеті, 16 шағын құс фермалары ашылмақ.  

adimage