Шымкенттен сенаторлыққа үміткерлердің сайлауалды кампаниясы басталды

Күні: 19:15, 17-09-2018.

Астана. 17 қыркүйек. ҚазТАГ – Шымкент қаласынан Қазақстан парламенті сенатының депутаттығына үміткерлердің сайлауалды кампаниясы басталды, деп хабарлады ҚР орталық сайлау комиссиясының (ОСК) баспасөз қызметінен.  
«2018 жылғы 17 қыркүйекте Б. Имашевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысы болды. ОСК мүшелері Шымкент қаласынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттарды ұсыну және тіркеу қорытындыларын қарады. (…)ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына 8 кандидат тіркелді. Тіркелген кандидаттардың сайлау алдындағы үгіті а.ж. 15 қыркүйекте басталып, 4 қазан күнгі 00-00 сағатқа дейін өткізіледі», - делінген дүйсенбідегі орталық сайлау комитетінің хабарында.  
Шымкент қаласының аумақтық сайлау комиссиясының деректері бойынша барлығы 9 кандидат ұсынылды. Оның ішінде 2 адамды Шымкент қаласының мәслихаты ұсынды, 7 – өзін-өзі ұсыну тәртібімен.
«Ортсайлауком бекіткен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сай кандидаттарды ұсыну ағымдағы жылғы 11 тамыздан бастап 4 қыркүйек аралығындағы кезеңде болды. Кандидаттарды тіркеу 14 қыркүйекте аяқталды», - деп хабарлады ҚР ОСК баспасөз қызметінен.  
Жалпы сайлау науқаны Қазақстан Республикасының сайлау заңнамасына сәйкес өтуде.
«Отырыс барысында ОСК мүшелері сондай-ақ а.ж. 5 қазанда ҚР Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауды электрондық сүйемелдеу үшін Ортсайлаукомның интернет-ресурсы функционалын пайдалану туралы мәселені қарады», - делінген хабарда.
Еске салсақ, 9 тамызда ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев 5 қазанда Шымкент қаласынан Қазақстан парламентінің сенатына депутаттарды сайлау туралы жарлыққа қол қойған болатын.  



Жаңалықтармен бөлісу: