Астана. 9 шілде. ҚазТАГ – Владимир Радионов. Шымкентті кешенді дамытуға жұмсалатын қаржының 60%-дан астамы жеке инвесторлардікі, деп мәлімдеді қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов.
«Бюджетке жүктемені азайту үшін жеке инвестицияларға және мемлекеттік-жекешелік жобаларға басымдық берілді», - деді қала әкімі. Атап айтқанда, кешенді жоспарды іске асыруға 1 трлн 284 млрд теңге қажет болса, оның 836 млрд теңгесі немесе 65 пайызы жеке инвесторлар есебінен, республикалық бюджеттен - 299 млрд теңге, жергілікті бюджеттен - 81 млрд теңге және МЖӘ - 68 млрд теңге», - деді сейсенбідегі үкімет отырысында Әбдірахымов.
Сонымен қатар, ол жоспардың 10 бағыттан 89 жобадан тұратынын атап өтті.
Атап айтсақ, ТҮКШ саласын дамыту жоспарында автоматтандырылған газтарату стансасының (АГТС-3), алты шағын электр стансасының, екі жаңа тазарту құрылымының құрылысы және т.б. қарастырылған.
«Нәтижесінде, 2023 жылы ауыз сумен қамту 93%-дан 98%-ға, кәріз жүйелері 49%-дан 75%-ға, сапалы электр желісімен 91%-ден 96%-ға, газбен қамту 92%-дан 98% -ға жетеді», - деді Шымкент әкімі.
Көлік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағыты бойынша 2020 жылы әуежайдың жаңа жолаушылар терминалының құрылысы мен темір жол вокзалын қайта жөндеу жұмыстарын аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар Ташкент даңғылы мен А2 айналма жолының құрылысы жүргізіледі. Тұрғын үй секторында «Shymkent city», «Туран» әкімшілік-іскери орталық ықшамаудандарындағы және Қошқарата өзенінің жағалауы бойында құрылыс жүргізілетін болады – 2023 жылға дейін барлығы 20 794 пәтер мен 319 көп қабатты үй.
Жоспар аясында МЖӘ арқылы Қажымұқан ат. орталық стадионға қайта жөндеу жұмыстары жүргізіледі, 2,1 мың орындық конгресс-холл құрылысы қарастырылған, жеке инвесторлар есебінен 1 мың орындық көп салалы аурухана салынады, жергілікті бюджет есебінен алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша 13 орталық салынады.
Индустриалды аймақтарды дамыту мақсатында екі жаңа аймақ ашылады - «Жұлдыз» және «Шымкент-Агро», Т24 млрд жеке инвестция тартылады, 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады.
«Нәтижесінде 2023 жылы келесі көрсеткіштерге қол жеткізіледі: ішкі жалпы өнім (ІЖӨ) Т3,5 трлн (өсім 175%) жетеді, өнеркәсіптік өнім көлемі екі есе артады, 60 мыңнан астам жұмыс орны құрылады, бір адамды тұрғын үймен қамту 24 ш. метрден 27 ш.м. дейін өседі», - деді Әбдірахымов.
Өз кезегінде ҚР ұлттық экономика министрі Руслан Даленов 2018 жылдың қорытындысы бойынша Шымкентте ІЖӨ Т2 трлн. құраған, ал республикалық көлемде ІЖӨ үлесі – 3,4%, инвестиция көлемі – Т588 млрд.
«2023 жылы қаланың экономикасы Т3,3 трлн. дейін өседі, инвестиция көлемін жылына Т983 млрд дейін жеткізу керек», - деді ҰЭМ басшысы.
Еске салсақ, 2018 жылдың 19 маусымында ҚР тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Шымкентті республикалық маңыздағы қала қылу туралы жарлыққа қол қойды, Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы деп өзгертіліп, әкімшілік орталығы Шымкенттен Түркістанға көшірілді.
2020 жылы Шымкент ТМД мәдени астанасы болып белгіленді.
Шымкентті кешенді дамытуға жұмсалатын қаржының 60%-дан астамы жеке инвесторлардікі
