Сләм Ахметов: Қазақстан қос қақпанның қысымында қалды – бір жағынан мұнай бағасының арзандығы, екінші жағынан - сыртқы қарыздың тым көптігі

Алматы. 14 маусым. ҚазТАГ - Сергей Зелепухин. Қазақстан жинаған сыртқы қарыз сарапшыларда үлкен алаңдаушылық тудырып отыр. Тіпті ресми статистика бойынша да ол келешекте мұнай экспортына тәуелді қазақстандық экономика үшін тым ауыр болуы әбден мүмкін.
Неге Қазақстан сырттан көп қарыз алды? Қарызға алынған қаражаттар экономикада қалай қолданылды. Сыртқы қарызды теңге девальвациясымен не байланыстырып тұр? Неге сыртқы міндеттер азаймай келеді? Қазақстанның әр тұрғынына қандай қарыз сомасы келеді? Қандай жағдайларда сыртқы қарыз Қазақстан экономикасы үшін көтере алмас жүк болады? Осы және басқа да мәселелерге біз экономика ғылымдарының кандидаты Сләм Ахметовтан түсініктеме беруін сұраған едік.

- Сләм Сапарғалиұлы, алыстан бастап көрейікші. Қазақстанда үлкен сыртқы қарыздары бар. Жалпы алғанда сырттан қарыз қандай мақсаттарға тартылады?

  
- Сыртқы қарыз әр түрлі шығындарды қаржыландыруға тартылады. Мысалы, ол әр түрлі көрмелерді ұйымдастыруға, спорттық шараларды ұйымдастыруға, банктерді құтқаруға, компанияларды тіпті әр түрлі санаттағы шенеуніктердің жалақыларын көтеруге кететін шығындарды жабуға жұмсалады.
Олар экономикаға инвестиция түрінде де, табиғи байлықты игеруге және т.б. жаратылуы мүмкін. Сыртқы нарықтан қаражат тарту үшін экономикада сыртқы қарыздарға деген сұраныс пайда болуы керек.

- Сыртқы қарыздарға сұраныс қалай пайда болады? Ол Қазақстан экономикасында неге өсе бастады?

- Қазақстанда сыртқы қаражатқа деген сұраныс, бірінші кезекте, мұнай бағасының жоғарылығы фонында мұнай экспортының өсуімен байланысты болды. Мысалы, тек 2010-2014 жылдар аралығында, мұнай бағасы өте жоғары, экспорт $61,4 млрд-тан $80,2 млрд-қа, немесе 30,6% артты. Осы кезеңде сыртқы қарыз өсті. Осы аралықта сыртқы қарыз - $118,2 млрд-тан $157,4 млрд-қа дейін, немесе 33,2% өсті. Осылайша экспорттың әрбір 1% өсіміне қарыздың 1,08% өсімі сай келеді. Тек аталған бес жылдық кезеңге сыртқы қарыз $39,2 млрд –қа өскен! Қарыздың өсуінің басқа көзі ЖІӨ өсуі болды. Бұл ретте ол көрсеткіштің өсуі де мұнай бағасының жоғарылығымен байланысты болды: 2007-2014 жылдар аралығында жалпы ішкі өнім 10,3-2,6% қарқынымен өсіп отырды.

- Ал тағы қандай факторлар сыртқы қаржылық ресурстарға деген сұранысты арттырды?

- Ол мемлекеттік бюджет шығындары. Тек соңғы бес жылда ол 1,5 есе артты, ал мемлекеттік қазынаны Ұлттық қордан бөлінетін трансферт есебінен толтыру 30%-дан асты. Жалпы алғанда мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігіне жиынтық мұнай кірістерінен түсетін қаражат 57%, ал ЖІӨ қалыптастыруда - 30%-дан асады. Әрине, сыртқы қарыздарға деген сұраныстың артуына басқа да факторлар әсер етеді, бірақ олардың әрқайсысының ықпал ету дәрежесі эконометрикалық есептеулер арқылы анықталады.

- Қазақстанның сыртқы қарыздарының құрылымы туралы әңгімелесейікші. Ол неден тұрады?

- Ұлттық банк мәліметтерінше, Қазақстанның жалпы сыртқы қарызы, мемлекеттік сектор мен жеке секторынікі , 2016 жылғы 1 қаңтарға $153,5 млрд болды, оның ішінде тікелей инвестициялар – $81,8 млрд, немесе барлық сыртқы қарыздардың 53,3% болды. Тікелей инвестициялардың ішінде $76,1 млрд-ы ол қазақстандық компаниялардың шетелдік тікелей инвесторлардың алдындағы міндеттері.
Бұл ретте $153,5 млрд сыртқы қарыздың 45% жиынтық мемлекеттік қарыздарға келсе, 55% - жеке сектор міндеттеріне келеді. Сонымен қатар шетелдік валютадағы сыртқы қарыздары Қазақстанның жиынтық сыртқы қарыздарының 88,7% құраса, ал ұзақ мерзімдік қарыздарының жалпы сомасы $147 млрд, немесе 95,8% құрайды.

- Ол қаражаттар не үшін тартылды? Олар қайда кетті?

- Мысалы, биылғы жыл басына барлық сыртқы қарыздардың жартысынан көбі «кәсіби және ғылыми техникалық жұмыс» сынды шығындарға жатқызылған. Осы бап бойынша сыртқы қарызы $77,6 млрд. сомасында көрсетілген.
«Негізгі компания шығындары; басқару мәселесі бойынша консультация» баптарындағы шығындар $8,6 млрд, немесе 5,6%-ды құрады. Құбырлармен тасымалдауға салынған қаражат $12,9 млрд болып, немесе 8,4%-ға жетті, тау-кен өндірісіне салу − $12 млрд, немесе 7,8% болды. Қаржылық және сақтандыру жұмысы» бабына $11,9 млрд, немесе 7,7% болды. Мемлекеттік басқару мен қорғанысқа, сондай-ақ міндетті әлеуметтік сақтандыруға $11,9 млрд, немесе 7,4% салынды.

- Демек, сырттан алынған қаражаттың ауқымды бөлігі экономиканы шикізаттық тәуелділіктен арылтуға пайдаланбаған ғой?

- Өкінішке қарай солай болды. Сыртқы қарыздардың құрылымынан көрініп отырғандай, үкімет экономиканы әртараптандыру бағытында алдына ешқандай мақсат қоймаған. Мысалы, ауыл шаруашылық сынды артта қалған салаға сыртқы қарыздардың барлығы 0,2% ғана бағытталған, өңдеу өнеркәсібіне – небары 4,1%, және құрылысқа - 3,9% бағытталған.

- Бірақ сыртқы қарыздардың басым бөлігі шикізат секторына салынған кезде үкіметтің саясаты қаншалықты экономикалық тұрғыдан негізделген?

- Үкімет мұнай бағасы мұнша арзандап кетеді деп ойламаса керек, және мұнай долларының арқасында, табиғи байлықтың сарқылуы, оның аздаған бөлігін Ұлттық қорда қорландыру және заманауи экномиканың негізін қаламай-ақ «жұмақ» орната қаламыз деп ойласа керек.
Бірақ ондай мұнай бағасының қымбаттығын пайдаланған саясат орасан зор сыртқы қарыздың жиналуына және сол шикізаттық экономика үлгісінің тозуына әкеп соқты.

- Ал Сіз Қазақстан экономикасының шикізаттық үлгісінің тозғанын неден көріп отырсыз?

- Ол үлгінің сарқылғаны айдан анық, және де ол тек мұнай бағасының арзандауына ғана байланысты емес, сонымен қатар, өмір тәжірибесі көрсетіп отырғандай, үкімет үшін мемлекет пен халық мүддесіне жауап беретін заманауи әртараптандырылған экономиканы құру жөніндегі саясат керек болмағандығына да байланысты.
Шикізаттық үлгінің өз бойында фундаменталдық қауіпі бар еді – ол алдыңғы қатарлы әлемдік технологияларды қабылдауда, жалпы жаңа білім мен заманауи саяси-экономикалық жүйені құруда және оның дамуының беталыс бағытына ілесе алмайды. Осы тұрғыдан қарағанда Қазақстан экономикасы ұзақ жылдар бойына шикізат «жоталарында» сырғанап, ірі шенеуніктер мен оның жақындарына ғана баюына мүмкіндік беріп отырды.

- Қазір Қазақстанның әр тұрғынының мойнына сыртқы қарыздың қандай сомасы келеді?

- Биылғы жылдың басына әр қазақстандыққа $8684 сыртқы қарыздан келген. Үш адамнан тұратын орташа статистикалық қалалық отбасына $26 052, ал теңгемен есептегенде − 8,7 млн сыртқы қарыздан келді. Ал ауылдың 4-5 адамнан тұратын орташа отбасына 11,7-14,6 млн теңгеден сыртқы қарыз келді.

- Салыстыру үшін дамыған елдердің тәжірибесін айтсақ. Олардағы сыртқы қарыздары қандай?

- Осы сұхбатқа дайындалу барысында мен Германия, Норвегия, Қытайдың орталық банктерінің (ОБ), халықаралық қаржылық институттардың ресми мәліметтеріне қарап шықтым. Өкінішке қарай, жағдайды түсіну үшін аз-кем цифрларды келтіру керек болып тұр.
Сөйтіп, мысалы, Германияда 2015 жыл қорытындысы бойынша, оның сыртқы қарыздары 4,5 трлн евро болды, немесе ЖІӨ-нің 149%. Бұл ретте сыртқы қарыздардың 70%-ын ақшалай қаржылық институттары, қаржылық корпорациялар, монетарлық билік сынды нарықтық институттар тартып, олар оны экономикаға бағыттады.
Норвегияда осы уақыт аралығындағы сыртқы қарыз 5,2 трлн норвегиялық крон болып, немесе олардың ЖІӨ-не 167%-ды құрады. Олардың 57,8% депозиттерді қабылдайтын қаржылық корпорацияларға тиесілі, 17%- басқа секторларға тиесілі. Тағы 16% тікелей инвестицияларға сай келеді, 8,5% - үкімет қарызына, 0,7% - ОБ үлесіне сай келеді.

- Ал Қазақстанның сыртқы қарыздары ЖІӨ-нің қандай үлесін алады?

- Ұлттық валютаның тұрақсыздығынан Қазақстанның ЖІӨ-ге есептегендегі үлесі едәуір өзгерістерге душар болды, бірақ 1 маусымдағы доллардың теңгеге есептегендегі бағамын және ЖІӨ туралы 2015 жылғы жедел мәліметтерді алатын болсақ, олардың теңгелік қатынасы сол кезде-ақ 126% болған.

- Демек, сыртқы қарыздың тым көптігі онша қауіпті емес қой?

- Әрине, ол онша олай емес, барлығы да экономиканың сапалық күйі мен оны тиімді басқаруға байланысты. Сол Германия мен Норвегия экономиканы сапалы басқаруымен ерекшеленеді.

- Ал қандай көрсеткіштер сол елдердің экономикасының тиімді жұмыс жасап тұрғанын көрсетеді?

- Ондай көрсеткіштердің бірі - экспорт. Мысалы, ол индикатор Германия үшін 2015 жылы 1,2 трлн евроны құрады. Бұл ретте оның экспортының 90%-дан астамының қосымша құны өте жоғары өнімдер. Норвегияда ол көрсеткіш 2015 жылы 1,2 трлн норвегиялық крон болды. Бұл ретте экспорттың 61%-ын шикізаттық емес сектор берсе, тек 39% - мұнай мен газ берді.
Назар аударарлығы Норвегия басынан бастап заң жүзінде барлық мұнайгаз кеніштерінде өзінің мемлекеттік қатысуының 50%-дық үлесін сақтап қалды. Нәтижесінде 2016 жылдың 1 маусымына Норвегияның мемлекеттік зейнетақылық қорында (бұрын мұнай қоры деп аталған – ҚазТАГ) 7,2 трлн крон, немесе $861,9 млрд сомасындағы қаражат қорланған, ал олардағы халық саны 5 млн. адамнан сәл асады.
Бұл мәліметтер көрсетіп отырғандай, осы елдердің сыртқы қарыздарын өтей алу қабылеті бәсекелестігі өте жоғары экономиканың ішінде екенін көрсетеді. Яғни Германия мен Норвегиядағы сияқты экономикасы құрылымданған елдерге қарағанда Қазақстанның сыртқы ьқарыздарын өтеуі қымбат бағаға мұнайды сатуға ғана байланысты. Қазақстан экономикасының табысты елдердің экономикасына ұқсамайтын жері де осы.

- Сіздіңше, Қазақстанның шаруашылық жүйесін ұйымдастыру табысты елдердің экономикасынан несімен ерекшелінеді?

- Айырмашылығы – біздің экономиканың ұзақ мерзімдік дамуын үкімет шикізаттық арнамен нық байланыстыруында және оны өз кезегінде үнемі арттырып отырған сыртқы қарыз есебінен тереңдетуге әрекеттенуінде.
Бірақ, өкінішке қарай үкімет шын мәнісінде базистік макроэкономикамен мүлдем айналыспады: инфляцияның жоғарылығымен, кредиттік мөлшерлеменің үлкендігімен, өндіріс қарқынының тым төмендігімен, шикізаттық емес экономиканың бәсекеге төзімсіздігімен, экономикадағы қаржылық-банктік құрылымдардың рөлінің төмендігімен, оның ішінде Ұлттық банктің өзімен айналыспады.
Экономикада әлі күнге жұмыссыз 5%-дан басқа, 30% өздігінен жұмыс тапқандар бар, ал шындап келгенде олар да жұмыссыздар. Және бұл ретте теңгенің тұрақтылығының кепілі ретіндегі ЖІӨ сапасын жақсарту проблемалары, сауда балансының проблемалары шешілмеді.

- Ал биліктің осы экономикалық саясаттағы кемшіліктері елдің сыртқы қарыздарын өтеуіне қалай әсер етті?

- Ол сыртқы қарыздардың артуы сыртқы қарыздарды өтеудің негізгі көзі – 80% мұнай мен басқа да шикізат сатудан тұратын экспорттың өсуінен озып кетуіне әкелді.
Мысалы, егер 2005 – 2014 жылдары Қазақстанның барлық экспорты 2,8 есеге артса, осы аралықта Қазақстанның сыртқы қарыздары 3,6 есеге артты! Нәтижесінде сыртқы қарыздарды өтеу төлемдері таза экспорттан, дәлірек айтсақ, экономикаға валютаның келуінен 3 есеге асып кетті!

- Ол басқа макрокөрсеткіштерге қаншалықты теріс әсер етті?

- Ондай жағдай әрине, төлем балансының хал-жағдайын бұзып жіберді. Сыртқы қарыздар бойынша төлемдердің қысқа мерзімге таза экспорттан асып кетуінен оның қалдығы өте азайып және тіпті теріс мәнге де ие болды. Мысалы, 2007 жылы төлем балансының теріс сальдосы $8,4 млрд –ты құрады, 2009 жылы $4,1 млрд және 2015 жылы − $5,8 млрд болды.Түптеп келгенде оқиғаның былайша өрбуі бірқатар әлсіреулерден соң теңге бағамының күйреп құлауына әкелді.

- Сіз қалай есептейсіз, қалыптасқан жағдайдың басты себебі неде?

- Мәселе үкімет пен Ұлттық банктің экономикалық саясатындағы ең басты проблемасы - экономикадағы нақты құрылымдық реформалардың жоқтығы мен орасан зор сыртқы қарыздардан қайтарымның төмендігі болып отырғандығында. Өкінішке қарай, олар экономикадағы құрылымдық сапалық үлкен өзгерістерге әкелмек түгілі, тым болмаса экспорттық-мұнай кірістерінің өсімін де қамтамасыз ете алмады.
Салымдардың құрылымына қараңызшы, қарыздың жартысынан астамы «кәсіби, ғылыми және техникалық жұмысқа» жаратылыпты - $77,6 млрд-тың $68,2 млрд-ы «геологиялық барлау және ізденістерге» кеткен шығындар.
Ал мұнай бағасының арзандап кеткен жағдайында сыртқы қарыздардың салынып қойған орасан зор бөлігі шығынды болып шықты – шығындар ағымдағы нарықтық бағалардан асып кетті.
Мұнай бағасы бұрынғысынша шарықтап тұра береді деген саясат өзін ақтамады. Сондықтан Қазақстанның жинаған үлкен сыртқы қарыздары ұзақ уақыт Қазақстан экономикасы үшін жүк болады.

- Қорытынды онша көңіл көншітпейді екен. Бірақ толық түсінік болу үшін сыртқы қарыздарды өтеуге тоқтайықшы. Қазір барлығы қаншасы өтелді?

- Ұлттық банк мәліметтерінше, сыртқы қарыздарды өтеудің шыңы 2009 жылға сай келді. Ол кезде $39 млрд, өтелді, яғни барлық таза экспорттан 2,6 есеге артық. Ол жылы сыртқы қарыз $112,9 млрд болған.
Реттеушінің мәліметтерінше, жалпы алғанда, 2005-2015 жылдар аралығында кредиторлардың пайдасына $321млрд. төленді! Ол мұнай сатқан 141 жылдағы экспорттың 47%-нан астамы. Осыншама көп өтелген сыртқы қарыздарға қарамай, Қазақстанның сыртқы қарыздары әлі де көп - $153,5 млрд!

- Оны Сіз немен байланыстырасыз? Орасан зор сомадағы қаржы өтелгенімен сыртқы қарыз да үлкен болып қалып отыр.

- Оның себебі қарыз басқа одан да көп қарыздың есебінен жабылып отырған пирамидалық өсуде болуы мүмкін. Өкінішке қарай осы сауалға Ұлттық банктің ресми мәліметтері жауап бермейді. Ал сыртқы қарыздар жөніндегі статистикалық ХВҚ құжаттары (ол шамамен 350 беттей) сыртқы міндеттерге байланысты, оның ішінде қайта қаржыландырылған, құрылымдалған, мезгілі өтіп кеткен және т.б. барлық қауіп-қатерлерді толығымен ашуды қарастырады.

- Ал мұнай бағасы арзандағаннан кейін сыртқы қарыздарды өтеу шарты қаншалықты нашарлады?

- Мұнай бағасының арзандауы, әрине, ақша шаруашылығының жағдайын нашарлатып жіберді және сыртқы қарыздарды өтеу көздерінің конфигурациясын өзгертіп жіберді. Мысалы, 2015 жылы елге түсетін валютаның негізгі көзі – шикізат экспорты - $46,3 млрд-қа дейін, немесе 42%-ға түсті. Басқаша айтқанда шығындар $34 млрд болды, бірақ шикізаттық экономика валюталық кірістің басқа көздерін өсіре алмайды.
Осы фонда экономикада салық салынатын база құлдырайды, сарапшылардың мәліметтерінше, бюджет тапшылығы ЖІӨ-нің 14%-на жақындайды. Ал ол сыртқы қарыздардың, БЖЗҚ мен Ұлттық қор есебінен қаржыландырылмақшы.
Одан басқа, биыл «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры бойынша биыл кіріс 3 есеге азаяды деп күтілуде! Бірақ, сарапшылардың мәліметтерінше, мемлекеттік үш холдингтің – «Самұрық-Қазынаның», «ҚазАгро» мен «Байтеректің» биылғы жыл басына сыртқы қарыздары $42 млрд. болған.
Әрине, істің мән-жайы осындай болып тұрғанда осы мемлекеттік холдингтер сыртқы қарыздарын өтеу үшін және жалпы алғанда өлмеу үшін БЖЗҚ мен Ұлттық қор тарапынан тікелей бюджеттен тыс көмекке арқа сүйеп отыр. Сарапшылардың мәліметтерінше, олар 2007-2016 жылдар аралығында Ұлттық қордан $33 млрд-тан астам алды, бірақ экономиканы әртараптандыру бағытындағы осы мемхолдингтердің жұмыстары ешқандай нәтиже бермеді.

- Сыртқы қарыздарды өтеуде ірі коммерциялық банктердің экономиканың валюталық мүмкіндіктерін арттырудағы қазіргі рөлі қандай екенін сұрамай тұра алмаймын?

- Ұлттық қор мен БЖЗҚ қаражатымен «семірген» ірі комбанктер «тыныш өмір" сүріп жатыр – сырттан қарап тұр, ал олар бұрын экономиканы әртараптандырудан қашқақтайтын. Қазір кредит көлемі түсіп келеді – банктер экономика мен ШОБ-тарды қаржыландырғысы келмейді.
Бұл ретте олар теңге бағамының әлсіреуіне байланысты активтерді қайта бағалаудан көбіне «көбік» кіріс алып отыр. Ал ондай «кірістер» экономиканың жақсарғанының немесе коммерциялық банктердің жағдайының жақсаруының ешқандай да көрсеткіші бола алмайды.
Сонымен қатар былтырғы екінші жартыжылдықтан бастап теңгенің екі еседей құнсыздануы шетелдік валютада сыртқы қарыздары бар, ал валюталық кірістері жоқ борышкерлердің иығына ауыр жүк болып түсті. Әрине, олардың қарыздары теңгелік баламада екі есеге өсіп кетті.
Нәтижесінде сыртқы қарыздарды өтеу үшін шетелдік валютаны сатып алуға кететін шығын едәуір артты. Экспорттық кірістері азайған борышкерлер де валюталық ауыртпалықтарды сезініп отыр.
Экономикадағы осындай нышандар бар кезде, әрине, Ұлттық қор мембюджетті, бюджеттен тыс шығындарды толтыру үшін және сыртқы қарыздарды өтеудің негізгі көзі болып отыр

- Ал сыртқы қарыздарға қатысты ахуал Ұлттық қор мен Ұлттық банк резевтеріне қалай әсер етті?

- Сыртқы қарыздарды өтеу таза экспорттан еселеп асып кеткен кезеңдерде Ұлттық қордағы қаражаттың және Ұлттық банктегі алтынвалюталық активтердің күрт азаюы байқалды. Мысалы, тек 2015 жылы ел резервтері $10,3 млрд-қа қысқарды, оның ішінде Ұлттық қордың қаражаты $8,1 млрд-қа, ал реттеушінің АВҚ – $2,2 млрд-қа. Шын мәнісінде, былтыр қарыз дағдарысын Ұлттық қор қаражатының арқасында еңсердік. Бірақ жағдайға толық баға беруге оның ашықтығының төмендігі кедергі келтіреді.

- Егер жағдай нашарлай беретін болса, онда жинақталған резерв қаншаға жетеді?

- Қазір валюталық кірістің аз кезінде сыртқы қарыздардың өсуі тым үлкен болып кеткені соншама, Ұлттық қор мен Ұлттық банктің алтынвалюталық активтері түріндегі елдің қаржылық резервтері одан едәуір аз болып отыр.
Мысалы, 2016 жыл басына сыртқы қарыз көлемі Ұлттық қор қаражатынан 2,4 есеге асып кетсе, реттеушінің алтынвалюталық қорынан - 5,7 есеге асып кеткен. Сондықтан егер шиеленісті жағдай туындай қалса, онда Қазақстанның барлық қаржылық резервтері бар болғаны 3-4 жылға ғана жетуі мүмкін.

- Сыртқы қарызды пайдалану түрлі қаржылық құйтырқы былықпайлар ортасына айналып кетуінің мүмкіндігі қаншалықты жоғары?

- Әрине, сырт көріністік қана демократиясы бар елдерде сыртқы қарызды пайдалану ақша қаражатын ұрлаудың барлық түріне арналған «кеңістік» болып табылады. Шын мәнісінде әр тиімсіз жобада ірі шенеуніктердің шоттарына ақшаны алып кететін жолдар болады. Істің бұлай болған жағдайында, әлбетте, сыртқы қарыз мемлекеттің валюталық және табиғи қорларын сарқу бойынша үзақ мерзімдік тетігі болып табылады.

-Ағымдағы жылы сыртқы міндеттемелер бойынша төлемдердің көлемі қандай болуы мүмкін?

- Ұлттық банк ақпарынша, биыл Қазақстан $19,5 млрд. төлеуі керек, оның $14,8 млрды – қарыздың негізгі сомасы, және $4,6 млрд. - пайызы. Соңғы 9 жылда бұл сыртқы қарыз бойынша төлемнің ең аз көлемі. Ол 2015 жылғы төлемнен 2 есеге аз.

- Дегенмен негізгі қарыз үлкен болып қалатын болса, төлемдердің екі есе төмендеуі немен байланысты?

- Бұл сұраққа да Ұлттық банктің ашық емес қоғамдық есептері жауап бермейді. Сонымен қатар, оларда 2017 жылдан кейін төлем жасау кестесі де жоқ, негізгі қарыздар мен пайыздарды төлеу бойынша бөлек мәліметтер де жоқ, 2005 жылдан бастап 2016 жылға дейін. Кепіл бойынша ірілендірілген мәліметтер де жоқ, яғни жағдай ары қарай төмендейтін болса Қазақстанның не жоғалтуы мүмкін екендігі туралы ақпар да жоқ.
Бірақ бір нәрсе белгілі, қазақстандық экономиканың қазіргі жағдайында ол сыртқы қарыздар бойынша бұрынғыдай төлем жасай алмайды.

- Нашар сценарийден құтылу үшін Ұлттық банк пен үкімет қазір қандай шаралар қолдануы мүмкін?

- Өкінішке орай, қазір үкімет те, Ұлттық банк те цейтнотада тұр: оларда жағдайды дұрыстауға ешқандай мүмкіндік жоқ. Олар мұнай бағасы ұзақ уақыт бойы жоғары болған кезде мүмкіндігін де, уақытын да өткізіп алды. Ал енді экономика қос қақпанның қысымында қалды – бір жағынан мұнай бағасының арзандығы, екінші жағынан - сыртқы қарыздың тым көптігі.
Қазір үкімет, енді байқағандай, ауыл шаруашылығына шетел күшін тарту, жерді шетелдіктерге жалға беру арқылы қиындықтан шығудың жолын іздестіруде. Бірақ бұл амалдары қоғамда теріс реакция тудыруда.
Әлбетте, қазақстандық экономиканы сырқы қарыз қиындығынан құтқару экономикадан тыс жатыр және ол мұнай бағасының күтпеген жерден бағасының көтерілуі мүмкін деген үмітпен байланысты.

- Сіз жағдайды мұнай бағасының кезекті көтерілуі құтқара алады деген едіңіз. Ал оған алғышарттар бар ма?

- Сауд Арабиясы мен Ресей секілді әлем нарығына мұнайды жеткізушілер $100 бағасына мұқтаж. Мұндай баға Қазақстан үшін де керек еді, және фьючерс нарығындағы жағдай «қара алтын» бағасының $75 және одан да жоғары көтерілу мүмкіндігі болатынын білдірген еді.
Алайда, өкінішке орай, мұнай бағаларының жоғары жылжуы өте баяу жүруде. Және бұл фактіні сарапшылар бірқатар жағдайлармен байланыстырады: Ираннан санкцияның алынып тасталуы, тақтатас мұнайын өндіру бойынша энергетикалық технологиялар дамуымен және экологиялық шектеулерді енгізумен.
Бұл факторлар мұнайдың жаһандық ұсынысын уақытша арттыру мен оның бағасының төмендеуіне алып келіп қана қойған жоқ, нарықтағы жағдайды да түбегейлі өзгертті. Оны енді ОПЕК монополиясы қадағаламайды. Сондықтан монополиялық баға белгілеу бәсекеге қабілетті бағаның қалыптасуымен ауысты.

- Сонда, Сіздің пікіріңізше, болашақта жаһандық мұнай нарығында баға қандай болуы мүмкін?

- Қазір жарияланып жатқан ақпарларға сәйкес, хедж-қорлар мен басқа да «коммерциялық емес» алыпсатарлар нью-йорктік фьючерлік нарықта базалық мұнай келісімшарттары бойынша ұзақ позициялар санынан асып кетті, мұнай бағасы барреліне $120 деңгейінде болған 2014 жылдың маусымында да осылай болған еді.
Сондықтан қайта жандана бастаған алыпсатарлық қызу – мұнай бағасының ары қарай да төмендеуі мүмкін екендігінің елеулі белгісі. Мұнай бағасының жаңа шегі $50-55 деңгейінде қалыптасады, ал ең төмені − $20 деңгейінде. Және ол жоғары қарай қозғалу үшін, әзірге ешқандай алғы шарттар жоқ, егер оны геосаясаттағы өзгертулер жасамаса.

- Ал «қара алтынның» бағасы осындай жағдайында Қазақстан қаншалықты өзінің сыртқы қарызын сәтті жаба алады?

- Егер мұнай бағасының жоғары шегі $50 деңгейінде ұзақ тұрса, онда елеулі қаржылық қиындықтар болады. Теңгеге девальвациялық қысым күшейеді. Экономиканың құрылымдық қайта құруға қаржылық мүмкіндіктер болмайды. Бұл жағдайда сыртқы қарыз қазіргі емес, болашақ ұрпақ үшін де жүк болады.

- Сұхбатыңызға рақмет!

adimage