Соңғы тәулікте жабылған республикалық маңыздағы жол бөліктерінің саны 52-ге қысқарды

Астана. 27 қаңтар. ҚазТАГ – Владимир Радионов. Соңғы тәулікте жабылған республикалық маңыздағы жол бөліктерінің саны 52-ге қысқарды, деп хабарлады «ҚазАвтоЖол» АҚ басқармасының төрағасы Ұлан Әліпов.
«Егер бұған дейін ауа райының нашарлауынан республикалық маңыздағы тас жолдардың 61 учаскесінің жабылғаны туралы айтқан болсақ, қазір республиканың тоғыз облысында жалпы қашықтығы 6616 км болатын 52 учаскеде жол жабылды», - деді Әліпов дүйсенбідегі баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, жолдардың көбі Ақмола облысында жабылған, ал ең ұзыны Екатеринбург-Алматы тас жолы (637 км). Жолдарды тазарту, көліктер мен адамдарды эвакуациялау бойынша 727 бірлік түрлі техника жұмыс жасап жатыр.
ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильиннің ақпарынша, жексенбіде 95 жол бөлігі жабылды: республикалық маңыздағы 61 (Нұр-Сұлтан және Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары) және 34 облыстық маңыздағы жолдар жабылған, алты өңірде құрамына ІІМ өкілдері, ҚР Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық гвардияның өкілдері кірген штаб тәулік бойы жұмыс жасауда.
«Нұр-Сұлтан маңында қазір адамдарды іздестіру және құтқару жұмыстары жүргізілуде, жалпы өткен тәулікте 750-ден астам адам құтқарылып, 1,5 мың көлік құралы қар құрсауынан шығарылған. Қар құрсауында шамамен 500 көлік қалып отыр, қар тазаланбайынша оларды эвакуациялау мүмкін болмай тұр. Біз ЖО бөлімшелерін жұмысқа тартып жатырмыз. Тәулік бойы күрделі метеорологиялық жағдай сақталады деп күтіліп отыр, сондықтан жолға шықпауға кеңес береміз. Жағдай бақылауда, қар құрсауында қалу салдарынан адамдардың үсіп кету немесе мерт болу деректері тіркелген жоқ», - деп атап өтті Ильин.

adimage