«Су тасқыны болған өңірлерде баспана салынып бітті ме?» Министр жауап берді
Үкімет отырысының баспасөз мәслихатында өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев су тасқыны болған өңірлерде тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды El.kz.
Оның айтуынша, қазіргі таңда Батыс Қазақстанда 775 үй, Ақмола облысында 331 үй, Ақтөбе облысында 504 үй, Атырау облысында 100 үй салынып жатыр.
«Құрылыстың 80%-ын 1 қыркүйекте аяқтаймыз деп отырмыз. Ал бірнеше нысанның құрылысы қыркүйектің 15-20-сына дейін созылуы мүмкін. Бірақ біздің басты мақсатымыз қыркүйек айының соңына дейін бұл жұмыстарды толық аяқтау», – деді министр.
Министрдің мәлімдеуінше, су тасқыны бойынша зардап шеккен қазақстандықтар қыс түскенге дейін баспанамен толық қамтылады.
«Алтын әкеліп, Әнұранды шырқатсаң да жақпайсың»: Ерке Есмахан жағымсыз пікір айтатындар жайлы сөз қозғады
Әнші Ерке Есмахан әлеуметтік желіде «Халық хейтке жатып алған. Адамдарға неге дым ұнамайды?», деген оқырманының сұрағына жауап берді, деп хабарлайды Aikyn.kz.
Өнер иесінің айтуынша, қоғамда жағымсыз пікір айтатындар көбейіп кеткен.
«Қазір отырсаң опақ, тұрсаң сопақсың. Неге қасында, неге артында деп кез келген нәрсені іліп кете береді екен. Бұл елге алтын әкеліп, елдің атын шығарып, Әнұранды шырқатсаң да жақпайсың», – дейді әнші.
Әнші айтылып жатқан түрлі әңгімеге, хейтке немесе біреудің сөзіне мән бермеуге шақырады.
«Өз спортшыларымызды дайындау керек»: Серік Сәпиев легионер спортшыларға қатысты пікір білдірді
Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев елордада Париж Олимпиадасының бокстан күміс жүлдегері Нұрбек Оралбайды қарсы алу сәтінде әлемдік додаларда еліміздің намысын қорғайтын шетелдік спортшыларды сатып алуға қатысты ойын айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz.
«Легионерлер бойынша бұл әр мемлекетте бар практика. Әр елде легионерлерге көңілі көншімейтіндер табылады. Әрине, өз спортшыларымызды дайындауымыз керек. Қажет жағдайда шетелден тәжірибелі жаттықтырушыларды тартып, олардан үйреніп, өз спортшыларымызды даярлау қажет», - деді ол.
«Дикий Арман» өзіне ақпараттық шабуыл жасалып жатқанын алға тартып, Тоқаевтан сот процесін ашық өткізуді сұрады
«Дикий Арман» лақап атымен белгілі Арман Жұмагелдиев өзіне қатысты сот процесін ашық өткізу туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа өтініш жасады. Бұл туралы Алматыда өткен баспасөз конференциясында оның адвокаттары мәлімдеді, деп хабарлайды «Курсив».
Адвокат Елена Жигаленок «ұйымдасқан қылмыстық топ құру» ісі бойынша күдікке ілінген Жұмагелдиевтің ашық хатын оқыды.
«Президент пен Қазақстан халқына құқық қорғау органдары маған қатысты жасап жатқан ақпараттық шабуылына байланысты жүгінемін. «Қантар күндері тәртіпсіздік ұйымдастыруға тырысқан» деген әңгіме тарауда. Олар қылмыстық істерді бұрмалап, мені, мемлекет пен бейбіт халықты қорғаған патриоттарды жамандау амалдарын жасауда», – делінген хатта.
Күдікті өз хатында өзіне жасалған ақпараттық шабуылды тоқтату үшін сот процесін ашық өткізу керек екенін айтты.
«Өкінішке орай, прокурорлар мен жәбірленушілер соттың жабық болуын сұрады. Алайда халық кімнің батыр, кімнің қорқақ екенін біледі. Мен ұялатын ештеңе жоқ — керісінше! Ең қиын уақытта заңның жағында болып, өз елімді қорғағанымды мақтан тұтамын. Президент Қаңтардағы аласапыран туралы бәрін біліп, дәлелдерімді тыңдап, Арманның сатқын емес екендігін түсінеді деген үміттемін. Бар шындықты ашу үшін сотымды ашық өткізуді сұраймын», – делінген хатта.
Фото көзі: instagram/erke_esmahan