Судың «қара» нарығы: Жамбыл облысы «Қазсушар» филиалында бірқатар бұзушылықтар анықталды

Тараз. 17 маусым. ҚазТАГ – Жамбыл облысы «Қазсушар» филиалында бірқатар бұзушылықтар анықталды, деп хабарлады су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметінен.
«Министрліктің Ішкі аудит департаменті «Қазсушар» филиалдарына жоспардан тыс тексеріс жүргізеді. Министрдің тапсырмасы бойынша кешенді аудит Жамбыл облысынан басталды. Оның нәтижесінде келісімшарт жасау және су ресурстарын басқару бойынша құқық бұзушылықтар анықталды», – делінген хабарда.
Аудит барысында су ресурстарын заңсыз пайдаланудың 10-ға жуық фактісі анықталды. Мәселен, Жамбыл ауданында филиалмен келісімшартқа отырмай, 70 гектарға жуық алқапты суару үшін су сорғысын орнату арқылы су алудың 2 фактісі тіркелді. Шу ауданында да 90 гектарға жуық жерді суару үшін суды заңсыз пайдаланудың 2 оқиғасы анықталды.
«Суару маусымында карьерге заңсыз жиналған судың көлемі кемінде 15 млн текше метр, бұл шамамен 13 млн теңге. Тексеріс кезінде 5 су сорғысы орнатылғаны белгілі болды», – деп хабарлады су министрлігінен.
Суармалы су беру жөніндегі келісімшарттарда филиал берілетін су көлемін жасанды түрде азайтып көрсеткені белгілі болды. Мысалы, өткен жылы филиал мен шаруа қожалығы арасында 200 га алқапта пияз өсіру үшін арналар арқылы 2,7 млн текше метр су беруге келісімшарт жасалған. Алайда, бекітілген үлестік нормаға сүйенсек, 200 га пияз алқабын суару үшін 3,1 млн текше метр су қажет..
«Осылайша, филиал су шығынын 0,4 млн текше метрге аз көрсеткен Салдарынан, тек 2023 жылы 25 млн текше метрден астам су көлемі азайтылған. Өз кезегінде каналдарға берілген су мен шаруаларға жеткізілген су арасындағы айырмашылық шығын ретінде көрсетілген. Сондай-ақ, былтыр Жамбыл ауданында филиалмен жасалған келісімшарттарда дақылдар бойынша су тұтынудың үлестік нормалары асыра көрсетілген», – деп түсіндірді ведомство.
Аудиторлар бірнеше шаруа қожалықтарының атынан бір ғана жеке тұлғамен келісімшарт жасалғанын анықтады, бұл заңсыз іс-әрекет.
«Суды заңсыз пайдаланудың барлық анықталған фактілері бойынша материалдар уәкілетті органдарға жіберіледі. Сонымен қатар, министр еліміздің барлық аймақтарында суару маусымында су пайдалануды бақылауды күшейтуді тапсырды», – деп атап өтті ресми өкіл Мөлдір Әбдуалиева.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Жоғары аудиторлық палата жүргізген тексерістердің қорытындысы бойынша заң бұзушылыққа жол берген «Қазсушардың» басшылық лауазымдағы 5 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылған болатын.

adimage