Астана. 13 маусым. ҚазТАГ - Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі болып қайта құрылсын, деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз қызметінен.
«Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 5) тармақшасына, «Қазақстан Республикасының Президентi туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 17-1-бабына сәйкес мемлекеттік қызмет жүйесін және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды одан әрі жетілдіру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН: (...) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Қазақстан Республикасының Президентiне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік орган ретінде Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) болып қайта құрылсын. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) сыбайлас жемқорлық қылмыстық құқық бұзушылықтарын анықтауды, жолын кесуді, ашуды және тергеуді жүзеге асыратын құқық қорғау органы болып табылады деп белгіленсін», - делінген бейсенбіде Ақорда сайтында жарияланған жарлықта.
Сондай-ақ, Тоқаев Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі деп қайта атау туралы қаулы етті.
«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызмет және мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасының сақталуын бақылау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган болып табылады деп белгіленсін», - делінген құжатта.
Аталмыш жарлық қол қойылған сәттен бастап күшіне енеді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі болып қайта құрылды
