ҚСЗИ директоры Болат СҰЛТАНОВ: ҚАЗАҚСТАНҒА КҮШТІ КӨРШІЛЕР МЕН ӘЛЕУМЕТТІК ӘДІЛДІК ҚАЖЕТ

 

Алматы. 28 желтоқсан. ҚазТАГ – Мәдина Әлімханова. Қазақстанға қаржылық дағдарысқа қарсы тұру үшін күшті көршілер керек, ал ел ішіндегі тұрақтылықты сақтау үшін әлеуметтік әділдікті сақтау қажет, деп есептейді ҚР президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) директоры Болат Сұлтанов. Ол ҚазТАГ агенттігіне берген сұхбатында Қазақстан қандай проблемаларға ұшырауы мүмкіндігі жайлы және біздің елімізге тыныш және тұрақты өмір сүруі үшін не қажет екендігі  туралы айтып берді.

 

- Болат Қылышбайұлы, қазір дағдарыстың екінші толқыны келе жатқандығы туралы көп айтылады. Ол болжамның орындалу ықтималдығы қанша және Қазақстан оған қарсы тұруға дайын ба?

 

- Бізде 98-ші жылғы Азия дағдарысы болды, одан соң 10 жыл өткенде әлемдік дағдарыс келіп, оны әрең дегенде еңсердік. Егер әдетте дағдарыстар арасында 10 жыл болса, қазір біз бір дағдарыстан шықпай жатып, екінші дағдарыстың иіріміне кіріп кету алдында тұрмыз.

Бәрін анықтайтын осы, себебі әлемдегі ақшалай масса көбейіп келеді, және біз қазір әлемдік қаржылық-экономикалық сахнада мемлекеттер емес, трансұлттық корпорациялар негізгі рөл атқаратын жағдайға жеттік. Олар қандай да мемлекеттің, қандай да халықтың мүддесін мойындамайды, өзінің саясатын жүргізеді. Трансұлттық корпорациялардың эгоизмі қазір біз көріп отырған сүргіндерге соқтыруда. Егер бұрындары ғаламдау үдерістеріне байланысты, шекараның жойылуына байланысты мемлекет рөлін қысқарту керек деген үрдіс басым болса, өткен дағдарыс оқиғалары күшті мемлекеттік рөлдің қажеттігін көрсетті. Себебі халықтың мүддесін қорғайтын ұлттық мемлекет болып табылады.

 

- Қазір болып жатқан интеграциялық үрдістер – ол дағдарыстан қорғану ма, әлде біздің экономикамызға төнген қауіп па?

 

- Қазақстан да, Ресей де дамушы мемлекеттер болып табылады. Оларда мұнай мен газ қорлары көп және наноиндустрияға қажет сирек кездесетін металдар қоры бай. Сондықтан біз Ресеймен бір қайықтамыз және индустриалдық-инновациялық серпіліс жасап, шикізаттық мемлекет рангінен шығу әрекетіндеміз. Сондықтан бізге Ресеймен бөлісетін ешнәрсе жоқ, біз бірлесіп бір командада «ойнауымыз» керек. Бізге Ресейдің күшті дамыған мемлекет болғаны тиімді. Бізге Қытайдың да дамыған күшті мемлекет болғаны тиімді. Сол кезде біз осы мемлекеттермен көрші ел ретінде өзімізді жақсы сезінетін боламыз.

Сондықтан мен Ресей және Беларусиямен одаққа кіргенімізді қалаймын, енді оған Украина кірсе тіпті жақсы болар еді. Мен ШЫҰ аясында Қытаймен де тығыз қарым қатынаста болғанымызды қалаймын.

Ол әскри-саяси, сауда – экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық болуы тиіс. Осындай аймақтық ұйымдар көп болған сайын әлемдік әр түрлі дағдарыстарға қарсы тұру мүмкіндігі де жоғарлай түседі.

 

- Резервтік қорда қазір мүмкін боларлық қаржылық дағдарысқа қарсы тұрарлық қаражат жеткілікті. Егер біз әлсіздеу мемлекеттерге қолдау көрсететін болсақ, ол біздің дағдарыстың жаңа толқынына қарсы тұру қабілетімізді әлсіретпей ма?  

 

- Бір жағынан біз Ресей және Беларусьпен ынтымақтастыққа мүдделіміз, бірақ сонымен қатар Қырғызстанмен ынтымақтасудың қажеті бар ма деген қауіп бар. Иә, ол бізден қосымша қаржылық ресурстарды қажет етіп, ол үлкен шыдамдылықты қажет етеді. Бірақ егер біздің көршіміз әлсіз, дамушы мемлекет болса, олар біздің территориямызға қаптаған тонаушылар мен қылмыскерлерді жіберіп отырса, ал біздің қылмыскерлер сонда қашып кетіп отырса, жағдай мәз болмас еді. Сондықтан барлық минустарда да плюс болатыны - біз Қырғызстанның тұрақты, күшті, басқарылатын мемлекетке айналуында.  

Қырғызстан мен Тәжікстан тауда орналасқан екі республика және Орта Азияның екі үлкен өзендері - Әмудария мен Сырдария сол таулардан бастау алатынын ұмытпаңыздар. Сондықтан Қырғызстандағы проблемалар қазақстандықтардың да проблемасы деуге болады. Жалғыз амал – бауырлас қырғыз халқына көмектесу. Егер онда саяси вакуум пайда болса, онда оның немен тынатыны белгісіз. Егер онда билікке наркомафия өкілдері немесе радикалдық ислам қайраткерлері келсе, онда жағдай мүлдем нашар болады.

 

- Әдетте, жаппай тәртіпсіздіктердің, революцияның т.б. астарында сыртқы күштер тұрады деген пікір бар. Біздің елімізге осындай қауіп төніп тұрған жоқ па?

 

- Әдетте ондай сілкіністерде ондай күштер іздерін білдірмей кететіндігі соншама, мысалы, қазірдің өзінде, 100 жыл өтсе де Ленинді билікке кім әкелгенін – қарапайым халық па әлде германияның барлау күштері ма екенін дәлелдеу мүмкін емес...  

Мен мұндай оқиғаларда ішкісаяси және сыртқы саяси факторлардың сәйкес келуі бар деп есептеймін. Былтырғы Фукусимо атом электр стансасындағы апатты еске алыңызшы. Бірден энергетика саласында дағдарыс басталып, атом электр стансаларының құрылыстары тоқтатылып, мұнай мен газ бағасы күрт өсті. Халықаралық сарапшылардың мәліметтерінше, алдағы 25 жылда қуат көзінің негізі мұнай мен газ болмақшы. Қараңызшы, соңғы революциялардың барлығы қайда орын алуда? Мұнай өндіруші мемлекеттерде – Парсы шығанағы, Ливия, Сирия, немесе мұнай құбырлары өтетін елдерде орын алуда.

Қазір Каспий теңізінде ірі мұнай және газ резервуарларының бірі орналасқан, бүгінгі күні барлық елдер ғылымды қажет ететін өндірістерді дамытуға мүдделі болғандықтан, Каспий теңізіне назар күшейетін болады, ал ғылымды қажет ететін өндірістер электр қуатынсыз ойға қонымсыз. Электр қуатын мұнай мен газдан өндіруге болады. Каспий теңізіне деген назар осыдан. Ол жерде кім бар? Иран, Түркменстан, Қазақстан, Ресей және Әзербайжан. Бұл елдердегі жағдайға қарасаңыз, Каспий шахмат тақтасында ойын бастамақ болып отырғандардың ішкі саяси тұрақсыздандыру әрекеттерін, бұл елдерге тікелей әскери басып кіру қауіптерін көруге болады.

 

- Биылғы жылы Қазақстан экстремизм мен терроризм құбылыстарымен бетпе-бет келді. Бұл жерде бір байланыс бар ма?

 

- Экстремизмді жоқ жерден іздемеңіздер. Бізде кез-келген қылмыстық әрекетті экстремизм, терроризм және т.б. деп атай салады. Терроризм - халықты қорқыту мақсатымен белгілі-бір әрекеттер жасау, жарылыс жасау, адамдарды өлтіру. Бізде экстремизмнің өршуі жоқ, әлеуметтік әділдіктің бұзылуынан наразылықтың өршуі бар деп ойлаймын.

Әлеуметтік әділдік ЖОО-ға байланыстары бар адам емес, жақсы оқитын адам түссе болады. Ағасы бас дәрігер болып істейтін адам емес, мұқтаж адам медициналық көмек алуға тиіс. Пәтер де көкесі әкімдікте істейтін адамға емес, мұқтаж адамға берілуге тиіс. Адамдарды осы ашуландырады.

Осыған байланысты қазір мәре сызығына шыққан партиялардың бәрі бар назарларын осыған шоғырландыруға тиіс. Мен кірістерді декларациялауды және дәулеттілікке салық енгізуді қолдаймын. Егер сенің екі қабатты жеке үйің, «Майбах» көлігің болса, дәулеттілігің үшін салық төлеуге тиіссің, ал ол ақшаны көп балалы аналарға, мүгедектерге, ақша таба алмайтындарға үлестіру керек. Осындай әділ бөлі қазіргі биліктің беделін бірден көтеретін еді.

 

- Айтпақшы, билік туралы. 2012 жылдың алғашқы маңызды оқиғасы мәжіліс пен мәслихат сайлауы болады. Қазақстан үшін қандай партиялық-саяси жүйе ең тиімді?

 

- Мен сайлауға бойкот жариялауға шақыратындарды түсінбеймін. Бұл не саяси банкроттар, не сайлауда қолдарынан түк те келмейтіндер, осы себепті олар ойыны нашар болса, жақсы мина жасайды.

Бізге парламент керек және оң орталықпен бірге жалдамалы еңбек өкілдерінің мүдделерін білдіретін мықты, беделді солшыл партия болатын партиялық-саяси жүйе керек. Бізге коммунистік идеология керек емес, бізге кәдімгі әлеуметтік-демократиялық идеология керек. Солшыл орталықтың ондай партиясы қайта жандандырылған кәсіподақ қозғалысына тірелуге тиіс. Бұл модельдің президенттің республикадан президенттік-парламенттің республикаға көшу жағдайында қалыптасатынын ескеру қажет.

Яғни, «Нұр Отан» партиясының оң орталыққа тартатын оң қанаты болуға тиіс, ал сол қанаты жалдамалы еңбек өкілдеріне тартады, социалистік және социал-демократиялық партия солшыл, коммунистік партия одан бетер солшыл болуға тиіс.

Өкінішке орай, бізде ұлттық талаптар қоятын партиялар мен қоғамдық ұйымдар көп. Олар бір этносты ғана қорғайды. Дамыған елдердің бәрі осыдан өткен, біз де осы аурумен ауыруға тиіспіз деп есептеймін.

 

- Бұл қоғамдағы күрделілікті өршіте түспей ме?

 

- Кеңес заманында «Революция - тарих локомотиві» деген ұран болған. Алайда 91-ші жылғы тамыздағы оқиға Ресейде 93-ші жылғы қазандағы Ақ үйді атқылауға алып келді.

Солтүстік Африкада, Тунисте, Ливия мен Мысырда не болып жатқанын қараңыз. Адамдар өздерінің материалдық әл-ауқатын жақсартуды талап етті, ал енді олардың материалдық жағдайы бірнеше есе төмендеп кетті, енді оны төңкеріске дейінгі кезеңге көтеру үшін жылдар, тіпті ондаған жылдар керек.

Жаңаөзенде болған оқиға радикалды әрекеттерге барудың салдары қандай болатынын көрсетіп берді.

Қазір халықтың ойын жаулап алғысы келіп жатқан саяси партиялардың лидерлері ондай әрекеттердің ықтимал салдарын жақсы түсінуге тиіс деп ойлаймын.

Бізде билікке халықтың мүдделері қызықтырмайтын адамдар ұмтылып жатқан жағдай болып жатыр. Жақында мен мынадай анекдот оқыдым: «Көшеде қолына кірпіш ұстаған бойжеткен келе жатыр. Оған бәрі жол берген, тіпті трамвайлар да. Жиірек күліңіз». Біздің кейбір саяси қайраткерлеріміз де осы бойжеткен сияқты. Бірақ кейбіреулері кірпішті қойындарына жасырған, ал кейбіреулері қолдарына ұстап та жүре береді. Сайлаушылардың дені оларды қолдамайтыны сөзсіз, өйткені халық тыныш, бейбіт өмірді қалайды.

 

- Сұхбатыңызға рахмет!


adimage