Түркістан қаласы жиһаз орталығына айналады

Түркістан. 6 тамыз. ҚазТАГ - Облыс орталығы атанған киелі шаһарда бүгінде «Азия бренд» (ИП-Абишев), «Grand mix» ЖШС, «Cordial Turkestan» кәсіпорындары қарқынды жұмыс жасауда.
2013 жылы шағын ғана цехтан басталған «Азия бренд» (ИП-Абишев) мекемесінде бүгінде 60-тан астам адам еңбек етеді. Цехта жиһаздарға қажетті шикізатты әрлеу өнімдері де осы жерде дайындалады. Жылдық өнімділігі – 10 мың дана жиһаз топтамасын өндіруге қауқарлы. Сондай-ақ, бүгінде жиһаз топтамасына қажетті қосалқы бөлшектер мен материалдардың 80 пайызы жеке кәсіпкер өзі дайындауда.
Бұрындары Ташкент, Қытай елдерініне тасымалданған өнімдерді енді цехта өндіріп, өндірістің тиімділігін арттырып, баға тұрақтылығын сақтап отыр.
Қазір фабрикадағы жұмыстың 80-90 пайызы автоматтандырылған. Цехтағы жұмыстар италияндық станоктар көмегімен жүргізілуде. Өнімнің сапасын жақсартып, көлемін арттыру үшін кәсіпорын қызметкерлері шетелдік мамандардан тәжірибе алмастырып отырады. Кәсіпкерліктің іргесін кеңейткен бұл кәсіпорыннан шыққан өнімдерге деген сұраныс та жоғары. Арнайы тапсырыспен алдыратындар да бар.
Сонымен қатар, Түркістан қалалық индустриалды аймағының құрамындағы «Grand mix» ЖШС ағаш жиһаз шығаратын цехтан күніне 100-ден аса жиһаз шығарылып Қазақстанның түкпір-түкпіріне жеткізіледі. «Grand mix» ЖШС басшысы Камалжан Юлдашевтың айтуынша, бұл кәсіпті бастауда біраз жүрексінген екен.
«Кәсіпкер ретінде іс бастағаныма 20 жыл уақыт болды. Индустриалды аймаққа кіргелі инфрақұрылыммен қамтамасыз етілдік. Мемлекеттен 500 миллион теңге несие алдық. Қытайдан арнайы құрылғылар сатып әкелінді. Жыл сайын сапа артып, тұтынушылар саны көбеюде. Біздің сайтымызға тұтынушылар тарапынан өтініштер жіберіледі. Күніне орташа есепте 30 тонна жиһаз тасымалданады. Алматы, Шымкент қалаларына ай сайын 80 миллион теңгелік тапсырыстар береді», - дейді цех басшысы.
Ал «Cordial Turkestan»» кәсіпорны ортопедиялық матрас, паралон және жұмсақ жихаз шығарумен айналысады. Кәсіпорын басшысы Ходжаахмед Исматуллаевтың айтуынша, бұл кәсіпкерлік нысан 2017 жылы желтоқсан айында индустриалды аймақта ашылды. Кәсіпорын аумағы 3,7 га құрайы. Қазір 2 га игеруге жұмыстар жүргізіп жатыр. Индустриалды аймақта техникалық жайлылық бар. Жарық, су тартып әуре болмайды. Көптеген кәсіпорындар шоғырланғандықтан барлық фактор ескерілген. Техникалық себеппен төтенше жағдайлардың болу ықтималдығы төмен.
«Осыдан 15 жыл бұрын Түркиядан жиһаз жеткізуден бастадым. Астана, Ташкент қалаларында дүкендеріміз орналасқан. Италия мен Швециядан ортопедиялық матрац алып келеміз. Бірақ бұл тасымал өзіміз матрац жасап шығарғанға дейін жалғасады.
Біз матрацты әлемнің бесінші елі болып өндіріп бастаймыз. Азияда кеңінен экспорттауға мүмкіндік бар. Жиһаз өндірісі маусымдық бизнес. Ал матрац уақыт талғамайды. Бизнесте әрқашан трендте. Еуропадан қымбат бағаға келеді. Біз арзанырақ бағаласақ сұраныс көлемі артады», - дейді кәсіпорын басшысы.

adimage