Түркістан қаласына ерекше мәртебе беріледі

    Түркістан. 30 мамыр. ҚазТАГ- Түркістан қаласына ерекше мәртебе беріледі, деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.
    «Премьер-министр Олжас Бектенов "Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы" заң жобасын парламент мәжілісінің қарауына енгізу туралы қаулыға қол қойды»,- делінген бейсенбі күнгі хабарламада.
    Құжат Түркістанның Қазақстанның рухани-мәдени және тарихи орталығы ретінде қалыптасуы мен дамуының, сондай-ақ оның мемлекеттік маңызын танудың құқықтық негіздерін белгілейді.
Заңның қабылдануы қаланың тарихи-мәдени маңызы бар ескерткіштері мен объектілерін, оның ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бүкіләлемдік мұра объектісі ретіндегі қорғау аумағында орналасқан ескерткіштерді, басқарудың, сақтаудың, олардың тұтастығын қолдаудың оңтайлы жүйесін құруға мүмкіндік береді.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бірегейлігін сақтау, оның айналасында бөтен құрылыс элементтеріне, көше желілерін өзгертуге жол бермеу мақсатында тарихи орталықтың құрылысын реттеу аймағында биіктігі 7 метрден асатын, сондай-ақ тарихи ескерткіштермен ауқымы, түсі және құрылыс материалдарымен үйлеспейтін объектілердің құрылысына жол берілмейді.
   «Жалпы Түркістан қаласының тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау және қорғау үшін әрбір объектіге тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы заңнамаға сәйкес олардың қорғау аймақтары белгіленеді.
    Бұдан бөлек, қаланың бас жоспарына енгізілетін тарихи-сәулет тірек жоспарлары мен тарихи-мәдени мұра объектілерінің тиісті жергілікті жердің карта-схемалары жасалады. Бұл ретте қала аумағында тарихи-мәдени мұра объектілеріне қауіп төндіретін құрылыс, шаруашылық қызметті жүргізуге тыйым салынады»,- деп қосты үкімет.
   Сондай-ақ премьер-министр Олжас Бектенов "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын мәжіліс қарауына енгізу туралы қаулыға қол қойды.

adimage