Түркістан мен Алматы арасында туристік пойыз жүретін болады

Алматы. 10 қазан. ҚазТАГ - Түркістан мен Алматы арасында туристік пойыз жүретін болады, деп хабарлады Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінен.  
«Қараша айынан бастап Алматы мен Түркістан қалалары арасында туристік пойыз бағытын ашпақшымыз. Екіншіден, өзім басқаратын «Тұран.тв» телеарнасы арқылы Түркістан облысы мен Түркістан қаласының көрікті, шежірелі орындары туралы бейнематериалдар, репортаждар, фильмдер әзірлейміз», - деді   «Тұран экспресс» компаниясы мен «Тұран.тв» телеарнасының бас директоры Роман Ботабеков облыс әкімі Жансейіт Түймебаевпен кездесуде.  
Осыған орай, бүгін «Тұран экспресс» компаниясы мен Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, туризм және сыртқы байланыстар басқармасы және ішкі саясат басқармасы арасында әріптестік және іскерлік байланыс жөнінде меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар, аталған басқармалар мен «Тұран.тв» телеарнасы арасында да меморандум жасалды.
Түркістан мен Алматы арасындағы жүрдек пойыз жұма және жексенбі күндері жүреді.  
«Саяхатшы жолаушылар қонақ үй іздемей, осы пойызда тынығып, Түркістанды екі күн аралайды. Әзірше бұл пойыз аптасына 4 рет жүргізілсе, келешекте күн сайын сапарға шығады деген жоспар бар», - делінген хабарда.
Сонымен қатар, «Тұран экспресс» компаниясы Түркістан мен Шымкент қалалары арасында күн сайын қатынайтын пойыз бағытын ашуды да қолға алмақшы.  
Бүгінде «Тұран экспресс» компаниясының иелігінде заман талабына сай 100-ден астам вагон бар..

adimage